• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Наурыз, 2022

Құрылыстың «қамқа тоны»

319 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында құрылыс саласындағы екпіннің қарқын алып тұрғанын бұдан бұрын да бірнеше мәрте айтқанбыз. Мысалы, өткен жылдың 9 айында 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Ал биыл 662 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Тұрғын үй құрылысы осынша қарқынмен жүріп жатқанда, оған қажетті материалдардың өзімізде жасап шығарылатыны да бір есептен дәтке қуат. Бұған нақты дәлел ретінде Шахтинск қаласындағы пенопласт материалын өндірумен айналысатын кәсіпорынды айтуға болады.

Жалпы, қытымыр қысы алты айға созылатын Арқа төсінде салынатын үйлердің бірінші кезекте жылы болмағына баса назар аударылады. Осы орайда, жылуды жақсы ұстайтын пенопласт материалының аталған бағыттағы маңызы мен тиімділігі зор. Бұл өнім жаңа ғимараттардың құрылысында пайдаланылады. Сонымен бірге пенопласт материалы жылу оқшаулағыш плиталар жасау, полистирол бетонын өндіру үшін кеңінен қолданылады.

Айта берсе, пенопластың әмбебап қасиет­тері көп. Мысалы, бұл өнім құрылыс индус­триясында жылу өткізгіштігі мен дыбыс оқшау­лай алатыны үшін жоғары бағаланады. Соны­мен қатар материал беріктігімен де ерекшел­е­неді. Сондықтан да аса танымал және жиі қол­данылатын пенопластқа деген сұраныс қазіргі уақытта еліміз бойынша өте зор болып тұр.

Біз әңгіме қылып отырған кәсіпорынның басшысы, жеке кәсіпкер Сергей Матюхин пенопласт өндірумен 2000-жылдардың басынан бері айналысып келеді.

– Оған дейін наубайхана, жүк тасымалдау сияқты бизнес түр­лерін кәсіп еттім. Сөйтіп жүріп, құрылыс саласына аса қажетті пенопласт өндірумен айналыссам ба деген ой келді. Содан бос қалған көкөніс базасын сатып алдым да, инженерлік коммуникацияларды қалпына келтіріп, желі сатып алдым. Өндірісті 2007 жылы іске қостым. Бірақ ол кезде құрылыс қазіргідей қызу жүре қоймаған еді: алғашқы екі жыл минуспен жұмыс істеуге тура келді. Біртін­деп сұраныс өсе бастады. Ал 2010 жылы пайдаға шықтық. Әртүрлі қиындықтар кездескенімен, қазіргі уақытта ісіміз оңға басып тұр, – дейді ол.

Пенопласт өндіру күрделі үдерістен тұра­ды: бұл жұмыстардың барлығы автомат­тан­дырылған. Әуелі шикізат арнайы агрегатқа салынады. Одан әрі полистирол түйіршіктері көбіктеніп, көлемін ұлғайтады. Машина көмейінен шыққан аппақ пенопласт блоктары бірден кептіруге апарылады. Материал біраз уақыт жатқан соң, арнайы сым ішектері бар станокпен түрлі өлшемдер бойынша кесіледі. Ал дайын өнім тұтынушыға жалпақ плита немесе домалақ түйіршіктер түрінде жеткізіледі.

Қазіргі таңда кәсіпорында 25-ке жуық адам жұмыс істейді. Жаз айларына қарай құрылыс материалдарына деген сұраныс артқанда, қосымша жұмысшылар қабылданады. Және бұл бағытта жергілікті тұрғындарға басымдық беріледі.

Шахтинск қаласындағы аталған кәсіп­орынның басты тұтынушысының бірі – облыс­та қабырғалары жылытылған үйлер салатын құрылыс комбинаты. Сонымен қатар бұл қат өнім еліміздің басқа да өңірлеріне арнайы жүк көліктерімен жеткізіледі.

Қазіргі таңда кәсіпорын дамудың даңғылына түскен. Жүктеме ұлғайған сайын, жаңа желі қосып отыру да жоспарда бар. Осы орайда өндірісті ұлғайту мақсатында жеке кәсіпкер Сергей Матюхиннің «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауды сәтті пайдаланып жүргенін де айта кеткен ләзім.

 

 

Қарағанды облысы,

Шахтинск қаласы