• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Наурыз, 2022

Жеңімпаздар жылнамасы

437 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда еліміздің спорт­тық бағыттағы оқу орындары әдістеме­лік және хрес­то­матиялық оқу құ­­рал­да­рына, жеңімпаз спортшы­лар мен білікті бапкерлер туралы қо­сымша оқу-әдістемелік кешен­дерге сусап отыр. Респуб­ли­ка­ның осы саладағы арнаулы білім ошақтарында Қазақстан спортының тарихына қатысты арнайы оқулықтардың болмауы – жанға бататын өте өзекті мәселе.

Қазақ спортының тарихы тәуелсіздік мұратына сай түгенделмесе, қажетті оқу құралдары даярланбаса, спортшы жастардың тарихи жады қалай қалыптаспақ, олар рухани жағынан қалай жетілмек? Өз саласының тарихын білмейтін спортшылар мен бапкерлер кейінгі толқынға, жас буынға қандай тәлім бермек?..

Белгілі спорт тарихшысы, қаламгер Қыдырбек Рысбектің 2021 жылдың соңында жарық көрген «Қазақтың 90 бапкері» атты сүбелі де маңызды еңбегі осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Алаш жұртының әйгілі, ардақты бапкерлері туралы танымдық зерттеу ұлт тарихы үшін қашанда құнды болып қалары сөзсіз. Сонау 90-жылдардың екінші жартысында «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары» атты деректі кітаптарын оқыр­манға ұсын­ған Қы­дырбек Әділбекұлының ұзақ уақыт қалтарыста қалған бапкерлерді арнайы қарастыруы – кезін­де бастаған ғылыми жо­басының жалғасы және «ақтаңдақтарды» қалпына келтіру деп ұқтық.

Егер спорт дүниесін асқар тауға теңесек, сол таудың көзге көрінбейтін іргесі, асқақ шыңдарды алапат дауылдарда шайқалтпай, нық ұстап тұратын тірегі, діңгегі – бапкерлер дер едік. Спортшы білікті бапкерге жолықпаса, жүз жерден дарынды, жүз жерден ақылды, жүз жерден күшті болса да Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының ұшар басына шыға алмайды. Себебі кез келген жарыс пен бәйгеде бабы келіскен, даярлығы кемел жүйрік озады. Қазіргі спорт сайыс­тарында білімді, табанды әрі мінезді бапкерсіз діттеген биікке жету мүмкін емес. Қазіргі спорт саласы – ғылыммен қаруланған күрес майданы.

Осы кітапқа енген 90 майталман жаттықтырушы – шәкірттері үшін уақытпен санаспай бейнет кешкен ардагер азаматтар. Олардың қай-қайсысы да елге танымал, жұрт сыйлаған ірі тұлғалар. Шоқыр Бөлтекұлы, Октябрь Жарылғапов, Заң­ғар Жәркешев, Қабден Байдосов, Қазбек Байболов, Ораз Қаңлыбаев, Темірхан Досмұхамбетов, Әбдісалан Нұрмаханов, Кеңес Омаров, Едіге Жаров, Диқанбай Биткөзов, Марат Жақыт, Керей Қойшыбек, Аманкелді Мұсабеков, Батырбек Сей­сенбаев, Мәдіғали Қар­сы­беков, Асылбек Құлмағам­бетов, Тұрсынғали Еділов, Мырзағали Айтжанов, Марат Жақиев, Нұрлан Ақүрпеков, Ғалымжан Жыл­­гелдиев... Тізе берсек, қа­зақтың батырлық тарихын жасауға білек сыбанып, бел шеше кіріскен жүздеген маманды атауға болады.

Қадірлі оқырман, бұл еңбек «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының» тікелей қолдауымен жарық көрді. Қазақ спортының жетпіс бес жылдық тарихын қамтыған кітаптың оқырманға жетуіне атсалысқан азаматтарға ал­ғы­сымыз зор. Ең қуа­ныш­тысы, бұл еңбекке ұл­ты­мыздың жеңімпаздық тарихын жасаған нағыз бі­лікті, нағыз еңбекқор әрі қа­рапайым жандар енді. Сол себепті де әр бапкердің ғұ­мырбаянына өткен сайын оқырман рухани тұрғыдан да, мемлекетшілдік тұрғыдан да байып отырады.

Еңбектің қадамы құтты, тәлімі баян­ды болғай!

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты