Соңғы кезде қауіпсіздік шаралары жеңілдеп, әлемді екі жыл әуреге салған пандемия аяқталғандай әсер қалдырады. Алайда індет жұқтырғандар мен вирустың жаңа штамы туралы хабарлар толастамай тұр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен аптада бүкіл әлемде 12 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Індет негізінен Азия елдерінде таралып жатқаны айтылды. Оңтүстік Корея мен Қытайда соңғы аптада індет жұқтырғандар саны айтарлықтай өскен. Қытай билігі 30-ға жуық аймақта stealth omicron штамымен сырқаттанушылықтың көрсеткіші өршігені туралы хабарлады. Қытайдың ірі қалалары – Шанхай мен Шеньян карантинге жабылып, толық локдаун жарияланды. Соған қарамастан, бүкіл әлемде қауіпсіздік шаралары жеңілдей бастады. Мәселен, Оңтүстік Корея COVID-19 таралуына байланысты тоқтатылған визасыз режімді алып тастады. Қазір 46 елдің азаматы елге кіре алады. Олар 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап қысқа мерзімде визасыз жүруге құқылы. Келушілер Оңтүстік Кореяда үзіліссіз 60 күннен аспайтын мерзімде қала алады. Алайда туризм үшін елге кіруге әлі тыйым салынған: оқуға, емделуге немесе шұғыл гуманитарлық мақсаттарға баруға ғана рұқсат етіледі.
Вирустың жаңа штамы туралы солтүстіктегі көршіміз Ресей дабыл қақты. Коронавирустың жаңа штамы Ресейдің барлық аймағында анықталды және оның таралу аймағы өсіп жатқаны хабарланды. «Роспотребнадзордың» мәліметінше, stealth omicron тұрақты артып келеді. Мәселен, Ресейдің орталық бөлігінде анықталған барлық жаңа жағдайдың жартысынан көбі – «омикронның» осы нұсқасы. Сонымен қатар ғалымдардың айтуынша, індет күрт өспеуі де мүмкін. Өйткені халықтың көп бөлігі вакцина салдырған немесе коронавируспен ауырғаннан кейін иммунитеті қалыптасқан.
Бүкіл әлемде індеттің қайта өрши бастағаны байқалып, Ұлыбритания мен Еуропаның кейбір бөліктерінде ахуал өзгеріп, Қытай мен Гонконгта екі жылдан астам уақыт ішінде індеттің ең жоғары көрсеткіші тіркеліп жатқанда, осыған дейін вирусты аса ауыр өткізген Үндістан секілді елдердің жағдайы не болады деген сұрақтар пайда бола бастады. Мамандар Үндістан індеттің төртінші толқынына дайындалуы керек пе деп алаңдайды. Дегенмен қазір елдегі ахуал тұрақты, ал қазір әлем елдерінде таралып жатқан «омикрон» штамы Үндістанда қыста өтіп кеткені айтылды.
Індет басталғалы қатаң шаралар қабылдаған елдердің бірі Жаңа Зеландия болды. Елде COVID-19 шектеулерін едәуір жеңілдетуге дайын екендігі айтыла бастады. Премьер-министр Джакинда Ардерн мұны «ел үшін жаңа бастау» деп атады. Негізгі өзгерістерге сыртта маскадан бас тарту және кейбір салаларда жұмысқа орналасу үшін вакцинаға қойылатын талаптарды жеңілдету жатады. Алайда халық ел үкіметінің қатаң шараларына риза емес екенін айтып, көшеге шығып, наразылығын білдірді.
Жақында Қазақстанда да сәуірден бастап ғимарат ішінде маска тағу міндетті емес екені хабарланды. Осылайша, тұрғындар бұрынғы қалыпты өміріне қайта оралып жатыр. Қоғамдық орындарда ірі іс-шаралар да кедергісіз өтіп, Наурыз мейрамы қала орталықтарында кеңінен аталып өткенін айта кету керек.
Жалпы, ДДҰ мәліметі бойынша әлем бойынша 476 миллионнан астам адам індет жұқтырған және 6 миллионнан астам адам қайтыс болған. Індет жұқтырғандар саны бір тәулікте 1 608 935-ке, қайтыс болғандар 5 143-ке өскен. Індеттің ең көп расталған жағдайлары АҚШ-та тіркелген – 79 139 385. Одан кейінгі сатыда Үндістан (43 016 372), Бразилия (29 729 991), Франция (23 903 547) және Ұлыбритания (20 613 821) тұр. Өлімге әкелген жағдайлар да АҚШ-та көп болды – 967 905, екінші – Бразилия (657 998), үшінші орында Үндістан (516 755).
Індет толығымен жойылмай, әлем елдері пандемиямен «қоштасуға» дайын ба? Елдер үкіметтері қауіпсіздік шараларын жеңілдеткенімен, адамзат қалыпты өмірге бірден қайта қоймасы анық. Дегенмен пандемия мен вирусқа қатысты көзқарас өзгеріп, дайындық артқаны белгілі.