Пандемия кезінде облысаралық, халықаралық автобус қатынастары тоқтатылғаны мәлім. Өкінішке қарай, бұл жағдай саланы үлкен шығынға ұшыратты. Мәселен, коронавирус иектеген екі жыл ішінде облысаралық, халықаралық жолаушылар тасымалымен айналысатын 253 кәсіпорын мен 38 автовокзалдың жұмысы шектелген. Яғни 2 627 автобус тұрақта қаңтарылып тұрды. Қазір індеттің беті қайтты. Ал автобус қатынасы толықтай қалпына келді ме? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.
Біз келтірген ресми деректі KAZLOGISTICS Қазақстан көлік одағы бас директорының орынбасары Қанат Мұқышев TransExpert.kz ұлттық сараптама платформасының алаңында өткен жиында айтты. Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау тасымалдың кең таралған түрі екенін ескерсек, пандемия бұл саланы аяған жоқ. Өйткені автокөлікпен жолаушылар тасымалдау қозғалысы біршама уақытқа тоқтатылды.
Осылайша, бизнестің бұл түрі сансыз шектеу мен тыйымның салдарынан көп зардап шекті. Ол аздай індетке байланысты жұмыс тоқтаса да, жолаушыларды халықаралық бағытта автобуспен тасымалдайтындар көлік, мүлік салығын төледі. Жылу, электр энергиясы үшін коммуналдық төлемдерді кешіктірген жоқ. Кәсіпорынның одан арғы қызметін қалыпты ұстап тұру үшін қызметкерлерге еңбекақы төлеуге мәжбүр болды. Әлбетте, бұған тасымалдаушылар кінәлі емес. Ендеше, олардың осы кезеңдегі шығындарын кім өтейді? Аталған мәселе Үкімет деңгейінде көтерілсе де, әлі күнге ашық күйінде қалып отыр.
– Мемлекеттік органдар халықаралық жолаушылар тасымалына тыйым салған соң, заң аясында адал жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер тасымалдау нарығынан әдейі шығарылды. Осыған мәжбүр етті. Бұл аралықта заңсыз тасымалдаушылардың дәурені жүрді. Оларға қарсы қандай да бір шектеу шаралары қолданылған жоқ. Салдарынан заңсыз тасымалдаушылардың қызметі кеңейді. Бұл өз кезегінде қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтірді. Санитарлық нормалар сақталмағандықтан, індет күшейді. Ең өкініштісі, заңсыз тасымалдаушылар жағдайды тиімді пайдаланып, автобус қатынастары нарығынан ойып тұрып орын алды. Сөйтіп, нарықтағы көлеңкелі экономиканың үлесін арттырды. Жолдағы өлім-жітімнің көбеюіне жол ашқан да осылар, – дейді Қ.Мұқышев.
Сондықтан Қазақстан көлік одағы Үкімет халықаралық, облысаралық жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлердің, автовокзалдар мен автостансалардың шығындарын өтеуге тиіс деп санайды. Яғни тасымалдаушылар мен автовокзалдардың шығыны субсидияланып, сақтандыруды ұзарту, автобустарға техникалық бақылау жүргізу, жер және мүлік салығынан босату секілді жеңілдіктер ұсынылуы керек.
Алайда мемлекет тарифтерді өзі белгілеген маршруттарды ғана субсидиялай алады. Ал халықаралық, облысаралық бағытта жолаушыларды тасымалдайтындар тарифті өздері бекітеді. Тиісінше, шығындарын да өздері өтейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Көлік комитетінің Автомобиль көлігі басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Айсин осылай деді.
– Халықаралық бағытта автобуспен жолаушылар тасымалдау қызметінің тоқтатылуына қатысты мәселелер министрлік тарапынан үнемі көтерілді. Осы орайда 2022 жылдың наурыз айында Сыртқы істер министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне халықаралық жолаушылар тасымалын қалпына келтіру мәселесін пысықтау тапсырылды. Дәл осындай мақсатпен Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Тәжікстанға тиісті хаттар жолданды. Соңғы үш елден жолаушылар қатынасын қалпына келтіруге дайындық туралы жауап алдық. Халықаралық бағыттарды жандандыру үшін Ресей мен Моңғолиядан тиісті жауап хат күтіп отырмыз, – деді А.Айсин.
