Алматының жанға жайлы қоңыр күзінің орта тұсында үш ер-азамат осындағы соғыс ардагерлеріне арналған госпитальдың бір бөлмесінде басымыз тоқайласа қалды. Таныстық барысында соның бірі Чернобыль апатын ауыздықтауға қатысқанын тілге тиек етсе, екіншісі «ауғандықпын» деп қысқа қайырды. Ал біз пақырыңыз Семей ядролық сынақ полигонының эпицентрінен едік.
Бір сөз кезегінде өмірдің алтыншы асуынан асыңқырағанмен, өңінің әрі кете қоймаған келбеті келіскен әлгі «ауғандыққа» «онда интернационалист жауынгер болдың ғой» деп қалғанбыз. «Жоқ, – деді ол бірден әңгіменің тоқетеріне көшіп, – мен диверсантпын. Мұны бұрын айтуға болмаса, кешегі қызыл империя құлағаннан бергі жерде жасырып, жабатын құпия қалмады десе де болады».
Ол солай дей келіп, бір сәт үнсіз отырып қалды. Содан соң біздің сансыз сауалымызға аптықпай орнықты мінезбен жауап бере бастаған. Яғни бұлар ауған жерінде аз-кемі жоқ он жылға созылған соғыстың бастауында болыпты. Ал ол соғыс Ауғанстанның сол кездегі басшысы Хафизулла Аминнің резиденциясына шабуылмен басталғанын біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Біздің кейіпкеріміз Айдархан Дауылбаев осы шабуылдың сарай ішінде болған мұсылмандар батальонының бел ортасынан табылыпты.
Айдарханның жасынан спорттың бокс, парашют түрімен айналысқаны, әскер қатарына алынған соң мылтық атумен түбегейлі шұғылданғаны, соның нәтижесінде, өкінішке қарай, сол шақта бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, мылтық атудан спорт шеберлігіне кандидат, ал парашют спортынан бірінші разряд дәрежесіне қол жеткізуі баққа емес, сорға жетелеп әкелгендей. Яғни кешегі ауыл баласы үлкенді-кішілі мемлекеттер арасындағы үлкен саясаттың құрбандығына шалынып кете жаздаған. Айдархан әскер қатарынан енді елге қайтуға жинақталып жатқан шақта өз басының алты аласы, бес бересі жоқ ауған еліне аттанып кете барса, солай демегенде не дерсің!
Осы орайда әңгімені шолақ қайырмай сәл әріден бастасақ дейміз. Айдарханның қазіргі Алматы облысының Сарқан ауданындағы бұрынғы Пролетар, бүгінгі Бірлікті ауылының тумасы екендігін, әкесі Адам аға атына сай бойы мен ойы жағынан да көзге бірден түсетін азамат ретінде кезінде әскери борышын Мәскеу Кремліндегі коменданттық взводта бастап, осында офицер дәрежесіне көтерілгенін, сол аяулы әке ықпалымен небәрі жеті жасынан бокспен айналысқанын айтқанымыз жөн болар. Осындағы бокс секциясын ашып жүргізген, өзінен жеті жас үлкендігі бар жиені Жұмабек Боранғазиевтің қол астында жеті жылдан астам уақыт жаттығып, күш жинап шыныға түскен. Соның айғағындай, оқушылардың аудандық, облыстық спартакиадаларында жеңімпаз атанып, жасөспірімдер арасында бірінші разрядқа қол жеткізді.
Сегіз жылдықты бітірген соң Айдархан одан кейінгі жерде іргедегі Ақсу ауылындағы құрылыс техникумына келіп түседі. Бір қызығы, аталған техникум алдымен аудан орталығы Жансүгіровке, одан кейін Талдықорған қаласына көшіріледі. Бұл екі аралықта бозбала Айдархан өзінің сүйікті жаттықтырушысы Валерий Цойдың баптауымен бокстан техникалық оқу орындары арасында өткен республикалық біріншілікте чемпион атанып, спорт шеберлігіне кандидат дәрежесіне қол жеткізеді. Бұдан кейінгі жерде де жолы ашылып, 1977 жылы Талдықорғандағы педагогика институтының дене тәрбиесі факультетіне студент болып қабылданады. Ол осы кезде бокспен қоса парашют спортымен де айналыса бастайды. Ал арада бір жыл өтпей жатып бокстан жастар арасында өткен республикалық спартакиадада чемпиондық тұғырға көтеріледі.
