«Ғылым ордасында» ҰҒА Төралқасының ұйымдастыруымен Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауын талқылауға арналған отырыс өтті.
Президенттің халыққа арнаған Жолдауы еліміздің алдағы дамуына жаңа серпін беріп, алға қойған міндеттерді тиімді жүзеге асыруға ықпал етеді. Президенттің Жолдауы Ата заңымызда көрсетілгендей «Әлеуметтік мемлекет» статусына сәйкес, қарапайым халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жаңашыл бастамалар мен бағдарларға негізделген.
Жиынға Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов жетекшілік етіп, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты.
Ғалымдар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерде ғылыми кеңістіктің мүмкіндіктері сөз болды. Осы орайда ҚазҰАЗУ ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Т.Есполов Президенттің саяси реформалар жөніндегі Жолдауы ел дамуына тың серпін беретінін атап өтсе, Экономика институтының директоры, ҰҒА академигі Ә.Сатыбалдин «Президент Қ.К.Тоқаевтың жолдауы – еліміздегі экономикалық және саяси қайта құрулар мен Жаңа Қазақстан бағдарламасын жүзеге асырудың негізі» тақырыбына баяндама жасады. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі З.Қабылдинов «Жаңа Қазақстан және оның жаңа әкімшілік-аумақтық құрылымына» талдау жасап, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Мәсімханұлы Жолдауды Қазақстанның жаңа беталысын айқындаған құжат деп атап өтті.
Қазіргідей күрделі кезеңде Президент еліміздің болашағын нақты бағамдап, Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыруға серпін береді. Мемлекет басшысы азаматтық белсенділікті жандандыру керегін, мемлекет пен қоғамның саналы əрі сындарлы серіктестігіне жол ашу қажеттігін баса айтты. Айтылған реформалардың ауқымы кең, мазмұны терең. Онда билік тармақтарының өкілеттігінен бастап, азаматтардың құқығын қорғауға дейінгі барлық мəселе қамтылған.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы ауқымы жағынан еліміздің саяси дамуының жаңа кезеңі іспетті. Бұл – ел алдында тұрған сынақтарға мемлекеттің берген жауабы деп айтуға болады. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз – барлық адамға тең мүмкіндік беру, экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды жою, елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты азаматтық қоғамы бар тиімді əрі өркениетті мемлекет құру.
Жолдауда жыл басындағы оқиғаларға нақты құқықтық баға беріліп, қайғылы оқиғаға қатысы барлардың ешқайсысы жазасыз қалмайтыны баса айтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізді одан əрі демократияландыру бағдары жалғаса беретініне назар аударып, қоғамдық-саяси саладағы ауқымды жəне жүйелі реформалар топтамасын ұсынды. Бұл жаңа бастамалар еліміздің қазіргі саяси жүйесін түбегейлі қайта жаңғыртып, оның ашықтығын, есептілігін жəне тиімділігін арттыра түседі.
Дөңгелек үстел жұмысына қалалық әкімдік қызметкерлері, ҰҒА мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҒЗИ, БАҚ өкілдері қатысты.
АЛМАТЫ