• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ғылым 29 Наурыз, 2022

Академиктерді ардақтау астанада жалғасты

207 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім мен ғылым саласындағы тұлғаларға арналған конференция өтті. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Ұлт­тық ғылым академиясының академиктері Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенованың мерейтойлары­на арналды.

«Ғылым мен білімдегі тұл­ға­лар: дәстүр және сабақ­тас­тық» атты конференцияда сөз алған ел Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі Бауыржан Омаров өз саласында биікке көте­ріл­ген тұғырлы тұлғаларды ардақ­тау арқылы дәстүрімізді да­мы­татыны­мызды айтты.

«Мұндай халықаралық дең­­гей­де конференция ұйым­дас­ты­ру – өткенімізді ұмыт­пау­дың, бүгінімізді ұлықтаудың белгісі. Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова – біріншіден, ғылымдағы іргелі ізденіс пен еңбектің символы. Екіншіден, олар – таңдаған тақырыбын жіті зерт­теп, шырқау шыңдарды ба­­ғын­­дырған тұлғалар. Үшін­­­­ш­іден, елге белгілі егіз адам, яғни әдебиеттану мен география ғылымдарының көш­басшыларына айналған жандар. Төртіншіден, соңына ерткен өнегелі шәкірттері бар, ғылыми мектебі қалыптасқан ұлағатты ұстаздар. Бесіншіден, танымы жоғары зиялылар, ұлт мүддесін ұлықтаушылар. Алтыншыдан, елге сүйкімі болған сыйлы қа­рия мәртебесін иеленген ар­дақтылар. Жетіншіден, екі жақ­сының бір-бірін тауып қосыл­ғанының үлгісін көрсет­кен кісі­лер. Сон­дықтан конфе­рен­ция­ның көте­ре­тін жүгі салмақты деп сеніммен айта аламын», деді Б.Омаров.

М.Әуезов атындағы Әде­биет­ ­және өнер институ­ты­­ның директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов өз кез­е­гінде акаде­мик­тер­­дің мерейтойларына ар­нал­ған іс-шаралардың Алматы ша­һа­рынан бастау алып, әлі де жал­ғасып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол С.Қирабаевтың өзіне ұстаз болғанын, дәріс­ті ­жатқа айтатынын, қазақ поэ­зия­сындағы сонау Бұқар жыраудан бастап Қасым Аман­жо­лов­қа дейінгі өлең­дер­дің бәрінен мүдірмей мысал келтіріп отыратынын тебіреніспен еске алды.

Конференцияда отандық және шетелдік ғалымдар С.Қира­баев пен Ә.Бейсенованың ғылы­м жолына қатысты баян­да­малар жасады. Және жиын соңын­да кон­ференцияға қатысу­шылар А.Бай­тұрсынұлы атын­дағы №48 мектеп-лицейіне барып, «Ака­де­мик Ә.Бей­се­но­ва сыныбының» ашылу салтанатына қатысты.