«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтармен кездесу барысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова проблемалық мәселелерді шешіп берді.
Мысалы, Павлодар облысының тұрғыны, оң жақ жамбас буыны туғанынан сырқат 3-топтағы мүгедек Г.Кенжахмет енді Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жатқызылатын болады. Сонымен қатар, азаматша К.Құлмаева да Астана қаласындағы Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығына жатқызылады.
Астана қаласының тұрғыны К.Әміров пен Қосшы ауылында тұратын Д.Әбішев мүгедектікті ресімдеу үшін көмектесуді сұрады. Азаматтардың мәселелері бойынша С.Қайырбекова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші басшысымен мүгедектікті ресімдеу және жұмысқа орналасу жайын шешу жөнінде әңгімелесті. Д.Әбішевке Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жатқызылуына көмектесілген.
Виллебранд ауруымен науқастанатын 2-топтағы мүгедек Б.Нұрғұзованың мәселесі бойынша Германиядағы профессормен онлайн режімде консультация өткізілді.
Қатерлі ісіктің 3-деңгейіне шалдыққан әкесінің емделуіне қатысты сауал қойған азаматша А.Молдагелдиеваның мәселесі де сол жерде шешімін тапты. Ол Астанадағы онкологиялық диспансерде ем алатын болады.
Қабылдауға алдын ала жазылған азаматтардан басқа, министр қабылдау уақытында келген азаматтармен де кездесті.
Ал дәрігер М.Досыбаевты қаладағы медицина ұйымдарының біріне эпидемиолог ретінде жұмысқа орналастыру үшін Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасына тапсырма берілді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.