Өткен жұма күні Қатар астанасы – Дохада жыл соңында ұйымдастырылатын футболдан кезекті әлем чемпионатының жеребесі тартылды. Қараша және желтоқсан айларында өтетін биылғы жаһандық доп додасына әлемнің 32 құрамасы қатысады.
Дохада тартылған әлем біріншілігінің жеребесіне сәйкес 32 құрама төрт-төрттен сегіз топқа бөлінді. Жеребе қорытындысы мынадай:
А тобы: Қатар, Нидерланд, Сенегал, Эквадор;
B тобы: Англия, АҚШ, Иран, Украина/Шотландия/Уэльс;
C тобы: Аргентина, Мексика, Польша, Сауд Арабиясы;
D тобы: Франция, Дания, Тунис, БАӘ/Аустралия/Перу;
E тобы: Испания, Германия, Жапония, Коста-Рика/Жаңа Зеландия;
F тобы: Бельгия, Хорватия, Марокко, Канада;
G тобы: Бразилия, Швейцария, Сербия, Камерун;
H тобы: Португалия, Уругвай, Оңтүстік Корея, Гана.
Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама беретін іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша қазіргі уақытқа дейін Қатарға баратын 29 құрама белгілі. Ал қалған үш жолдаманың тағдыры маусым айында шешіледі. Украина құрамасы елдегі жағдайға байланысты Еуропа аймағындағы електік кездесуін әлі өткізген жоқ. Андрей Шевченконың ізбасарлары алдағы уақытта Шотландия құрамасымен кездеседі. Ал бұл жұптың жеңімпазы Уэльс футболшыларымен жолдаманы сарапқа салады. Үштіктің арасынан үздік шыққаны әлем чемпионатында Англия, АҚШ, Иранмен В тобында ойнайды.
Екінші жолдамаға Коста-Рика мен Жаңа Зеландия құрамалары талас жүргізеді. Жеңіске жеткені Е тобында Испания, Германия және Жапонияға қарсылас болады. Ал соңғы үшінші жолдаманы Азия құрлығындағы БАӘ-Аустралия жұбының жеңімпазы Оңтүстік Америка өкілі Перумен сарапқа салады. Бұл үштіктің арасында топ жарғаны Франция, Дания, Туниспен D тобында бақ сынайды.
Өкінішке қарай, биылғы әлем чемпионатына былтырғы Еуропа чемпионы атанған Италия құрамасы бара алмайтын болды. Олар Еуропадағы іріктеу кезеңінде өз тобында екінші орын алып (бұл топта Швейцария үздік шықты), қосымша іріктеу жарысына қатысуға мүмкіндік алды. Алайда електік кездесуде олар Солтүстік Македониядан жеңіліп, әлем чемпионатының жолдамасынан құр қалды.
Италиядан бөлек, Еуропадан Швеция, Грекия, Түркия, Норвегия, Мажарстан құрамалары да жолдама иелене алмады. Ал ФИФА Ресей құрамасын әлем чемпионатының іріктеуінен шеттеткен болатын. Сонымен қатар Мысыр, Нигерия, Алжир, Кот-д’Ивуар, Колумбия, Чили, Қытай және тағы басқа да құрамалар әлем чемпионатына шыға алмады.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінің D тобында Франция, Украина, Босния және Герцеговина, Финляндиямен бірге өнер көрсетіп, үш ұпаймен соңғы орынға тұрақтады.