Сәуір айында Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиевтің атына сауал жолдап, 40 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның барлық өңіріне ғана емес, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан елдерінде тұратын қандастарымызға да хабар таратып, қазақтың ән-жырына бөлеп келген “Шалқар” радиосы қазір 18 сағат бойы хабар таратқанымен, еліміздің өз аумағының 61,3 пайызын ғана қамтитынына өкініш білдірген болатын. Өз сауалында ол нақты ұсыныстар жасап, “Шалқардың” уақытын 24 сағатқа жеткізуді және оны баяғы күшіне енгізіп, аталмыш елдер аумақтарына да тарату қажеттілігін айтқан еді. Осы сауалға А.Смайыл, Г.Сейітмағанбетова, Б.Тілеухан, А.Момышев секілді депутаттар да қол қойып, ұсынысты қолдаған.
Жуырда Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиевтің атынан депутат-тарға жауап келіпті. Онда министрлік бұл мәселенің көтерілгені орынды деп санайтынын жеткізе келіп, “Шалқар” радиосының алдағы уақытта республика көлеміне толық таратылуы жөнінде “Қаз-телерадио” АҚ-қа арнайы тапсырма берілгендігі айтылыпты. Сонымен бірге, оның хабарларын Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қысқа толқынды жиілікте таратудың техникалық мүмкіндігі болғанымен, мәселені шешу қаржыға тірелетіндігі көлденең тартылған. Сөйтіп, “Шалқар” әлі де толық күшінде шалқи алмайды екен.
Жақсыбай САМРАТ.