Облыстағы этномәдени бірлестіктер биылғы Наурызды кең көлемде атап өтті. Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік шаралар «Қош келдің, әз Наурыз» концерттік бағдарламасымен басталып, түрлі байқауларға ұласты, көрмелер ұйымдастырылды.
Наурыз мейрамы аясындағы шаралар облыстық Достық үйінің көрермендер залында Ақтөбе облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен этномәдени бірлестіктер арасында өткен «Наурыз – достық мерекесі» атты қазақ мәдениеті фестивалімен қорытындыланды. Фестивальға осындағы барлық он сегіз этномәдени бірлестіктер түгел қатысты. Фестивальдағы халықтық-қолөнер шығармашылығы көрмесіне қазақ халқының тұрмысын бейнелейтін ағаштан, теріден, тастан, темірден, сүйектен, киізден, қыштан, матадан жасалған бұйымдар қойылды. Ұлттық асхана аталымы бойынша қатысушы өзі қалаған қазақ халқының ұлттық тағамын әзірледі. Шығармашылық жанрда қатысушының қалауы бойынша қазақ ақындарының өлеңдері, қазақ авторлары мен сазгерлерінің әндері, қазақ халқының халық билері, салт-дәстүрлері және тағы басқалары орындалды.
Фестиваль қорытындысында ұлттық асхана жанры бойынша «Вяра» болгар этномәдени бірлестігі, халықтық-қолөнер шығармашылығы жанры бойынша «Оксана» украин этномәдени бірлестігі және шығармашылық жанры бойынша «Алеся» белорус этномәдени бірлестігі жеңімпаз атанып, бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды. Фестиваль жылы рәуіштегі достық сипатта өтті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.