Футболдан еліміздің 21 жасқа дейінгі жастар құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу турнирінде өз алаңында Шотландиямен кездесті.
Төреші ысқырығы естіле сала екі елдің жастар құрамасы алаңда белсенді болғанымен, есепті алғашқы болып шотландиялық футболшылар ашты. Ойынның 25-минутта ұтымды сәттердің бірінде Рос Грахам мергендік танытып, командасын алға шығарды. Екінші кезеңде шотландиялық тағы бір ойыншы Том Клейтон өз құрамасының басымдығын арттыра түсті, есеп – 2:0.
Ал 71-минутта Еркебұлан Сейдахмет пенальтиден есеп айырмасын қысқартса, 95-минутта Абылайхан Жұмабек таразы басын теңестірді. Осылайша, Қазақстан жастары Шотландиямен 2:2 есебімен тең түсіп, іріктеу кезеңіндегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Айта кетсек, іріктеу турнирінде Қазақстан жастар құрамасы I тобында Бельгия, Дания, Шотландия және Түркиямен сынға түсуде. Әзірге алты ойыннан кейін бір ғана ұпайға ие болды.
Турнир кестесінде көш соңында тұрған еліміздің жастар құрамасы 4 сәуірде сырт алаңда Даниямен шеберлік байқасса, 10 маусымда тағы да сырт алаңда Түркиямен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан жастары Қырғызстан олимпиадалық құрамасынан 2:0 есебімен басым түскен еді.