Қадыр Жетпісбаев ұлттық театр өнерінде өзгеге ұқсамайтын өз мәнері мен өз стилі айқын режиссеріміз еді. Ол өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдарында қазақ театрының жаңа тынысын ашқан, сахнамызға реализм мен романтика үйлесе қабысқан эмоционалды шарттылықты алып келген сол тұстағы аса талантты суреткеріміздің бірі болатын. Алпысыншы жылдары Мадиевский мектебінен шыққан Маман Байсеркенов, Есмұхан Обаев, Виктор Пұсырманов секілді қуатты өнер тарландарының қатарынан өзінің өрттей ыстық темпераментімен, сауатты сахналық стиль-мәнерімен дараланған Жетпісбаевтың Жастар мен жасөспірімдер театрында, Әуезов театрында алғашқы қадамдарына қуана қол соққан көрермендердің бірі болғаным есімде.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары... Алматының қақ төріндегі екі театрдың әр қойылымы оқиға болып өтетін кез... Реформатор-Мәмбетовтің «Ана-Жер Анасы», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш – Баян сұлуы» ел аузынан түспей өнер аламанының дүркіреп тұрған қиқулы шағында мен Мәдениет министрлігіне репертуарлық-редакциялық коллегияға қызметке келдім. Ұсыныс жасаған – марқұм Сафуан Шаймерденов ағамыз. Шақыртқан – министр Мүсілім Базарбаев. «Нұрлан, театр дейтін өзге әлем. Сен жас адамсың... Өлеңдеріңді оқып тұрамын. Дұрыс... Министрлікке бір сауатты редактор керек. Жұмысқа шақырайын, деп отырмын. Қалай қарайсың?» деді барлай көз қадап... «Ойланайын, ағай...» дедім. «Ойланатын жер емес. Министрлік – келіп, қызмет ететін жер», деді Сафуан ағамыз мырс етіп күліп. «Үйің жоқ екен, үй аласың, бұйырса... Мүсілім Базарбаев Қонаевқа тура шығып, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне қаладан қаптатып үй алғалы жатыр... Ілігіп кетерсің... Қысқасы, бұл жерге келгеніңе өкінбейсің... Жазатын адам қайда жүрсе де жазады...», деді.
Бұл – 1972 жылдың ақпаны еді.
Қазіргі Қалдаяқов көшесі (ол кездегі 8 март көшесі) мен Гоголь көшесінің қиылысындағы екі қабатты шағын қызыл күрең үйден шығып келе жатыр ем, алдымнан қасында аласа бойлы, жүрісі ширақ бір жігіті бар Сәкен Жүнісов ағамыз кездесе кетті. Амандасып, жөн сұрасты. Мен болған жәйді айттым. Ол кісі «Ойланба! Бар да, еңбек кітапшаңды ал да, кел!» деді. Күле қалжыңдап, арқамнан қақты: «Пьеса жазғысы келетіннің бәрі алдыңа келеді... Зыр қағып... Рецензентің, міне, мына тұрған ағаң «Ажар мен ажалды» қойған Қадыр Жетпісбаев... Режиссер...» деді.
Қадыр Жетпісбаевпен таныстығым осылай болды.
Сонымен...
Сол жылы көктемде ақын, журналист Нұрлан Оразалиннің өмірінде жаңа бір кезең басталды. Бұрын да екі театрдың бірде-бір спектаклін жібермей, кейде екі, кейде үш қайталап көріп жүретін өнердің осы бір түріне деген ішкі ынтызарлығым мені театр әлеміне қиналмай енуіме себеп болды.
