Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжанның таңғы шықтай мөлдіреген әңгімелерін құмартып оқимын. Әр кейіпкері туысымдай көзіме жылы ұшырап, беймаза сезімге бөлейді. Айталық, «Ергежейлі» әңгімесіндегі бас кейіпкер – құдды біздің ауылдағы Жылқыбай ағама ұқсайды. Оның таудан тас домалатқандай алдыр-салдыр мінезіне бала біткен «жынды» деп күлетінбіз. Дүйім бала сыртынан сықылықтап мазақ қыламыз. Ол болса, маңайында қаулаған қиқар сөзді елең қылмай, өз білгенімен мәз болып, өзінше өмір сүріп, жүріп жатады. Ептеп өлең жазады. Онысын ешкім көңіл бөліп оқымайды.
Қабырғалы қаламгердің Яғымусы, сайқымазақ балалардың тілінде «жағымсыз» аталып кеткен кейіпкері еш қалыпқа сыймайтын, өз басымен өзі алысып жүрген әпенде мінезі көңілімді қатты толқытты. Әлгі әңгімені оқығаннан кейін әдебиетке құштарлығым оянды. Жазушы болсам деп армандай бастадым. Кейін Жылқыбай ағамның жүріс-тұрысына жаным ашитын болды. Сөз саптасы, қалыпқа сыймайтын бейнесі көз алдымнан еш кетпей қойды. Бірде ашық-шашық, келесіде томаға-тұйық жүрісі кісі күлерлік, әрі ерсі, әрі оғаш. Аузындағысын бөтенге жырып бергендей ақкөңіл, алаңсыз, артында зілі жоқ.
Ергежейлі Яғымус – бұрын ұшыраспаған, тосын бейне, тың образ.
Құйтақандай кішкентай кейіпкерін жазушы жанды қуыршақша шырқ үйіріп сөйлете білген. Жан сарайын аралап көрсеңіз, жүрегіңіз сыздайды. Яғымустың жанары осы мезет кішкентай күнге ұқсады, жарығы таусылып, сөніп бара жатқан қызыл нұр ше. Қызыл жас. Ызығут өмірде жалғыздық дертінің болатынын алғаш рет сонда сезіндім. Әлгі қызыл жаста сол дерттің тұнбасы… тұзы… үлкендерге деген өкпе… тіпті күміс тісті Күмісбектің қиянаты… біздің әзіліміз… жәбіріміз… бәрі-бәрі тұнып тұр-ау, тұнып тұр. Жүрегім әлдебір жаманшылық сезгендей езіле соқты. «Далабай, күннің бетінде де өмір бар білем, деді ол. Жауап беруге батпадым. Бірдеңе десем-ақ, Яғымус күн батқан жаққа жылыстап кетіп қалатындай көрінді. Егер ол шынымен кетіп қалса, кімді ермек етпекпіз, кімге күлмекпіз?..». Әңгіменің өне бойынан жалғыздық… жетімдік… жетіспеушілік… дерті желдей еседі. Жүрегіңді кермек мұң кеулеп, тұнжырай түсесің, әлемтапырық күй кешесің. Яғымустың жалғыздық дертін өзің де бастан кешкендей боласың. Сөз, сөйлем баланың ойымен өріліп, әрқилы әсерге бөлеп, бесіктегі сәбише тербетеді. Жүрекке қоңыр мұң ұялайды. Шығарма нендей кепті сөйлетсе де оқылып, оқырман ойын сан-саққа жүгіртіп, толқыта білсе, дегеніне жетті деп білгейсіз.
Жазушының ұлтымыздың сан ғасыр бойы қанына сіңген салт-дәстүрінің қайнар көзін ашқан, үріп ауызға салғандай, таңдайдан дәмі кетпес балшекердей әдемі штрих пен көрініске толы «Қымыз» атты әңгімесі ұлттық сусынның жасалу, кемелдету, ұлықтау үлгісінің көркем энциклопедиясы есепті. Бейне шөліркеп келіп кәусарға бас қойғандай хикметке енесіз. Саба әзірлеудің өзі үлкен өнер шоқтығына көтерілген. «Өлкеге әйгілі Ақәділ ұстаның қолынан шыққан бұйым осы. Өрік ағашынан қиып құраған сөре саусақ тисе, өз-өзінен «сөйлеп кетеді». Сөренің төрт жақтауы жаңа туған ай секілді аппақ сүйекпен зерленген. Көзді арбап құбылады. Сөреден төменірек кереге басына ілген қос бірдей саба шермиеді, бірі тайсаба да, келесісі – құнан саба. Сабаның сырт жүні құндыздың күзгі түгіндей күреңітіп, жақұтша жылтырайды, ішіндегі қымыз табы өтсе өстеді. Бұл сабаны Түркістан ұстасы жасаған. Жылқының терісін іреп сойып, сүріп, шеліп, көлеңкеге кептіреді, қымыздың бетіне шыққан іркітінен жасап, иге салады. Құнан терісі бықырған иде апта жатады. Исінді болған теріні кермеге іліп, қырғышпен қырады, шелиді, сөлін сылиды. Таза тері көгеріп шығады. Саумалап саба ғып тігеді. Жас тобылғыны өртеп, ащы түтінмен ыстайды. Ысталған сабаға саумал құйып, күнұзақ ерінбей шайқайды, саумалын төгіп тастайды. Және ыстайды… және саумалмен шаяды… Қашан құйған қымыздан тері дәмі кетіп, тобылғы табы қалғанша өстіп алмастыра береді…». Танымдық бояуы көзге ұрады. Сыршыл суреткердің ежіктей тәптіштеуінің жөні бөлек, жүрекпен ғана ұғасыз. Сабаның не екенін білмейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны рас. Ата дәстүріміздің көмескіленіп бара жатқаны да жүрегіңді сыздатады.