Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері бойынша биыл ақпанда Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) 72,3 мың бос жұмыс орны және 54,6 мың түйіндеме орналастырылған. Осымен бос орындар саны 5,9%-ға өсті, ал жарияланған түйіндемелер саны қаңтармен салыстырғанда 22,2%-ға төмендеді.
Қаңтарда ізденушілер орналастырған түйіндемелердің саны бос орындар санынан 1,9 мыңға асып кетсе, ақпан айында бос орындар мен жұмыс іздеп жүрген адамдар арасындағы алшақтық бос орындар пайдасына 17,7 мыңды құрады. Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дағы бос орындар саны 4 мыңға өсті, ал түйіндеме 15,6 мыңға азайды.
Ақпанда өңірлік талдау тек бес өңірде ЭЕБ-те бос орындар санының төмендегенін көрсетеді: Шымкент қаласында (-37% немесе 1,3 мың бос жұмыс орынға), Жамбыл облысында (-14% немесе 400 бос жұмыс орынға), Нұр-Сұлтан қаласында (-13,7% немесе 1,3 мың бос жұмыс орны), Қызылорда (-12,3% немесе 200 бос жұмыс орынға) және Ақтөбе (-6,5% немесе 180 бос жұмыс орынға) облыстарында. Сұраныстың ең жоғары өсімі Маңғыстау (+56,4% немесе 1 мың бос жұмыс орны), Павлодар (+36% немесе 1,3 мың бос жұмыс орны) облыстарында, Алматы қаласында (+32,4% немесе 1,8 мың бос жұмыс орны) және Ақмола облысында (+23,4% немесе 500 бос жұмыс орны) байқалды.
Ізденушілер тарапынан белсенділіктің ең көп төмендеуі Алматы қаласында (-3,3 мың немесе -49,4%), Қызылорда облысында (-3,3 мың немесе -47%), Жамбыл облысында (-2,4 мың немесе -42%) және Шымкент қаласында (-2 мың немесе -42%) байқалды.
«Бұл ретте біліктілігі жок еңбек ресурстарына сұраныс қатты өзгерістерге ұшыраған жоқ, ал ұсыныс өткен аймен салыстырғанда 33%-ға қысқарды. Автомобильдер мен автобустардың жүргізушілеріне, буып-түюшілерге, технологиялық қондырғыларды жөндеу жөніндегі слесарьларға және технологиялық жабдықтарды монтаждаушылар сияқты білікті кадрларға сұраныс арта түсті. Ал өткен аймен салыстырғанда бос жұмыс орындары шет тілі мұғалімдері, тас қалаушылар, call-орталық операторлары және құрылыстағы электршілер үшін аз орналастырылды», деді ЕРДО басқарушы директоры Александра Молчановская.
Алдыңғы кезеңдердегідей, ЭЕБ-де білікті қызметкерлер арасында күзетшілердің (1 452 бос орынға қарсы 703 түйіндеме), медбикелер/мейіргерлердің (811 түйіндеме және 1 554 бос орын), тәрбиешілердің (705 түйіндеме және 1 441 бос орын) тапшылығы байқалды. Сонымен қатар заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, денешынықтыру мұғалімдері арасында артықтық байқалады.
«Тапшы кадрлар бойынша өңірлік теңгерімсіздікті де атап өтуге болады. Мәселен, күзетшілердің ең көп жетіспеушілігі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалды, ал Маңғыстау облысында керісінше көп. Өңірлер бойынша бөлудің ұқсас жағдайы орта медициналық персонал, сондай-ақ тәрбиешілер үшін де қалыптасуда. Алайда Түркістан облысы мен Шымкентте мейіргерлердің саны артып, барлық дерлік облыстарда медбикелер тапшылығы байқалады», деді А.Молчановская.
Ақпанда жұмыс берушілер басшылық лауазымдар үшін ең жоғары жалақы ұсынды. Осы кәсіби топ бойынша айына 540 мың теңгеден басталатын ұсыныспен жұмыс табуға болады. Сондай-ақ өткен айында жоғары ақы төленетін маман қатарында жаттықтырушыларды (тренингтермен, қайта даярлаумен және біліктілігін арттырумен айналысатын) атауға болады. Оларға – айына орта есеппен 525 мың теңге, маркшейдерлерге – 513 мың теңге, корпоративтік мамандарға – 474 мың теңге, өндірісті дайындау инженерлеріне 419 мың теңге ұсынылды.