• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2014

Қиғаштағы көпір

758 рет
көрсетілді

Қазақстан – Ресей ғана емес, ТМД елдері арасындағы алғашқы бірлескен жоба екендігімен ерекшеленеді

Ежелден қоңсы отырған Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық, іскерлік қарым-қатынасының көкжиегі әр салада кеңейіп келеді. Оның мысалын шекаралас аймақтардағы өзара байланыстардың жанданғанынан көруге болады. Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің, Үкімет басшыларының ортақ проблеманы бірлесе шешуге ұмтылысы көршілес елдер халықтарын бұрынғыдан да жақындата түсуде. Екі ел арасында бірлескен жобалар да іске асырылуда. Сондай жобаның бірі – Қиғаш өзені үстінен салынған көпір. Қиғаш – Атырау мен Астрахань облыстарының шекарасындағы өзен. Бір бетінде Қазақстанның, екінші жағында Ресейдің елді мекендері қоныстанып отыр. Бұрын өзеннің екі жағында да кеден бекеттері орналасқан болатын. Қазір тек шекарашылар ғана тұр. Өзеннен әрлі-берлі өтетін кө­ліктер иелері бірнеше жыл бойы­на көпірдің жоқтығынан қиындық көруші еді. Әрине, көліктер өзеннен өте алмайды емес, өтеді, бірақ, ол үшін бірнеше сағаттап уақытын жоғалтатын. Себебі, бұрын өзен үстінде көліктердің дамылсыз өтуі­не арналған көпір салынбады. Негізгі қатынас түрі – паром. Жеке иеліктегі мұндай су көлігімен бір рейсте 10-12 көліктен артық тасымалдаудың мүмкіндігі болмады және онымен көліктер тек күндіз тасымалданады. Түнде та­сымалдаудың қауіптілігі де жоқ емес-ті. Қыста өзенге мұз қатқанда паром да тоқтап тұрады. Бұл, әсіресе, тран­зиттік көліктердің өзеннің қос жағалауында ұзақ тұруына соқтырып, жүргізушілердің орынды ренішін туғызып келген еді. Қазір мұндай әңгімені айтудың еш қисыны жоқ. Өйткені, екі ел басшылары осы проблеманы бірлесе шешіп, Қиғаш өзенінің үстінен жаңа көпірдің салынуына ұйытқы болды. Екі ел үкіметтерінің жетекшілері 2004 жылы Мәскеуде өткен кездесуде Қазақстан – Ресей ара­­сындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдете түсу мақ­­сатымен үкіметаралық кел­і­­­­сімге қол қойды. Міне, осы ке­лісім аясында шекарадағы Қиғаш өзені үстінен көпір салу, оны бірлесе пайдаланудың ұтым­ды жақтары қозғалды. Қазақ­стан жағынан техникалық-экономикалық негіздемесі 2002 жылы дайындалып қойылған көпірді бірлесе қаржыландыру мәселесі де оң шешімін тапты. Көпір құрылысының жобасы үш бөлікке бөлініп жоспарланған. Алғашқысы – Қазақстан жағынан кіретін жол, екіншісі – көпірдің өзі, үшіншісі – Ресей жағынан кіретін жол. Осындай жобадан тұратын көпірдің жобалық-сметалық құжаттарын 2005 жылы ресейлік “ГипродорНИИ» акционерлік қоғамының Сара­товтағы филиалы әзірледі. Көпір құрылысын жүргізуге мердігер таңдау үшін Астрахань қаласында мемлекетаралық конкурс өтіп, оның нәтижесінде таңдау “Волгомост» акционерлік қоғамына түсті. Бұрыннан көпір құрылысын жүргізуде мол тәжірибесі бар бұл кәсіпорын мемлекетаралық маңызы зор нысанды салу жұмыстарына 2006 жылғы мамырда кірісіп кетті. Әрине, қазір айтуға оңай болғанмен, көпір құрылысы айналасындағы нөпір жұмыс­тардың көптігіне қарамастан, жауапты нысанның сапасына баса мән берілген. Ресейлік кәсіпорын қосалқы мердігерлікке қазақстандық кәсіпорындарды тарта отырып, көпір құрылысын 1 жыл 4 айда, яғни 2007 жылғы қыркүйектің соңына таман толық­тай аяқтады. Осы кезеңде «Атырау­жолдары» ЖШС Қазақ­стан жағынан көпірге кірер жолды, ал «Ирмаст» серіктестігі инженерлік желі жұмыстарын атқарды. Көпірдің Ресей елі жағынан да