Қарағанды облысының Көкпекті ауылында болған су тасқынынан зардап шеккен отбасыларын қолдау қорына ERG компаниясы 150 млн. теңге көмек қаржы аударды. Бұл туралы «Хабар» телеарнасы хабарлады.
Аталған компания мұнан өзге кенді аймақта бірнеше әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 600 млн.теңге бөлетін болды. Жалпы, еліміздегі ең ірі компаниялардың бірі ENRC-нің акцияларын сатып алған ERG компаниясы әлеуметтік жауапкершілікке баса мән беріп келеді. Биылғы жылдың өзінде олар еліміздің төрт бірдей өңірімен, яғни, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Қарағанды облыстарының әкімдігімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Сөйтіп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 4 млрд. 500 млн.теңге бөлетін болды. Осының 600 млн. теңгесі Қарағанды өндірісіне жұмсалады.
Тағы бір жағымды жаңалық, биылғы жылы Қарқаралы қаласындағы мүгедектерді оңалту орталығын күрделі жөндеуге 135 млн, ал облыстық оңалту орталығына жаңа қондырғылар алу үшін 50 млн. теңге бөлінбек. Сонымен бірге, Түгескен және Ынтымақ ауылдарындағы мектептерді күрделі жөндеуге 48 млн. теңге қарастырылып отыр. Бұған қоса, облыстағы өнер адамдары мен спортшыларды қолдауға және бірнеше елді мекеннің инфрақұрылымын жаңартуға қаржы бөлінетін болды.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «Хабар» телеарнасы.
Фото: www. Kapital.kz.