Сондай-ақ Көлік комитетінің өкілі заңсыз тасымалдаушылардың нарықтан орын алып, қызмет көрсетуіне қатысты құқық қорғау органдарымен, Мемлекеттік кірістер комитетінің салық қызметімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Қазақстан көлік одағымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, арнайы әзірленген жол картасы аясында рейдтер жүргізіліп, көліктік бақылау бекеттеріндегі жұмыстар жалғасуда.
– Біз бақылау жұмысын автоматтандыруды пысықтап жатырмыз. Өткен жылы көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін тәжірибе үшін пайдалануға енгіздік. Биыл оны толықтай іске қосуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, жолаушыларды заңсыз тасымалдауды бақылап қана қоймай, автомобиль көлігіндегі жүктерді де назарда ұстамақпыз, – дейді Көлік комитетінің өкілі.
Қазақстан автокөлікшілер одағының басшысы Сәбит Аманбаевтың пікіріне қарағанда, халықаралық бағытта жолаушыларды автобуспен тасымалдау саласындағы барлық мәселе жеке министрліктің жоқтығынан орын алып отыр.
– Саланың мүддесін кәсіби тұрғыдан сауатты әрі нақты қорғай алатын ведомство керек. Біздің бүгінгі бас бұрар орталық мемлекеттік органымыз – Көлік комитетінің Автомобиль көлігі басқармасы. Бұл басқармада бар-жоғы 7 адам жұмыс істейді. Оның біреуі ғана кәсіби маман да, қалғанының тәжірибесі аз және саланың мүддесін қорғай алатындай біліктілікке ие емес. Осының салдарынан автопарктердің тозуы 84 пайызға жетті. Жол бойындағы өлім-жітім деңгейі жоғары. Шетелдік заңсыз тасымалдаушыларға қатысты мәселені реттеу керек. Олар пандемия кезінде тасымалдау көлемін ұлғайтып, нарықтан заң аясында жұмыс істейтін адал ойыншыларды ығыстырып шығарды. Бұған мемлекеттік органдар тарапынан тыйым салынуы керек, – дейді С.Аманбаев.
Қысқасы, нарық ойыншылары халықаралық бағыттағы маршруттарды ашу керек деп санайды. Алайда оларды іске қосу үшін қомақты қаражат керек. Ал жұмыс тоқтаған уақытта кәсіпорынды ұстап тұру үшін тасымалдаушыларға ауыр жүктеме түскенін ескерсек, бұл үлкен проблемаға айналмақ.
– Соңғы екі жылда автобустар тоқтап тұрды. Жүргізушілер құрамы сетінеді. Саланы қолдау үшін шамамен 3,6 млрд теңге қажет. Бұл қаржы дизель сатып алуға, жүргізушілерді жалдауға және басқа да шығындарға жұмсалады. Пандемия кезінде халықаралық бағытта жолаушыларды автобуспен тасымалдау қызметін тоқтату біздің Үкімет тарапынан жіберілген үлкен қателік болды. Соның зардабын қазір тартып отырмыз. Бір қызығы, статистикалық деректерде коронавирусты автобус тасымалы кезінде жұқтыруға қатысты бірде-бір факті жоқ. Мұндай жағдайлар көбінесе темір жол мен авиация саласында анықталған. Ендеше, тыйым салудың мүлде қажеті жоқ еді ғой. Осы жағын әлі күнге түсінбей далмыз, – дейді Қостанай облыстық автовокзалдар және жолаушыларды халықаралық бағытта автобуспен тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Леонид Кушнеров.
ABI Astana компаниясының басшысы Темірхан Күлханның айтуынша, пандемия кезінде нарық ойыншылары ортақ проблемалармен бетпе-бет келді. Олардың негізгісі – мемлекеттік қолдаудың жоқтығы және заңсыз тасымалдаушылар қызметінің өріс алуы.
– Халықаралық автобус қатынасы ашылған күнде біз жолаушылар ағынын қайта қалыптастырып, ұлғайтуымыз керек. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау болса дейміз. Бұл жайында ел Президенті мен Үкіметке, басқа да мемлекеттік құзырлы органдарға хат жолдадық. Әзірше бұл әрекетімізден нәтиже шықпады, – дейді Т.Күлхан.
Өкінішке қарай, пандемия кезінде автовокзалдардың жұмысы да пышырап кетті. Олардың біршамасы білікті қызметкерлер штатын, көрсетілетін қызметтер санын қысқартуға мәжбүр болды. Ол енді бөлек әңгіме.