Шығыс өңірінде «Мейірім» қайырымдылық акциясы жүзеге асырыла бастағанына төрт жылға жуық уақыт болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2011 жылы өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында қолға алынған айтулы акция аз жылда айтарлықтай нәтиже бере бастады.
Облыс орталығындағы Металлургтер сарайында «Мейірім» акциясы аясында осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар қорытындыланып, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев акцияға белсене қатысқан кәсіпкерлер мен ұжымдардың жетекшілерін марапаттады. Тағдыр талқысына түскен балалардың алғысын арқалағандар қатарында «Қазцинк», Үлбі металлургия зауыты, Өскемен арматура зауыты, «Силикат», «Бипек авто», «Шығыс бройлер» кәсіпорындары, «Әулие Ырғызбай» шаруа қожалығы мен облыстық сот, қаржы полициясы, статистика департаменті, төтенше жағдайлар департаменті, бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті, Қазақстан Халық банкінің облыстық филиалы, Өскемен су арнасы, Катонқарағай аудандық ішкі істер бөлімі сынды мекемелер бар.
– Балалар – біздің болашағымыз. Балалардың келешегі үшін оларға көмек көрсету – әр азаматтың парызы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің мүмкіндігін балалардың игілігіне пайдалану жөнінде тапсырма жүктеп, олардың тұрмыстық жағдайы, көңіл күйі арқылы еліміздің даму деңгейін байқауға болатынын айтқан еді. Мемлекетіміздің бүгінгідей дамыған уақытында аталған санаттағы балалар еш қиындық көрмеуі тиіс, – деді өңір басшысы.
Облыста 2011-2015 жылдарға арналған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында кешенді жоспар қабылданған. Кешенді бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Мейірім» акциясына қатысушылар балалардың есепшотына бүгінге дейін 168 миллион теңге қаржы аударған екен. Яғни, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен әріптестік туралы меморандумға сәйкес, банктегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың есепшотына демеушілер тарапынан қаржы аударылады. Осы қаржы арқылы былтырдан бастап өңірдегі балалар үйінің түлектеріне пәтер беріле бастады. Бір жылдың ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 151 пәтер берілді. Оның ішінде 133 пәтер мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлінсе, қалған 16 пәтерді балалар өздерінің жинақтарының және демеушілердің көмегімен алды.
Атап өткен ләзім, аймақта тұрғын үйді Өскемен, Риддер қалалары мен Зайсан, Ұлан, Шемонайха аудандары көп бөлді. Қазақ халқында «Берсең – балаға бер», «Жетім көрсең жебей жүр» деген қанатты сөздер бар. Осы қағиданы берік ұстанған өңір басшылығы аталған санаттағы балалардың мектеп бітірген соң еңбекке араласуына, баспаналы болуына септігін тигізіп, мәселенің тиімді шешімін тауып отыр. Акцияға белсенді түрде қатысқан «Қазцинк» ЖШС вице-президенті Андрей Лазаревтің айтуынша, кәсіпорын ұзақ жылдар бойы өмірдің ауыртпалығын бастан кешкен балаларға қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде «Қазцинктің» түрлі бөлімшелерінде балалар үйінің жиырмадан астам түлегі еңбек етуде.
Қазіргі таңда облыс аумағында 3658 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Акция жүзеге асырыла бастаған жылдар ішінде бұл санаттағы балалар 12 пайызға, оның ішінде балалар үйінде тәрбиеленушілер саны 25 пайызға азайды. 1890 бала еңбек ұжымдары мен патронаттық ұйымдарға бекітілді. Балалар үйінен 530 бала отбасылардың қамқорлығына алынды.
Жиын барысында түрлі тағдыр тауқыметіне ұшыраған балалардың шығармашылығы бойынша қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті. Онда облыстық арнайы жасөспірімдер үйі, №8 отбасы үлгісіндегі балалар үйі, Көкпекті ауданының К.Раева атындағы балалар үйі, Семей қаласындағы №4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат, Серебрянск қаласындағы психикалық дамуы тежелген жетім балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан көркем туындылар жұртшылық назарына ұсынылды.
Алдағы уақытта өңірде балалар үйінің санын мейлінше қысқарту, барлық жетім балаларды отбасылар мен ұйымдарда патронаттық тәрбиеге алу жоспарланып отыр.
Шынында, кез келген баланың арманы – ата-ана жылуы мен қамқорлығы, туған үйі мен ошағының мейірлі шуағы болса керек. Осы мейірімге зәру балаларды қанатының астына алған «Мейірім» акциясы өңірде әрі қарай жалғасын табатын болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.