Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы мамыр айында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында жалауы желбірейтін 85-ші әлем чемпионатының бағдарламасына аздаған өзгеріс енгізгенін мәлімдеді.
Атап айтқанда, IIHF әлем біріншілігінің А және В тобында орналасқан Ресей мен Беларусь құрамаларын саяси жағдайға байланысты жарыстан ресми түрде шеттетіп, аталған екі елдің орнына Франция және Аустрия хоккейшілерін біріншілікке қатыстыратын болды. Ал басқа ережелер өз күшінде қалды. Яғни чемпионат қорытындысы бойынша екі топта соңғы орын алған екі команда әдеттегідей IA дивизионына түседі.
Осылайша, әлем чемпионатының А тобында Қазақстан құрамасы Канада, Германия, Швейцария, Словакия, Дания, Италия және Франция командаларымен ойнайтын болды. Ал В тобында Финляндия, АҚШ, Чехия, Швеция, Латвия, Норвегия, Ұлыбритания және Аустрия құрамалары өнер көрсетеді.
Айта кетейік, шайбалы хоккейден ересектер арасындағы әлем чемпионаты мамырдың 13-29 аралығында Финляндияның «Хартвалл-арена» және «Нокиа Арена» мұзайдындарында өтеді.