Әлемдік геосаяси жағдайдың ушығуы Қазақстанға да салқынын тигізіп жатыр. Азық-түлік бағасының қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі осыған дәлел.
Қазір Үкімет ішкі нарықты қажетті өнімдермен қамтамасыз ету және жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін жұмыс істеп жатыр. Президенттің Үкіметке халықтың әл-ауқатын арттыруды, ал Ұлттық банкке қаржылық тұрақтылықты орнатуды тапсырғаны белгілі. Осындай қысылтаяң сәтте халықаралық резервтің қажеттілігі және тұрақтылығы ерекше маңызға ие болмақ. Ақпанның басында біздің елдің халықаралық резерві 33,4 млрд долларды құраған. Бұл сома 2020 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 13,8 пайызға көп.
«COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарысқа қарамастан Қазақстанның алтын-валюта қоры айтарлықтай көбейген. Күрделі экономикалық кезеңде алтын-валюта қоры экономиканың негізгі құтқарушысы болып саналады. Мұндай қор 2012-2013 жылдардағы әлемдік дағдарыс кезінде ахуалды ретке келтіру үшін қолданылды. Ал 2014 жылғы «санкциялық» дағдарыстан кейін теңге курсын тұрақтандыру мақсатындағы интервенцияға пайдаланылды. Дәл сол кезеңде қор рекордтық мәнде төмендеді, жалпы 2012 жылдан бері азая бастаған еді. Интервенцияның басым бөлігі 2014-2015 жылдары жасалды. Ол кезде нетто-сатылым 22,4 млрд және 12,7 млрд долларды құраған еді», деп жазады Ranking.
Соңғы уақытта алтын-валюта қорында алтын үлесі арта түскен. Егер 2013 жылдың қаңтарында халықаралық резервтегі басым үлесті шетелдік валютадағы активтер иеленіп, алтын үлесі небәрі 23,3 пайыз болса, қазіргі жағдай 2013 жылға мүлде қарама-қайшы деуге болады.
Ranking мәліметінше, 2022 жылдың қаңтар айында алтын үлесі 66,4 пайызға жеткен. Аса құнды алтынды дағдарыс сәтіндегі стратегиялық актив деп бағалауға болады. Оның үстіне, сарапшылар алдағы уақытта алтын бағасы тек қана өсе береді деп болжайды. Қазір бұл аса құнды металдың 1 унциясы 1,9 мың долларға бағаланады және бұл – рекордтық көрсеткіш. 2016 жылдың қаңтарында алтынның бір унциясы 1 мың долларға ғана бағаланушы еді. Ал 2000 жылдардың бас кезінде тіпті 300 доллардан аспаған.
«Қазіргі қиын ахуалды ескерер болсақ, портфель құрамында алтын үлесін арттыру саясаты өте оңтайлы болмақ. Резервті негізінен алтынмен жасақтау қазір жаппай белең алуда. Мысалы, алтын АҚШ резервінің 66,2 пайызын, Германияда – 66,2, Италияда – 62,9, Францияда – 58,3, Нидерландта 55,7 пайызды құрайды. Алтынды белсенді түрде сатып алудың нәтижесінде соңғы 10 жылда Қазақстан алтын қоры бойынша 15-орынға көтерілді. Қазір Қазақстанның алтын-валюта қорында 385,3 тонна алтын бар. Мұның басым бөлігі соңғы он жылда толықтырылған. 2012-2021 жылдары Ұлттық банк 320,4 тонна алтын сатып алды. Ең көп сатып алынған кез 2018 жылға тиесілі – 50,6 тонна», деп жазады зерттеушілер.
Әрине, мұның барлығы елдің экономикалық ертеңіне қатысты сенім ұялатады. Дегенмен қорға толығымен сүйеніп алмай, мейлінше экономиканы әртараптандыру және өндіріс көлемін арттыруға жұмыс істеу басым саясатқа айналуы тиіс деп санайды сарапшылар.
Ақпанның соңынан бастап геосаяси ахуал ушыққалы бері Ұлттық банк белсенді интервенция жүргізіп, теңге курсын тұрақтандыруға тырысып жатыр. Соның өзінде валюта курсы 510 маңайында. Соңғы бірер күннен бері 504-ке дейін нығайды. Теңге курсын ұстау үшін Ұлттық банк ақпанда 273 млн доллар сатса, наурызда 422 млн доллар жұмсады. Осылайша, жалпы көлемі 695 млн долларға интервенция жасалды. Әлбетте, аз ақша емес және мұның бәрі жоғарыда айтып отырған алтын-валюта қорынан алынады. Бірақ экономикалық сарапшылардың айтуынша, үлкен масштабпен алғанда мұншама қаржыны жағып жіберу қорға аса залалын тигізбейді. Өйткені ақпаннан бері интервенция үшін жұмсалған қаржы көлемі бүкіл алтын-валюта қорының 2 пайызын ғана құрайды.
«Сол тұрғыдан алғанда, алтын-валюта қоры арқылы елдің сыртқы резерві қомақты күйінде қала бермек. Ал ақпанның басынан бері Ұлттық банк жүргізген валюталық интервенция сомасы елдің қаржылық орнықтылығына зиянын тигізбейді. Оның үстіне теңге курсының да икемділігі алтын-валюта қорын пайдалана отырып сыртқы шоктарды еркін еңсеруге ықпал етті», деп жазады Tengenomika каналы.