• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 25 Наурыз, 2022

Зайнутдинов үздіктер қатарында

173 рет
көрсетілді

Таяуда немістердің Transfermarkt сайты бұрынғы КСРО құрамында болған мемлекеттердің арасындағы шабуыл өтінде жүретін ең құнды жартылай қорғаушыларының рейтингін жариялады. Бұл тізімде қазақстандық Бақтиер Зайнутдинов та бар.

2 сәуірде 24 жасқа толғалы отырған Тараз футбол мектебінің түлегі ең бағалы футболшылардың рейтингінде 10-орынды иеленген. Transfermarkt сайтының мәліметінше, қазіргі кезде Мәскеудің ЦСКА клубында өнер көрсетіп жүрген жерлесіміздің трансферлік құны 4 млн еуроны құрайды. Естеріңізге сала кетейік, Бақтиер Зайнутдинов өзінің спорттық мансабын «Таразда» бастады. 2018 жылы «Астанаға» ауысса, келесі маусымды Ресей Премьер-лигасындағы «Ростовта» өткізді. 2020 жылы ол ЦСКА-ның жей­десін киді. Сондай-ақ Зайнутдинов Қазақстанның ұлттық құрамасы сапында 21 рет жасыл алаңға шығып, 9 голдың авторы атанды.

Ал ең құнды жартылай қорғаушылардың көшін Руслан Малиновский бастап тұр. Бұл күндері Италияның А сериясында «Аталантаның» намысын қорғап жүрген 28 жастағы Украинаның Житомир қаласының тумасы 30 млн еуроға ба­ға­ланған. Екінші орында – Александр Головин. 25 жастағы ресейлік футболшы 2018 жылдан бері Францияның «Монако» клубының намысын қорғауда. Оның құны – 25 млн еуро. Үшінші сатыға Ресейдің тағы бір өкілі Алексей Миранчук жайғасты. 26 жастағы «Аталанта» ойыншысының бағасы 11 млн еуро шамасында.

Сонымен қатар «ТОП-10» жартылай қорғаушылар тізімінде Генрих Мхитарян (Армения, «Рома», 10 млн), Лукас Селараян (Армения, «Коламбус Крю», 8 млн), Рифат Жемалетдинов (Ресей, «Локомотив», 7,5 млн), Антон Миранчук (Ресей, «Локомотив», 7,5 млн), Виталий Буяльский (Украина, «Динамо», Киев, 7 млн) және Ильзат Ахметов (Ресей, ЦСКА, Мәскеу, 4,5 млн) сынды саңлақтар бар.