Шынында да, мен қызметке орналасқан репертуарлық-редакциялық коллегия драматургтер мен режиссерлердің қойын-қолтық араласып, ию-қию әңгіме көрігін үрлеп жататын, ордалы жері екен. Драматургтер пьесаларын әкеледі. Тапсырады. Мен оқып шығып, қорытынды пікір жазамын. Немесе... Пьеса танитын, шығарманың көркемдік сапасына баға беретін білікті, білгір сыншыларға рецензияға беремін. Олар «жарайды», «жарамайды» деген қорытынды сөздерін қағазға түсіреді. Байқаймын. Менің жатпай-тұрмай коллегия жұмысына жан сала кіріскенім Сафуан ағамызға да, театр репертуарын жаңа дүниелермен жасақтау үшін жиі келіп, шапқылап жүретін режиссерлерге де ұнай бастаған тәрізді.
Осы арада жүріп, Қадыр Жетпісбаевпен жақындаса түстім. Жамбылдан – Маман Байсеркенов, Қарағандыдан – Жақып Омаров, Семейден – Есмұхан Обаев, Атыраудан – Мұхтар Қамбаров, Шымкенттен – Әскер Құлданов, Қызылордадан – Темір Хұсейінов, Торғайдан Ерсайын Тәпенов секілді әрқайсысы бір-бір облыстық театрдың көшбастар марқасқалары келіп, пьеса оқиды, ұнағандарын таңдайды, жаңа репертуарды жасақтайды. Жастар мен жасөспірімдер театрынан – Мен Дон Ук пен Виктор Пұсырманов, Әуезов театрынан Қадыр Жетпісбаев келеді. Кейде Райымбек Сейтметов төбе көрсетеді... Репертуарлық коллегиядағы шығармашылық тұлғалардың дабыр-дұбыры, еркін жүрістері өзге бөлімдерге аса ұнай қоймайды... Келетін драматургтеріміздің дені есімдері елге кең таныс атақты кісілер. Әлжаппар Әбішев, Әбділдә Тәжібаев, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Садықбек Адамбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Оразбек Бодықовтар... Ең кішісі – Қалихан ағамыз. Кабинеттен басталған гу-гу талқылау кейде іргедегі үлкен парк ішіндегі «Жұлдызда» жалғасады... Министрліктен мен және театрлар бөлімінің бастығы Әшірбек Сығай қатысады... Ара-тұра театрлар бөлімінің бас инспекторы Қадыр Каримов келеді. Нағыз кулуардағы қызу айтыс-тартыс... Министрлікке келеміз... Жолда гу-гу... Кабинетте гу-гу... Пьеса талқылау... Бас редакторымыз – Сафуан Шаймерденов. Келушілер әуелі сол кісіге кіреді. Сонан соң маған жолығады. Мақсаттары – қолға жақсы пьеса түсіру...
Бір күні Әшірбек досым келіп: «Әй, данышпаным! Мыналар министрлікті көшіріп кетер... Байқа! Бұлар кетеді... Біз қаламыз... Таяғы кімге тиетінін ұмытпа! Графикпен қабылда!» деді... Айтқаны келді... Мені министрдің орынбасары Жексембек аға Еркімбеков шақырды. «Слушай, Нұрлан, бұл ара – Жазушылар одағы емес, бұл ара – министрлік! Мемлекеттік мекеме! Үстеріңнен шағым айтылып жатыр. Ресторанға баруды тоқтату керек! Режиссерлерді көп тойтаңдатпай, қалаған пьесаларын алсын да, қонақ үйге апарып оқысын. Таңдасын. Алсын. Қайтсын!» деді тәртіпке шақырып...
Мен ол кезде жасым 25-26-лардағы жас жігітпін. Мүйіздері қарағайдай ағаларыма «қойыңыздар» деуге дәтім де, құқым да жетпейді. Әйтеуір, шама келгенше, тәртіпке түсірген болдық. Жылына кейде бір, кейде екі рет болатын коллегиялардың тұсында келіп, режиссерлеріміз пьеса таңдайды... Сондай қызықты күндердің бірінде Оралхан Бөкеймен кездесіп: «Қайдасың, қасқа құлынымнан!» пьеса жасауға болар еді...» дедім. Орекең маған жымия қарап: «Рас айтасың ба?» деді. Мен: «Мықты пьеса жасауға болады!» дедім ойымды шегелеп.
Арада үш-төрт ай өтті...
Бір күні Қадыр екеуі қол ұстасып келіп тұр. Оралхан:
– Өткен жолғы тапсырмаңды орындап, пьесаны мына Қадырдың қолына тапсырдым! – деді.
– Мықты дүние болады! Жасаймыз... – деді режиссер ағамыз.
– Мықты дүние болады? Жасаймыз?
– Иә... Болады! Жасаймыз! – деді Қадекең.
– Бар нәрсенің несін жасайсың? – деді Орекең шамырқанып.
– Оралхан, сен ренжіме! Бұл бергенің – әзірге литературный материал!
Орекеңнің өңі бұзылды:
– Материалың не? Қолыңдағы көркем шығарма ғой!..
– Жарайды... Сөзге жармаспа!
– Қолыңдағы көркем шығарма! – деді Орекең сөзін нығарлап.
Осыдан жарты ғасырдай бұрын болған осы бір әңгіме есіме түсіп, іштей үнсіз жымидым. Неткен таза, тұнық күндер еді?.. Екеуі қол ұстасып, келіп, екі бөлініп кете жаздап, қайыра табысқан сәт қаз-қалпы көз алдымда тұр...
Қайран, Қадекем-ай!
Қайран, Орекем-ай!
Ақыры менің редакторлығыммен «Құлыным менің» пьесасы сахнаға жолдама алды. Екі дос бірде келісіп, бірде керісіп жүріп, спектакль, әуелі, көркемдік кеңеске, сонан соң министрліктен келетін комиссияға тапсырылды... Бір емес, екі, үш рет тапсырылды. Автор мен режиссер отқа үш кіріп, үш шықты. Оралхан әр сөзін қызғыштай қорып әлек. Қадыр спектакльдің тұтастығы мен стилін ойлап шырылдайды. Пьеса авторының ұлттық рухты қайтсек сақтап қаламыз, дейтін жан-дәрмен айқайын арқалаған Бозтайлақ қасіретін спектакльдің алтын өзегі ету оңайға түспеді. Ел аузында кең жайылып кеткен «Құлыным» үш құлап, төртінші жолы ғана сахнаға жіберілді, деген әңгіме осы кезде болды. Спектакльдің үш сүрінуі авторға да, режиссерге де оңай тимеді. Осыған дейін жазған дүниелері қамшы салдырмай, озып үйренген Оралхан Бөкей төртінші тапсырылуда иығы салбырап, залдың бір қараңғы бұрышына тығылды. Жексембек Еркімбеков келді. Орталық Комитеттің бөлім басшысы Михаил Есенәлиев келді.
Сонымен... Прогон бір деммен, жинақы, сәтті өтті... Зал тыныш. Әлденуақ жоғарыдан келген ағамыз Михаил Иванович Есенәлиев орнынан тұрып: «Оралхан қайда? Қадыр көрінбейді ғой?» деді. Деді де аспай-саспай қолын соқты. «Құттықтаймын!» деді салмақты салтын сақтап. Театр іші гу ете қалды. Шетте тұрған Оралханның көзінен тамып түскен қос тамшыны көргендей болдым... Қуаныштың... Өнердің көз жасы... Өнердің қос тамшысы... Қайран, құдіретті қазақ өнері-ай!