осындай жұмыстар сәтті жүзеге асырылды. Көпір құрылысын сапалы әрі кедергісіз жүргізуге Қазақстан мен Ресей үкіметтері елу де елу жүйесімен тең көлемде қаржы салды. Нақ­тылай айтқанда, Қиғаш өзені үстінен салынған көпір құрылысына Қазақстаннан 827 643 392 теңге, Ресейден 182 936 063 рубль жұмсалыпты. Міне, осындай маңызды бай­ланыстардың көкжиегін одан әрі кеңейтуге септігін тигізген шекарадағы көпір екі ел Үкімет басшыларының қатысуымен 2007 жылғы қазан айының басында ашылды. Көпір үстінде өткен салтанатқа сол кездегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Атырау облысы жағынан, ал Ресей Федерациясы Үкіметінің бұрынғы төрағасы В.Зубков Астрахань облысы аумағынан көтерілді. Ел мен елді жалғаған жаңа көпірдің ашылу салтанатында Кәрім Мә­сімов: «Қиғаш өзені арқылы жаңа көпірдің ашылуы – Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынас тарихындағы атаулы оқиға. Бұл –біздің халықтарымызды біріктіре, бір-бірімен барыс-келісін, іс­керлік, сауда-экономикалық байланысын өрістете түсетін достық көпірі. Соның дәлелі, екі ел құры­лысшылары көпір құрылысын қысқа мерзімде жүзеге асыруда үлкен жауапкершілік танытты», деген болатын. Ал Ресей Үкіметінің төрағасы Виктор Зубков: «Бұл көпір – екі елдің халықтарын бұрынғыдан да жақындастырып, Қазақстан мен Ресей секілді ежелгі көршілердің өңірлері арасында орныққан шекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға тың серпін береді», деп түйіндеп еді сөзін. Жаңа көпір үстімен бірінші болып Ресейге бет алған қазақ­стандық көліктер тәулік бойы бір тоқтамайтын көлік қатынасына даңғыл жол салғаны даусыз. Өйткені, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық, интеграциялық байланыстардың артуын айтпағанда, бұл көпір Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінің Ресеймен, Украинамен, Кавказ және Еуропа елдерімен арадағы көлік қатынасын жетіл­діруге жол ашып отыр. Сондай-ақ, Қытай мен Оңтүстік Кореяның да аталған елдермен көлік қатынасын түзуіне зор мүмкіндік ашты, дейді мамандар. Ал көпірдің ашылуына қазақстандық тұрғындар, сонымен бірге, Ресейдің Астрахань облысын мекен еткен қандастарымыз да қуанышты екеніне әлі де куә болып жүрміз. Газет тілшісіне Астрахань облысының Красный Яр ауданының орталығында тұратын қандасымыз Мұхит Оразовтың қуанышын былайша жеткізгені қойын дәптерімізде әлі де сақтаулы тұр: – Қазақстанда тұратын аға­йындарымызға барғанда Қи­ғаш өзенінен өту үшін паром күтіп, бірнеше сағат тұра­тын­быз. Кері оралғанда тағы да солай. Енді жаңа көпір салынған соң ағайындарымызға жиі баратын боламыз, олардың да бізге жиі келетініне қуанып отыр­мыз. Бір өзеннің қос жаға­лауына қоныстанған екі елдің президенттері Нұрсұлтан Назар­баев пен Владимир Путиннің ара­сындағы ынтымақтастықтың шарапатын қарапайым халық – біз көретін болдық... Ұшқан құстай зымыраған уақытта тоқтау жоқ қой. Қазақ­стан – Ресей шекарасындағы достық көпірі ашылғалы бері жеті жылға жуық мерзім өтті. Содан осы көпір үстімен әрлі-берлі ағылған сан алуан көліктің легі бір үзілген емес. Көпір үстімен мұнайлы өңір делегациясы Астрахань облысына талай рет барды. Астраханьдық көршілер делегациясы да Атырауға бірнеше рет сапарлап келді. Екі ел арасындағы экономикалық, іскерлік, мәдени байланыстарды нықтайтын мұндай сапарлар әлі де жалғаса береді. Бұған Қазақстан – Ресей президенттерінің қолдауымен салынған көпір де қызмет ете беретініне еш күмән жоқ. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.