• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 30 Наурыз, 2022

Сенат Спикері ТМД елдері парламенттері делегацияларының басшыларымен кездесті

520 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының мерейтойлық отырысы алаңында Парламент делегацияларының жетекшілерімен және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен кездесуде екі ел арасындағы парламентаралық байланысты нығайту мәселесі сөз болды. Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы бауырлас халықтар арасындағы ынтымақтастықтың жарқын көрінісі екенін атап өтті. Бұл ретте екі ел Президенттерінің өзара сенім мен достыққа негізделген байланысы маңызды рөл атқарады. Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері екі мемлекеттің Сенаттары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысын өткізу үшін Танзила Нарбаеваны биылғы сәуір айында Қызылордаға шақырды. Аталған іс-шарада Арал өңіріндегі экологиялық мәселелерді шешу кезіндегі Парламенттердің рөлі сөз болмақ.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Талант Мамытовпен кездесу барысында су проблемасы және мәдени-гуманитарлық байланыс мәселелері талқыланды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, екі халықтың тарихи байланысын нығайтуда парламентшілердің әлеуетін белсенді пайдаланудың маңызы зор.

Сонымен қатар Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті. Онда екі елдің өзара қарым-қатынасында парламенттік дипломатияның әлеуетін арттыру жөнінде сөз болды. Сондай-ақ тараптар екі Палатаның Ынтымақтастығы жөніндегі комиссияның биылғы сәуір айында өтетін отырысына тоқталды.

Тәжікстан Республикасы Оли Мажлисі Милли Мажлисінің төрағасы Рустами Эмомалимен кездесуде Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға сапары барысында көзделген міндеттерге назар аударды. Аталған сапар аясында алдағы 5 жылда екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемін 2 млрд долларға дейін көбейту және шикізатты соңғы өнімге дейін өңдейтін бірлескен кәсіпорын құру қажеттігі айтылған еді. Сенат Спикері бұл келіссөздерді іске асыруға ықпал ету үшін қазақстандық сенаторлар белсенді жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.

Сондай-ақ Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрайымы Сахиба Гафаровамен, Армения Республикасы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Ален Симонянмен, Беларусь Республикасы Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесінің Төрайымы Наталья Кочановамен және Түркіменстан Республикасы Меджлисінің Төрайымы Гүлшат Маммедовамен екіжақты және көпжақты кездесулер өткізді. Кездесулер кезінде парламентаралық ынтымақтастыққа қатысты маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгемен кездесті.

«Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік және БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру туралы бастамасын іске асыру кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдау көрсетеді деп үміттенеміз. Өз кезегінде Қазақстан Парламентінің Сенаты Ұйымға өзінің басты мақсаттарына қол жеткізуі үшін қажетті көмек көрсетуге дайын», деді Мәулен Әшімбаев.