Шынында да, бұл сирек болатын жағдай. Кинода Асқар Сүлейменовтің сценарийімен қойылып, ұзақ жыл полкада жатқан «Құлагердің» тағдырын еске салар «Құлынымның» комиссия талқысына төрт рет түсуі көп сұрақ тудырғаны рас. Жаңа дүние, жақсы дүние! Қазақтың тағдырынан суыртпақтай отырып, қолқаңды қозғайтындай қасіретті сыр айту, әрине, ауыр! Әсіресе идеологияның қылбұрауына түскен қоғам үшін мұндай ойды сахнаға алып шығу ауырдың ауыры! Оралхан жазды! Қадыр қойды! Ұлт тағдырына қатысты ащы ойларды тұспалдап айтып, оқырман мен көрермен жанын қозғау керек! Бетін тырнап, қанын шығарсаң, шығарманың жолы кесіледі. Кеңестер Одағы дейтін идеяға бағынған империяның айдынында жүріп жатқан көлеңкелі, күнгейлі өмірді көркем әрі шыншыл етіп жазу, шама келсе, әлемдік классикалық тартыс деңгейіне көтере жазу – мақсат! Қадыр Жетпісбаев қойған аталған спектакль төркінінде осындай күрделі тартыс бар-тұғын. Жойылуға бет алған ұлттың ұлы құндылықтары менмұндалап тұрған көркемдік қуаты мен кернейі мықты дүние еді! Арада жарты ғасырдай уақыт өтсе де қазіргі ТЮЗ-дің сахнасынан (Әуезов театрының ескі ғимараты) саңқ етіп, көрермен ойына өрт салып өтетін Бозтайлақ рөліндегі Тынымбек Пірімжановтың отты көзі – жадымда! Жалынды сөзі – құлағымда! «Әй, Ардакүрең-ай! Екеуіміздің тағдырымыз қалай ұқсас еді?! Мен қалаға сыймадым. Сен ипподромға көнбедің!..» деп, шамырқана қозғалып, қамшысымен етігінің қонышын тартып қалатын ойлы, мағыналы мизанцена әлі күн көз алдымда тұрады. Көңілімнен кетпейді. Әуелгіде «осы арада бір сөзім қысқарып қалды», деп ашуланған Орекеңнің бірінші премьерадан соң Қадырды айқара құшақтап, емірене сүйгені, орнынан тік көтеріп алғаны есімнен кетпейді...
Иә... Шынайы творчествоның қуанышты сәттері екен ғой осының бәрі...
Турасын айту керек. Он екі жыл министрлікте редактор, аға редактор, бас редактор болып қызмет еткен кезең – мен үшін айрықша ыстық, театрдың жаратылысын танып, драматургия дейтін жанрдың қыр-сырын игерген, өнер әлеміне барынша терең бойлауға ұмтылған кезең. Оралханның «Құлыным менің» – менің редакторлық қызметімнің ғана басы емес, драматургияға жаңа леп алып келген, жаңа, жас буынның өнер қақпасын айқара ашып, еркін кірген кезеңінің басы еді. Оралханнан соң Дулаттың «Әпкесі», менің «Шырақ жанған түнім», Ролланның «Өзімді іздеп жүрміні», Баққожаның «Қош бол, ертегісі!», Смағұлдың «Жаңа айдың жүзі», Әділбектің «Махаббат аралы», Сұлтанәлінің «Қыз жиырмаға толғанда», т.т. тәрізді жаңа дәуір дүниелеріне жалғасты.
«Өткен өмір – аққан су» дейді біздің халық.
Осы сөзді Сағат марқұм жиі айтушы еді.
Рас екен.
Аманкелді Мұқанов дейтін театртанудың жаңа кезеңіне қызу араласып, тер төгіп, еңбек етіп жүрген ініміздің айтуымен Қадыр Рақымбайұлы Жетпісбаев жайлы естелік жазу барысында мен өткен ғасырдың соңғы отыз жылы мен жаңа ғасырдың елең-алаң басына қайта оралғандай болдым. Өткен айлар мен көшкен жылдар сағым құшағында қалған сардаланың суретіндей болып, тізіліп өте бастады.
Театр дейтін текті әлемнің көш керуені! Басы жиырмасыншы ғасырдың құла таңымен жарысып өмірге келген «Ес-Аймақ», «Қояндының» қалың жұртын аузына қаратқан тума таланттардың кескін-келбеттері елестеді... Дала театрының Дель-Артесімен тілдескендей болдым. Есіме ұлт театрының алыптары түсті... Елуінші... Алпысыншы... Жетпісінші жылдарға жетіп, аптығымды бастым...
