• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 28 Наурыз, 2022

ЕАЭО елдері қалай есеп айырысады?

858 рет
көрсетілді

Бұрын да айтылатын әңгіменің шеті жуырда тағы көтерілді. Бұл – Ресейдің экономикалық даму министрі Максим Решетников айтты делінетін ЕАЭО елдерінің өзара есептесуді рубль арқылы жүргізу мәселесі. Бірқатар ақпарат құралдары Решетниковтің сөзін алуан түрлі етіп таратқан. Бірінде министр «одақ елдері өзара есептесуді рубль арқылы жүргізеді» деп айтты десе, енді бірінде «мүше-мемлекеттер ұлттық валютадағы есеп айырысуға кезең-кезеңімен көшу туралы келісімге келді» деген сөзін келтіреді. Әрине, екі сөздің айырмашылығы бар екені белгілі. Бірақ ресейлік министр қалай айтса да, ортақ валюта тақырыбы тағы бір мәрте көтерілгені шындық.

Экономика сарапшысы Айбар Олжай қайткен күнде де одақ елдерін тығырыққа тіре­гелі тұр­ған мәселені былай тәпсір­лейді.

«Негізгі әңгіме ЕАЭС-ке сырт­тан келетін тауарларға салынатын баж салығы (сыртқа шығарылатын тауар, мүліктен алынатын мемлекет салығы – ред) болып отыр. Баж салығы ортақ қазанға түседі де, оны 5 ел бөліп алады. Біз сол үлестен шамамен 7 пайыз аламыз. Алыс-берісіміз жағымды сальдода болды да, соңғы жылдары бізге доллармен шамамен 300 млрд теңге кіріс түсетін. Жылына – 600-650 млн доллар. Ресей көптен бері осы алыс-берісті долларда емес, әр елдің валютасында жасайық деген әңгіме айтып келеді. Олай болғанда түптің түбінде ұлттық валюталарды рубльге алмастыра салу қиын емес. Себебі, олар бірінші кедергіні алып тастады ғой. Бізге бұл тиімді ме? Бізге елге доллардың көп келуі, айырбастау пункттерінде доллардың мол болғаны ішкі қаржылық қауіпсіздік үшін маңызды. Рубль ЕАЭО-тен басқа ешкімге керек емес. Егер біз Ресейге деген импорттық тәуелділіктен біртіндеп арыла бастасақ, рубль кейін бізге де аса қажет болмайды», дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Ресей ЕАЭО-ға сырттан баж салығы­мен келетін долларды өзінде қал­дырып, рубльді қалған елдерге та­ратып бере салуды көздеп отыр.

«Рубльді басып шығару – 5 минуттық жұмыс. Ал Ресей­ге қа­зір доллар резервтері бұғат­тал­ған­дықтан сыртқы қарыздарды уақтылы жабу үшін ауадай қажет. Экономикалық мәселелерде Ресейге қарсы уәж айтып жүрген Қазақстан ғана. Армения мен Беларусь одақтан ұтылып жатқан жоқ, ал Қырғызстан Ресейдегі миг­ранттар есебінен бюджетін толтырып отырғандықтан ешқа­шан оның бетінен алған емес», дейді А.Олжай.

Теңгенің рубльге кіріптар екені ешкімге де құпия емес. Рубль құлдыраса теңге де соңынан ілесе ұшады. Экономист Арман Бей­сембаевтың айтуынша, тіпті шарттары қолайлы болғандықтан қазақстандық кәсіпкерлер Ре­сей­ден несие рәсімдеуді жөн көреді. Бізді олар енді ғана рубль аймағына шақырып жатқан жоқ, біз өзіміз-ақ бұрыннан рубль аймағындамыз дейді сарапшы.

Ал қаржыгер Расул Рыс­мам­бетов өзара есептесуді рубльмен жүргізу Қазақстан үшін қолайсыз екенін, оның орнына теңгені ұсынатынын жеткізді.

«Рубльмен есеп айырысу біз үшін ыңғайлы емес. Өйткені қазір Ресейге көп санкция салып тастады. Олар көптеген тауарды экспорттауға тыйым салып отыр, соның ішінде Қазақстанға да. Біздің алдымызда бірнеше нұсқа бар, бірі – ЕАЭО-дан кету, сөйтіп қалыпты достық қарым-қатынаспен баж салығын енгізу. Екіншісі – дәл қазір ЕАЭО аясындағы ең қуатты экономика Қазақстанда болғандықтан, өзара есептесуде теңгені пайдалану нұсқасы. Ал дәл қазір рубльді пайдаланар болсақ, онда санкция әсері бізге де тиеді. Егер ЕАЭО аясында бір-біріміздің пайдамыз үшін жұмыс істегіміз келсе, онда өзара есептесу тек теңгемен жүргізілуі керек. Санкцияларды алып тас­таса бәлкім теңгеге кө­шерміз, бәлкім еуроға көшерміз», дейді қаржыгер.

Мұндай пікірді сарапшы Дмитрий Сочин де қолдайды. Оның айтуынша, дәл қазір ЕАЭО елдерінің ішінде ең жоғарғы тәуелсіз рейтинг тек Қазақстанда бар. Ресей болса дефолтты ин­декс­ке таяп қалды және сәуір айында дефолтқа ұшырауы ық­тимал.

«Теңге – конвертацияланатын валюта. Ал рубль ондай валю­таға жатпайды және қашан ол дең­гейге оралары белгісіз. Қазақ­станда халықаралық нарыққа интеграцияланған қаржы секторы бар. Оның үстіне ағылшын құқығы бойынша АХҚО жұмыс істейді. Шекарамыз ашық. Сон­дықтан резервті валюта болуға теңге бірден-бір кандидат», деп дәйектейді өз сөзін Д.Сочин.

Қазақстан үкіметі де өз позициясын жария етті. Үкімет баспасөз қызметінің дерегінше, Қазақстан импорттық баж салы­ғын бөлістіру мен қосуды доллар арқылы жүргізе береді.

«Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімде бір-бі­рінің бюджетіне импорттық кедендік баж салығын өзара есептеу және жинау бойынша мүше мемлекеттердің мін­деттемелері қарастырылған. Аталған механизм әр мемлекетте біркелкі және негізгі кезеңдері бар: үшінші елдерден келетін тауарлардан ұлттық валютадағы импорттық баж салығын алу; белгіленген коэффициенттерге сәйкес алынған импорттық баж сомасын бөлу, оларды АҚШ долларына айырбастау және одан кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жіберу. Ресейге салынған санкцияларға байланысты мүше мемлекеттердің әкелінген баж салығын Ресей Федерациясы мен Беларуське доллар күйінде аударуы мүмкін емес. Келіссөздер нәтижесінде қазақстандық нұсқа қолдау тапты. Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына әкелінген кедендік бажды аудару және бөлістіру үшін ұлттық жөнелтуші банктердің курсы бойынша ресейлік рубль қолданылады», делінген Үкімет хабарламасында.

Ал Қазақстан Респуб­ли­ка­сына, сондай-ақ Армения мен Қырғызстан Республикаларына импорттық баж салығын жіберу бұрынғыдай доллар арқылы жүзеге асырыла бермек.