• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2014

Соңғы граната

329 рет
көрсетілді

Бар әлемге қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс зардабынан Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау өңірі де шет қалған жоқ. Ер басына күн туған сәтте ауданымыздан 3378 азамат Отан қорғауға аттанған болатын. Ұлы Жеңіс үшін, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен ерлер бейнесін ел жадынан өшірмеу – бәріміздің ортақ парызымыз. Жас ұрпақ ата-бабаларымыздың даңқты жолын жақсы біліп, келешекке жеткізуі керек. Бұл түптеп келгенде, қоғамымыздағы тыныштық пен келісімнің, ел өркендеуінің басты кепілі болмақ. Бүгінгі бақытты өміріміз бен нұрлы болашағымыздың негізін салушылар қатарында жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Андрей Яковлевич Тихоненко да бар еді. Ол 1912 жылдың 12 желтоқ­санында Батыс Қазақстан облы­сындағы Шыңғырлау ауданының Лубен ауылында дүниеге келген. 1919 жылы Андрейдің ата-анасы өмірден өтеді. Екі қарындасымен 7 жасынан бастап үлкен ағасы Иосифтің тәрбиесінде болады. Оның балалық шағы ауыр өтті. Жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татқан Андрей ерте есейіп, өмірге өжет көзқараспен қарай бастайды. Қолда бар деректер оның 12 жасынан-ақ жер жырту, шөп шабу, астық жинау науқандарында аянбай тер төккенін айғақтайды. Балалық шағындағы сүйікті кәсібі балық аулау болған екен.  Музыкаға бейім тұратын жас өрен сырнай тартып, ән айтатындығымен де таныла білген. Қызыл әскерлер туралы әндерді жақсы айтуына байланысты ауылдастары оны «ворошиловшы» деп атап кеткен. 1935 жылы тракторшылар даяр­лайтын курсты бітіріп, «Красная звезда» колхозында еңбек еткен. Қоғамдық жұмыстар, көркем­өнерпаздар үйірмелерінің арасынан да Андрейдің белсенділігі ерекше байқалған. 1939 жылы еңбекке деген ынтасы мен жігерлілігі ескеріліп, оны бригадирдің көмекшісі етіп тағайындайды. Андрей Тихоненко 1941 жылы 24 маусымда әскер қатарына алынады. Мәскеу түбіндегі және Литваны азат етудегі ұрыстарға қатысады. Соғыс кезінде ержү­ректігімен, жан аямай жаумен шайқасуымен ерекшеленеді. 1944 жылы 16 шілдеде Литваның Пуни елді мекеніндегі деревня тұсында пулемет оғымен жаудың атыс нүктесін жойып, өздерінен кейінгі бөлімшелердің өзеннен өтуіне жағдай туғызды. Сол шайқаста ол 30-дан астам немістерді жер жас­тандырған. Шайқас қызған кезде Тихоненконың оғы таусылғанын білген жау оны қоршауға алады. Қолына соңғы гранатасын алып, фашистердің жақын келуін күтіп жатқан ол бар күшін жинап, гранатаның сақинасын тартып, өзімен бірге айнала қоршаған бірнеше неміс солдатын жер жас­тандырады. Ерлікпен қаза тапқан жауын­герді елі ешқашан ұмытпақ емес. 1945 жылдың 24 нау­рызында оған, қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 20 жылдан артық уақыт бойы Тихоненконың жерлестері батырдың қайда қаза тауып, қай жерге жерленгенін білмеді. Жылдар бойы Литвадағы Руд­зяна деревниясындағы кіш­ке­не қырат ешкімге сыр ашпа­ды. Тек вильнюстік «Жас қы­зылізшілердің» арқасында ғана белгісіз солдаттың есімі анықталып, Рудзяна селосының тұрғындары есте сақтаған ерлік есімінің аты аталды. Қазір Батыс Қазақстан облы­сындағы Ақсай қаласында аудан орталығы Шыңғырлауда және Лубен ауылында Андрей Яковлевич Тихоненконың атында көшелер бар. Осындағы саябақ ішінде кеуде мүсіні орнатылған. Туған жеріндегі Лубен мектебі батыр есімімен аталады. Адақ ШОТПАНОВ. Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы.