Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жегін 21 мамырда АҚШ-та өткізетін болды. Бұл туралы америкалық инсайдер Дэн Рафаэль мен отандасымыздың командасы ресми түрде мәлімдеді.
Бұған дейін жазғанымыздай, Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) британиялық Дэнни Дигнуммен (14-0-1, 8 КО) WBO белдігінің «уақытша» чемпионы атағын сарапқа салады. 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келе жатқан Дэнни Дигнум бүгінге дейін 14 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 13 кездесуінде жеңіске жеткен. Тек бір айқасы тең есеппен аяқталды. Сондай-ақ ол барлық жекпе-жегін Англияда өткізген. Отандасымызға қарсы шығатын 15-ші айқасын ол алғаш рет өзге елде өткізгелі тұр. Британиялық боксшы ең кейінгі кездесуінде ресейлік Андрей Сироткинмен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен тең түскен болатын. Ал дәл осы А.Сироткинді ақпан айында қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов техникалық нокаутпен жеңген еді.
Әзірше Әлімханұлы мен Дигнум арасында өтетін жекпе-жектің орны анықталып жатыр. Әйгілі инсайдер Дэн Рафаэльдің мәлімдеуінше, бұл текетірес ESPN телеарнасындағы бокс кешінің басты оқиғасы болады. Айта кетейік, боксшылар орта салмақта WBO титулының «уақытша» чемпиондық белдігін сарапқа салады, ал бұл дивизиондағы IBF және IBO белбеуі Геннадий Головкинге тиесілі.