Таеквондодан 2005-2007 жылдары туған жастар арасында Қазақстан чемпионатының алғашқы жарыс күні аяқталды.
Ақтөбедегі жекпе-жек сарайында өтіп жатқан турнирде жеңімпаздар сегіз салмақ дәрежесінде анықталды. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша командалық есепте 103 ұпайы бар Алматы қаласы көш бастады (4 алтын, 5 қола).
Olympic.kz сайтының хабарлауынша, Алматы облысы екінші орынға жайғасты. Команда еншісіне 46 ұпай бұйырған (3 күміс, 3 қола). Үздік үштікті 45 ұпаймен Қызылорда облысы түйіндейді (1 алтын, 2 күміс). Аламанға еліміздің түкпір-түкпірінен 478 спортшы қатысып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, жүлделі орыннан көрінген спортшылар ұлттық құраманың қатарына шақырылып, олар Болгария астанасында өтетін әлем чемпионаты мен Моңғолия астанасында өтетін Азия чемпионатында бақ сынайды.