Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясында сырт алаңда Молдова құрамасымен кездесіп, «С» лигасындағы орнын сақтап қалуға мүмкіндік беретін матчтың алғашқы ойынында жеңіске жетті. Кишиневтегі 11 мыңға жуық жанкүйер сыятын «Зимбру» стадионында өткен ойын 2:1 есебімен жерлестеріміздің пайдасына аяқталды.
Ұлттар лигасы турнирінің былтырғы маусымында Қазақстан және Молдова құрамалары «С» лигасында аса сәтсіз өнер көрсетіп, өз топтарында соңғы орынға жайғасқан болатын. Сондықтан екі елдің ұлттық құрамалары жоғары топтағы өз орындарын сақтап қалу үшін електік кездесу өткізіп жатыр. Жарыс ережесі бойынша «С» лигасының төрт тобында соңғы орын алған төрт ұжымның екеуі «D» лигасына сырғып, екеуі өз орнын сақтап қалуға тырысады. Өйткені «D» лигасында бар болғаны екі топ болғандықтан, «С» лигасына тек екі ғана жеңімпаз құрама көтеріледі. «С» лигасындағы орнын сақтап қалу үшін бұл күндері Қазақстан мен Молдовадан бөлек, Кипр және Эстония құрамалары да бақ сынауда.
Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстан мен Молдова құрамалары осы күнге дейін жасыл алаңда бес мәрте кездессе де, ешқашан ресми матч өткізіп көрмеген. Себебі өткен бес ойынның бәрі де жолдастық кездесу аясында ұйымдастырылған болатын. Сөйтіп екі құрама футболшылары 24 наурызда бірінші рет бір-бірімен ресми матч өткізді. Абырой болғанда бұл ойын Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды. Сонымен қатар осы кездесу аясында бірқатар «бірінші» деген статистикаға да куә болдық. Атап айтқанда, бұл матч екі құраманың бас бапкерлері үшін өз ұлттық құрамаларындағы бірінші ресми ойын болды. Молдованың бас бапкері Сергей Клещенко 2021 жылдың желтоқсан айында ұлттық құраманың тізгінін ұстаған болса, Андрей Карпович бірер апта бұрын ғана Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалған еді. Жерлестеріміз 2020 жылдың қыркүйегінен бері (Литва – Қазақстан – 0:2) бірінші рет сырт алаңда жеңіске жетті. Ал өз алаңымызда жеңіс тойын тойламағанымызға үш жылға жуықтап қалды. Ең кейінгі рет біздің футболшылар 2019 жылдың жазында Сан-Марино құрамасынан 4:0 есебімен басым түскен еді. Сондай-ақ ұлттық құрама сапында 53-ші ойынын өткізген қорғаушы Сергей Малый күні кеше Молдова қақпасына өзінің Қазақстан құрамасы жейдесіндегі бірінші голын соқты.
Кишиневтегі кездесуге тоқталар болсақ, матчтың алғашқы минуттарында алаң иелері айтарлықтай басымдыққа ие болып, біздің қақпамыздың маңында біраз қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Қарымта шабуылға иек артқан Қазақстан құрамасы футболшыларының ойынның жетінші минутында-ақ есепті ашатын тамаша мүмкіндігі болған еді. Алайда 14-ші нөмірде ойнайтын жерлесіміз Владислав Васильевтің бір қорғаушыны алдап, шірене тепкен добы қақпадан сәл ғана биік кетті. Бұл – Андрей Карпович шәкірттерінің бірінші таймда жасаған жалғыз қауіпті шабуылы болды. Есесіне, алаң қожайындары Игорь Шацкий қорғаған қақпаны торуылдаумен болды. Кездесудің 39-минутында қақпашымыз әуедегі допты қағып алу сәтінде қателесіп, доп молдовалық шабуылшы Ион Николаескудің басына дәл келе қалды. Бос қалған қақпаға еніп бара жатқан допты қорғаушы Александр Марочкин дәл сызықтың үстінен қайтарып үлгерді. Дегенмен бірінші тайм аяқталар тұста қорғаушылардың қателігін тиімді пайдаланған Николаеску бәрібір өз атын таблоға жаздарды – 1:0.
Екінші таймда алаңға Думан Нәрзілдаевтың орнына Айбол Әбікенді шығарған А.Карпович ойынға аздаған тактикалық өзгеріс енгізді. Нәтижесінде, кездесудің 63-минутында жерлестеріміз таразы басын теңестірді. Владислав Васильевтің айып алаңына әуелете асырған пасына бойшаң қорғаушымыз Сергей Малый бірінші жетіп, баспен қарсылас команданың қақпасын дәл көздеді –1:1.
Арада 16 минут өткенде Қазақстан құрамасы есепте алға шығып алды. 79-минутта Игорь Шацкийдің асырған добына Роман Муртазаев бірінші жетіп, Бақтиер Зайнутдиновке тамаша пас шығарып берді. Мәскеулік ЦСКА клубының жартылай қорғаушысының айып алаңы ішінен қақпаға қарай тепкен добын қорғаушы Вячеслав Посмак кері қайтарам деп, абайсызда өз қақпасына гол соғып алды – 1:2. Ойынның соңғы минуттарында Айбар Жақсылықовта есепті еселейтін тамаша мүмкіндік болғанымен, шабуылшымыз ұрымтал тұста мүлт кетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы сырт алаңда 1:2 есебімен жеңіске жетті. Екі құрама арасындағы қарымта кездесу ертең елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді.
– Баршаңызға жеңіс құтты болсын дегім келеді. Біз күткендей, қиын әрі тартысты матч болды. Дайындық кезінде пысықтаған дүниелеріміз өз септігін тигізді. Молдова өз алаңында жанкүйерлерінің қолдауына ие болды. Қарсылас команда сапында шебер ойыншылар көп болғандықтан, олар бұл матчтың фавориті саналды. Өте мықты қарсыласпен болған ойында жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Бірақ бұл нәтижені ұмытуға тура келеді. Себебі барлығы Нұр-Сұлтанда өтетін қарымта кездесуде шешіледі. Ол жақта да бізді қиын матч күтіп тұр. Біз өз кезегімізде дайындықты күшейтіп, ойынымызды жақсартуымыз қажет, – деді матчтан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович.