Біздің елде жаңадан тағайындалған министрлердің дені бұған дейінгі әріптестерінің қолға алған бастамаларын жалғастырмайды. Сондықтан «жұмыс істеп жатырмыз» деп жер-жаһанға жар салу үшін ойдан «велосипед құрастыруға» кіріседі. Бірақ түбінде артық қылам деп тыртық қылып, қоғамның наразылығына ұшырайды. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің субсидиялар санын қысқарту туралы бастамасы осындай келеңсіздіктің кебін киген секілді.
Субсидия саны қысқармайтын болды
Жалпы, біздің елдің агросекторы Ауыл шаруашылығы министрлерінің тәжірибе алаңы іспетті. Әрқайсысы тарихта атын қалдыру яки жалпақ жұртқа жұмыс істеп жатқанын көрсету үшін «тың бастамаларды» қолға алып тыраштанады да жатады. Өкінішке қарай, осының бәрінен зардап шегетін ауылдағы шаруалар. Бұл жолы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қызметке кірісе салысымен субсидиялардың санын қысқарту керек деп бастама көтерді. Сөйтіп, айналасына жақтаушы емес, жау жинап алғандай. Шаруалардың мұндай бастамаға қарсы шығары әу бастан белгілі еді ғой.
Дәлірек айтсақ, министрлік агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған қолданыстағы субсидиялар санын 42-ден 20-ға дейін қысқартуды ұсынды. Сөйтсек, мұндай ұсыныс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдауды жетілдіру туралы тапсырмасынан кейін қолға алынған. Бірақ Президент нақты субсидиялар санын қысқарту туралы айтқан жоқ. Тек жұмысты жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал министрліктің ұсынғаны – субсидияларды қысқарту.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік қолдауды жетілдіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылғаны мәлім. Оған салалық қауымдастықтар мен одақтардың, агробизнестің, ғылымның, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары кірді. Бүгінге дейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен жұмыс тобының үш отырысы және министрлік деңгейінде екі отырыс өтті.
Министрліктің бізге берген ресми мәліметінде отырыстар шеңберінде субсидия алу рәсімін жеңілдетуді, оның бағыттарын оңтайландыруды, барлық субъекті үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуді, заманауи технологияларды енгізуді ынталандыруды және агроөнеркәсіпке инвестициялар тартуды, нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша шаруалардың қарсы міндеттемелер алу нормасын енгізуді көздейтін жаңа тәсілдер таныстырылғаны айтылған.
«Жұмыс топтарының қорытындысы бойынша өңірлерден, салалық одақтар мен қауымдастықтардан, жұмыс тобы мүшелерінен агроөнеркәсіпті субсидиялаудың жаңа жүйесіне көптеген ұсыныс пен ескерту келіп түсті. Олар субсидиялау жүйесін пысықтау кезінде жүйелендірілді және ескерілді. Алайда ағымдағы ахуалды және оның даму үрдістерін кешенді талдауды, геосаяси дағдарыстың ел экономикасына теріс әсерін барынша азайту жөнінде барабар шаралар қабылдау қажеттілігін негізге ала отырып, субсидиялаудың жаңа тетігін енгізу мәселесін келесі жылға дейін кейінге қалдыру және осы жылы агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдауды қолданыстағы қағидалар бойынша жүзеге асыру туралы шешім қабылданды», деген жауап алдық Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаған журналистік сауалымызға.
Осылайша, Е.Қарашөкеевтің субсидиялар санын қысқарту туралы бастамасы кейінге қалдырылды. Демек, шаруалардың үні, депутаттардың сөзі ескерілді.
Шаруалар биыл қолдауға мұқтаж
Мәселен, осы мәселені наурыз айында сенатор Әли Бектаев көтерді. Ол Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында 2022 жылдың екі жарым айы өтсе де, ауыл шаруашылығын субсидиялау тәртібі әлі күнге дейін бекітілмегенін айта келіп, биыл осы мақсатта бөлінетін республикалық трансферттер көлемі азайып, субсидияландырудың түрлері қысқарып, оларды бөлудің тәртібі мейлінше өзгеретінін жеткізді.
– Әрине, жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің тексерулерінен кейін аграрлық секторды субсидиялаудың реформасын жүргізу керек. Бірақ ол асығыс, аяқ астынан, 2-3 айдың көлемінде жасалатын нәрсе емес. Әсіресе биыл ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр жыл болайын деп тұр.
Құрғақшылық, судың тапшылығы, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтердің қымбаттауы, оның үстіне Ресейге салынған санкцияларға байланысты азық-түлік тауарларының Қазақстанға ағылуы күтілуде. Ол өз кезегінде біздің шаруаларды тығырыққа тіреуі мүмкін. Осыны ескерсек, аграрлық секторды қолдау шаралары арта түсуі керек. Субсидиялардың біраз бөлігін жергілікті бюджеттерге арта салу да сала проблемасын күрделендіре түсетіні анық.
Әрине, субсидияландырудың тәртібі қатып қалған догма емес. Саланы дамытудың мақсаттарына сай өзгертіліп тұруы да керек. Бірақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне «өтпелі кезең» үшін кемінде бір жыл уақыт берілуі тиіс. Өзгерістер жайы алдын ала ескертілуі керек. Өкінішке қарай, нақты жағдай керісінше болуда.
Бірінші вице-премьер Роман Скляр мырзаның қатысуымен өткізілген субсидиялау тәртібінің таныстырылымында айтылғандай, қаржылай қолдаудың ақпараттық жүйесі 2022 жылдың 1 шілдесіне ғана дайын болмақ. Ал оңтүстікте басталып кеткен көктемгі дала жұмыстарының проблемалары шаш етектен. Жанармайға, минералды тыңайтқышқа, ағын суға қатысты түйінді мәселелердің бірде-біреуі шешілген жоқ. Соған қарамай субсидиялардың көлемі мен түрлері, оларды бөлудің тәртібі аяқастынан өзгертілмек. Аграрлық сектор – эксперимент жасайтын алаң емес. Керісінше, әсіресе биыл ауыл шаруашылығына қосымша қолдау көрсету қажет.
Мүмкін, «Жасыл даму» компаниясының есепшотындағы утиль алымнан құралған 200 млрд теңгеден астам бос қалдықтың бір бөлігін аграрлық секторға жұмсаған дұрыс болар. Қазіргі таңда халықты автокөлікпен емес, азық-түлікпен қамтамасыз ету маңыздырақ, – дейді Ә.Бектаев.
Шенеуніктердің кесірі шаруаларға тимесін
Ал Мәжіліс депутаты Альберт Рау қолданыстағы субсидияларды 2025 жылға дейін қалдыру керек деген пікір айтты.
– Өңірлерді аралаған кезде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көптеген өтініш айтады. Олар Ауыл шаруашылығы министрлігінің саладағы мемлекеттік қолдау жүйесін өзгерту қадамдарына алаңдаулы. Министрлік ұсынған субсидия түрлерін қысқарту, тауарлық-спецификалық субсидиялардан бас тарту ұзақ мерзімді инвестицияларды талап ететін агроөнеркәсіп секторларына залал келтіреді. Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай елдің тауық етіне, сүт өнімдері мен ет өнімдеріне, алмаға және тағы да басқа тауарларға деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету көзделген. Бұл ретте алға қойылған міндеттерге табысты қол жеткізу агроөнеркәсіптің импорттық секторларын мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді көздейді. Себебі аталған секторлардағы инвестициялық жобалар капиталды және тиісті қолдауды қажет етеді.
Қазақстанда сүт өндіру және қайта өңдеу ел қажеттілігінің 70 пайызын ғана қамтамасыз ететіні белгілі. Сүт тапшылығы шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Сонымен 1000 басқа кемінде елу тауарлы-сүт фермасын іске қосу керек. Егер қазір қолдау шараларынан бас тартсақ, онда жаңа жобаларды бастауға ниеттілер мүлдем болмайды. Сондай-ақ жемшөп өндірісіне, оның ішінде суармалы жүйелерді дамытуға қатысты субсидиялау деңгейін сақтау қажет. Өйткені тұрақты жемшөп базасынсыз жоғары өнімділікке қол жеткізу мүмкін емес.
Сүтке арналған спецификалық субсидиялардың төлемдерін облыстық деңгейге беру де дұрыс емес. Бұл оларды жоюмен тең. Сонымен қатар бірқатар субсидияны алып тастау бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының өсуіне әкеледі. Осының салдарынан ЕАЭО-дағы әріптес елдерден келетін импорт көлемін арттырады. Бұл елдерде аталған өнімдерге қатысты субсидиялар деңгейі біздікінен жоғары. Қазірдің өзінде Ресейдегі сүт өнімдері экспортының ең үлкен көлемі Қазақстанға тиесілі, – дейді А.Рау.
Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігін де ақтап алуға болады. Өйткені субсидия үлестіруде сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары. Бұл жердегі ақша айналымы да қомақты. Мәселен, 2021 жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға 374,9 млрд теңге жұмсалса, осы жылға 309,4 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Сондықтан министрлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің нұсқамасын ескермей тағы отыра алмайды.
– Министрлік бірқатар қолдау шараларынан бас тартып, оларды жеңілдетілген несиемен алмастыруды ұсынып отыр. Демек, қаражат тағы да фермерлерге емес, банктерге түседі. Иә, субсидияларды бөлу мен пайдалануда заң бұзушылықтар бар. Бірақ көп жағдайда мұндай кемшіліктер шенеуніктер тарапынан жіберіледі. Ендеше, шенеуніктердің кесірінен шаруалар неге зардап шегуі тиіс? Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдау шараларын әкімшілендіруді, оның ішінде Qoldau-ды тәртіпке келтірудің орнына, олардың күшін жоюды жөн көреді. Ел Президенті әр жаңа министрдің келуімен агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдаудың ойын ережелері жиі өзгеретінін қатаң сынға алғаны есімізде. Бірақ бұл жолы ойын ережесін түбегейлі өзгерткісі келеді. Сондықтан Үкіметке 2025 жылға дейін агроөнеркәсіптің импортқа тәуелді секторларын мемлекеттік қолдау шаралары мен деңгейін сақтауды ұсынамыз, – деді А.Рау.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, шаруалардың жаппай қарсылығы мен депутаттардың дәйекті пікірлерінен кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияларды оңтайландыру ісін кейінге қалдырды. Бірақ бұл мәселе түбегейлі шешілді деген сөз емес. Дегенмен, ел Үкіметінің қоғамның үніне құлақ асқанын атап өтуге тиіспіз.