Бүгін, 2 сәуір күні Назарбаев Университетінде «Тұрақты дамуға қолдау көрсету» орталығы қоғамдық қоры Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, «Білім үдерісіндегі интерактивті оқыту жүйесінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады.
Дөңгелек үстелге Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, аталған ведомствоның стратегиялық жоспарлау және инновациялық технологиялар департаменті директорының орынбасары Алмас Ашабаев, осы бағыттағы пилоттық жобаларды жүзеге асырушылар, білім саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және бірқатар мектептердің басшылары қатысты.
Жиынға қатысушылар қазіргідей ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, интернеттің жақындауы адамзатты жаңа дәуірге бастап бара жатқанын айта келе, кез келген мемлекеттің қарыштап дамуы адами құндылықтармен, адами капиталдың сапасымен өлшенетініне тоқталды. Сондықтан, бұл күні сөз алған қатысушылардың ойы: «smart, яғни ақылды қоғам – бұл ғаламдық үрдіс, сондықтан бұл үрдіс білім және оқу жүйесінің даму деңгейіне байланысты»,- дегенге сайды.
Қазақстанда жаңа технологияларды білім үдерісіне енгізу мәселесі Қазақстан Президентінің 2010 жылдың 7 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының білім жүйесін 2011-2020 жылдар аралығында дамыту» мемлекеттік бағдарламасын мақұлдағаннан кейін жан-жақты көтеріле бастаған еді. Бұл ұлттық деңгейде «E-Learning» электронды оқыту жүйесінің жүзеге асырылуына алғышарт болғанын атап өткен жөн.
Ләйла Еділқызы.
Дереккөз: Egemen.kz.
Фото: www. Mln.kz.