Сол жылы әскер қатарына шақырылып, Шығыс Қазақстан облысындағы Ахмерово поселкесіндегі спорт ротасына жіберіледі. Жоғарыда айтқандай, жігітке жеті өнер де аз дегендей, мұнда ол бокспен бірге спорттың парашют және мылтық ату түрімен де белсенді түрде айналысады. Бокстан алдымен әскери бөлім, одан соң дивизия, ақыр соңында округ чемпионы атанады. Соңғысында чемпиондық медальды сол шақта Орта Азия әскери округі қолбасшысының бірінші орынбасары, Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовтің қолынан алады. Сол жолы ол спорт шебері атанады.
1978 жылдың жазында мұның өмір жолын мүлдем басқа арнаға бұрып жіберген оқиғалар қат-қабат жалғасып жатты. Яғни округ чемпионы ретінде Айдархан енді Мәскеу облысындағы аудан орталығы Балашиха қаласындағы әскерилердің Орталық спорт клубының базасында жаттыға бастайды. Бұл енді айтатыны жоқ, үлкен спортқа ашылған ақ жол еді. Осындағы іріктеу жарысында атақты боксшы Дмитрий Нарышкинді айқын басымдылықпен ұтқан оның жолы шындығында биік асуларға бастаған. Бұдан кейін ол бірден әскерилердің Орталық клубының құрама командасына қабылданады да, Балтық жағалауларында өтіп жатқан ірі жарыстарға жолдама алады. Осындай жарыстар барысында Айдархан өзін «комитетчиктер», яғни мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің қырағы бақылауына алғанын, әрине білген жоқ. Құрама сапында арқа, аяқ қолыңды уқалап, шипа жасаумен айналысатындардан жас жігіт қайтіп күдіктене қойсын!
Сонымен Кеңес Одағы Қарулы Күштерінің бокстан өткен біріншілігінде финалға дейін жеткен Василий Лакатушты ұтты. Бұдан басқа Беларусь, Қиыр Шығыс әскери округтерінің штабы орналасқан Минск, Красноярск қалаларында болып, ондағы жан беріп, жан алысқан іріктеу сайыстарының бәрінде жеңістің биік тұғырынан көріне білді. Соның бәрі қосыла келгенде сол шақта Кеңес Одағының сенімді серіктерінің бірі болып табылатын Польшаның астанасында Варшава шартының құрамындағы мүдделес мемлекеттердің әскери құрамаларының боксшылары арасында өткен әлем біріншілігі іспеттес додалы сайысқа жол ашқан. Осындай дүбірлі додада финалға шыққан Айдархан шешуші айқаста Микола Патрик деген поляк азаматын үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңеді. Мұның халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленетіні де осы кез.
Енді 1979 жылдың қараша айының ортасында бұл әскер қатарынан босап, елге қайтуы керек еді. Айдархан алдағы уақытта өзін үлкен сайыстар күтіп тұрғанына сенімді еді. Арада жыл өткенде бокстан Мәскеу Олимпиадасының жүлдегері атанған жерлесі Серік Қонақбаевты өзінің шаршы алаңдағы ұстазы Василий Цойдың ағасы жаттықтырғанын айтсақ, өстіп армандаса несі айып?!
Өкінішке қарай, адамның басы Алланың добы деген сөз бар. Осы тұста мұны көзден таса қылмай соңына түскен әлгі «комитетчиктер» шақырып алып, «сен енді офицерлер құрамын дайындайтын курста оқуға әбден лайықсың, сені алда үлкен болашақ күтіп тұр» дей келіп, айтқандарына еріксіз көндіреді. Әрине, сол шақта Айдархан осымен өзінің болашақ спорттағы сара жолына нүкте қойылатынын білген жоқ еді. Сөйтсе бұл курсқа бұған дейін үлкен спортта шыңдалып, шыныққан болашақ диверсанттар жинақталған екен ғой. Осылайша, 1979 жылдың соңынан бастап небәрі үш-төрт айға созылған қат-қабат оқиғалар атағы жарып, спортсүйер қауымға кеңінен таныла бастаған жиырмадағы жас жігіттің тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрып жіберген-ді.
Рас, арада көп уақыт өтпей жатып курс директоры, полковник Григорий Бояринов бұларды алда ыстық нүкте күтіп тұрғанын жеткізген. Соған орай бұлардың әрқайсысынан құпиялылықты сақтау жөнінде қолхат алған. Болашақ диверсанттар Балашихада қазан, қараша айларында оқып, жаттығудан өткен соң Айдарханға кіші лейтенант шені берілген.
Айдархандарды бұдан соң Ташкенттің маңындағы Шыршыққа, жаңадан құрылып жатқан «мұсылмандар батальонына» алып келген. Осында өткен аз уақыт ішінде бұлар әдеттегі әскери жаттығулармен бірге, әскери басшылардың қатаң талабымен намазға жығылды, парсы тілін үйренді. Мұнда олармен бірге кейінде ауған соғысында «қара майор» деген лақап атпен аты аңызға айналған Борис Керімбаев бірге оқыды. Холбаев, Ашуров, Сақатов сынды тәжірибелі офицерлердің тәрбиесін көріп, темірдей қатты сынағынан өтті. «Мұсылмандар батальонының» командирлігіне өзбек азаматы, майор Хабиджан Холбаев тағайындалды. Айдархан топ командирі Сақатовтың орынбасары болып бекітілді. Тегінде ол «мұсылмандар батальонына» «комитетчиктер» тарапынан қосылған еді. Батальон құрамасы ұлты тәжік, өзбек және қазақ азаматтарынан жасақталды. Бес жүзден астам сарбаз бен сардардан тұратын құраманың әскери дайындығы мен қару-жарақ жағынан да қапысы жоқ еді. Айдарханның аты енді Абдулқасым болып өзгертілді. Желтоқсан айының басында Мәскеуден баяғы Бояринов ұшып келді.
1979 жылдың 7 желтоқсанында мұздай құрсанған «мұсылмандар батальоны» арнайы ұшақтармен Кабулдың солтүстік жағындағы алпыс шақырым жердегі Баграм қаласының түбіндегі авиабазаға ауған елінің үкіметтік әскерін жаттықтырады деген желеумен жеткізілген-ді. Ауған Үкіметінің әскери жасақтарының киімін киіп шыға келген жауынгерлер 13 желтоқсанда халық арасында – Амин, ал ресми түрде Тәж-Бек сарайы деп аталатын мұздай құрсанған Үкімет үйінің маңына келіп жайғасты. Айдархан-Абдулқасымға тездетіп ағасы үкіметтік әскер құрамындағы жоғары шенді офицердің қарындасымен тездетіп танысу міндеті жүктелді. Кескін келбеті келіскен Айдархан өзіне жүктелген бұл міндетті тездетіп орындағаны соншалық, екі жас бірін-бірі ұнатып қалады. Соның арқасында батальон басшылығына құнды ақпараттар жеткізіледі. 27 желтоқсан күні Аминге у беріп, өлтірілуге тиіс еді. Оның реті келмеген соң сол күні «Шторм-333» деген атпен Кабулдағы Үкімет резиденциясына шабуыл сәтті аяқталып, Хафизулла Амин өлтіріледі.
Осы орайда Кеңес Одағы Ауғанстанның ішкі саясатына сонау Сталин заманынан бастап араласа бастағанын айта кеткеніміз жөн. Соның айғағындай, 1927 және 1938 жылдары Орта Азия, оның ішінде негізінен қазақтардан құралған мұсылман батальоны Ауғанстанға екі рет кіргізілген. Бір жақсысы сол тұста қызыл империя тек осымен шектелген. Бірақ аңдыған жау алмай қоймайды дегендей, бертінде мұның соңы Кеңес Одағының сойылын соққан Таракидің ауған өкіметінің басына келуімен аяқталады. Бірақ бұл коммунистік жүйе үшін түпкілікті жеңіс емес еді. Яғни Америкада оқыған және солардың көмегіне сүйенген Амин Таракидің түбіне жетіп, билікті өз қолына алады. Ал оған әлемдік билікке ұмтылған Кеңес Одағы басшыларының еш көнгісі жоқ еді. Жабық есік жағдайында өткен КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросы мүшелерінің аз ғана тобының шешімімен алдымен Аминнің көзін құртып, сонсоң ауған еліне әскер кіргізу туралы шешім қабылданады.
Енді Амин сарайына шабуылдың жай-жапсарына қысқаша тоқталсақ, ол 27 желтоқсанға белгіленген екен. Жоғарыда айтқандай, кеңестік жүйенің ықпалымен өкімет басына келген Таракиді өлтіріп, билікті өз қолына алған және онымен шектелмей Америка жағымен құпия келісімге келе бастаған Аминнің көзін құрту операциясы Кремль шешімімен жүзеге асырылады. Бұл операция небәрі 45 минуттың ішінде жүзеге асырылыпты. Кейінде мұны біреулер тек әскерилерге телісе, енді біреулер «комитетчиктердің» рөлін асыра бағалап жатты. Ал Айдархан болса, Үкімет резиденциясының ішіндегі қанды қасапқа тікелей қатысқан «мұсылмандар батальонының» рөлі кейін төмендетіліп көрсетілді яки ұмыт қалдырылды дейді. Соның салдарынан Одақ тараған соң бұлар біразға дейін түрлі жеңілдіктерден құр қалыпты. Әйтеуір, кейін Ресей архивінен мұның Амин резиденциясына шабуылға қатысып, қатты жараланғаны анықталады да, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандармен теңестіріліп, түрлі жеңілдіктерді иелене бастайды. Баяғы Бояриновке келетін болсақ, резиденция ішінде оққа ұшқан оған артынан Кеңес Одағының Батыры атағы беріліпті. Біздің негізгі кейіпкеріміз Айдархан Дауылбаев болса Қызыл Жұлдыз орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Айдархан: «Біздің батальоннан резиденцияға шабуыл кезінде жеті адам оққа ұшты, 36 адам жарақат алды. Ал мұны қалай елемеуге болады» дей келіп, үлкенді-кішілі соғыстың бәрі үлкен саясаттың кесірі екендігін, қатардағы сарбаздардың бұған еш кінәсі жоқ екендігін жаны күйзеле отырып баяндаған. Расында ауған жерінде одан әріде он жылға созылған соғысқа тікелей кінәлілер ар жазасынан оңай құтылып кетті. Осы соғыс салдарынан спорттағы жетістіктеріне біржола нүкте қойылған Айдарханнан кім кешірім сұрапты?! Амин сарайына шабуыл кезінде елеулі жарақат алған ол спортпен біржола қоштасқан. Оның сыртында бұған уәде етілген әскери жарқын болашағы да сөз жүзінде қалып, ешкімге керексіз жағадағы жалғыз қайықтың күйін кешкен.
Рас, үш-төрт ай хабарсыз кеткен Айдарханның елге аман-есен келгеніне жақын-жуығы ерекше қуанған. Бірақ от пен оқтың ортасынан келген жиырмадағы жігіт ешкімге ештеңе айта алмаған. Оған қақысы да жоқ еді. Біраз жыл Ресей жағында, нақтылап айтқанда, Кузбасста жұмыс істеді. Соның аралығында Талдықорғандағы педагогика институтын сырттай оқып бітіріп алды. Сөйтіп жүргенде 1986 жылдың желтоқсан айында елге, Алматыға келген соң өзіне жазықсыз киліккен екі әпербақан әскериді ұрып жығатыны, содан күйіп кете жаздап құтылып шығатыны өз алдына бір әңгіме.
Бір жақсысы Айдархан өмірден өз орнын табады. Кезінде шаршы алаңда жеңілістің ащы дәмін татпай кетсе, енді үлкен спортта бокстан халықаралық дәрежедегі төреші ретінде жарқырап көзге ілінеді. Мұның сыртында «Черный аист» деп аталатын патриоттық спорт клубының вице-президенті ретінде жастарды әскер қатарына дайындау сияқты игілікті іспен түбегейлі айналысып келеді.
Айдархан тағдырдың жазуымен екі рет үйленген. Құдай берген бес баланың ардақты әкесі. «Ең бастысы, үлкен келініңіз бен кіші келініңіз тату, араласып тұрады» дей келіп, олардың бас түйістіріп түскен суретін маған ерекше бір мақтанышпен көрсеткен. Айдархан Алматыда екі отбасын да үй-жаймен қамтамасыз еткен. Қыздарының бірі бүгінде Мәскеуде тұрады. Ұлының бірі шекарашы болса, қалған балалары да әкелерінің қамқорлығымен өмірден өз орнын табуға тырысып жүр.
Әңгіме соңында бүгінде әлем жұртшылығының назарындағы ауған мәселесіне тағы бір қайыра оралған. «Кеңес Одағы басшыларының талабымен Аминнің көзі құртылған соң, оның орнына тағы да қызыл империяның ықпалымен Бабрак Кармаль жайғасты. Бірақ Кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылған соң ол да отандастары тарапынан ажал құшты. Ал күні кеше Америка жағы өз әскерін бұл елден алып кеткеннен кейінгі жағдайды өздеріңіз де білесіздер. Менің жеке пікірім сол, әр ел өз мәселесін өзі шешуі керек. Бұлай дегенде мен бүгінгі күні ауған елінің басшылығына келіп отырған талибандарды қолдаудан аулақпын. Олардың ел басындағы сан жылдарға созылған әуре-сарсаңды қалай реттейтінін уақыт көрсете жатар. Қалай болғанда да, сырт елдің басқа елге ықпалы өміршең еместігін көріп отырмыз ғой» дейді біздің кейіпкеріміз.
Бүгінгі күні жасы алпыстың асқаралы асуынан асып, ақыл тоқтатқан кешегі диверсанттың сөзіне біздің де алып, қосарымыз жоқ!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Алматы