Иә... Шанин, Тоқпанов, Мәмбетовтерден көсем өнердің эстафетасын алған жаңа буын режиссерлерінің ішінде Жетпісбаевтың орны айрықша еді. Біз білетін суреткер Қадырдың қойылымдары көрермен жанына нұр мен шуақ, ой мен парасат себе отырып, адам баласына тән қуаныш, қайғы, қасірет, шаттық, махаббат, зұлымдық дейтін мәңгілік ұғымдарды тануға талдауға, бағалауға жұмылдыратын көркемдік сапасы жоғары, кернеуі кең көркем дүниелер еді. «Хан Кене», «Юлий Цезарь», «Дос-Бедел дос», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Одиссея», «Ажар мен ажал», «Құлыным менің», «Өліара», «Апа, апатай», «Анамның ақ көйлегі», т.т. секілді ұлт театрының көркіне айналған кезеңдік туындылар өз кезінде көрерменінің ыстық ықыласына қалай бөленгенінің куәсі болғанбыз.
Мен Қадырмен жақын араласқан жылдарда оның өзіне де, өзгеге де қатал талап қоя білетін, театр өнеріне ессіз берілген шынайы суреткер, нағыз шығармашыл тұлға екеніне көзім сан мәрте жетті. Жақсы спектакль көрсе, өзі қойғандай қуанып, сүреңсіз спектакльге қолын бір-ақ сілтеп, «сөзді қор етудің керегі жоқ» деп бұрылып кетуші еді. Тіпті болмаса, басын бауырына тығып, үнсіз қалатын. Сондай сәттерде маған жымың етіп қарап Әшірбек марқұм: «Қадекең ұнаған, ұнамағанын тым құрыса жасыра да алмайды... Өзгелер секілді өтірік көлгірсу де келмейді қолынан... Қарашы, түрі айтып тұрған жоқ па?..» деп ішек-сілесі қата күлуші еді. «Жетпісбаевта ми жоқ... Өйткені тұла бойы жүрек пен талант!» деуші еді Асқар Сүлейменов.
Қадыр Жетпісбаев ізденуден жалықпайтын, сахнаның қыр-сырын шебер игерген, өзінің ойы мен бойында барын қойылымға шашау шығармай, төгіп-шашпай, жүрегімен, жанымен өріп отырып салатын, көрерменін бірден жаулап алатын сиректер санатынан еді. Режиссердің шабыт пен шеберліктің биігіне көтерілген ең бір шаңқайлы кезеңі – Республикалық Ұйғыр театрында бас режиссер болып істеген жылдары болды... Оның осы театр сахнасына шығарған «Одиссеясы» мен «Анамның ақ көйлегі» спектакльдері театртанушылар мен сыншылары тарапынан жоғары бағаланғаны да, М.Лермонтов театрында қойған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінің көрерменнің ыстық ықыласына бөленгені де осы кезеңде.
Айта берсек... Өзінің өркенді өмірі мен тарланбоз тағдырын қазақ театрына өлшеусіз арнап, «күндіз – күлкісін, түнде – ұйқысын» сахнаның сәні мен салтанатына, уайымы мен қайғысына арнап жүріп, ғұмыр кешкен ұлт өнерінің бағы мен сорын жүрек таразысы арқылы өткізе жүріп, үлкен өнер жасаған замандасымыз туралы сөз көп.
Саңлақ суреткердің өлшеуге көнбейтін шығармашылық болмысы да, отбасылық өмірі де өзгеше еді. Зәуреш жеңгемізбен қол ұстасып қатар жүрген сәт-сағаттары, мына жалған дүниеден тым ерте кеткен ұлы мен қызының қасіреті, басын тауға да, тасқа да ұрып жүріп, үзеңгілес достарын жоғалтқаны Қадыр өмірінде ізсіз қалған жоқ. Ойы, қасіреті, өмір жайлы пайым-түйіндері сахна төрінен үздіксіз сөйлеп жатты... Әсіресе... Ұлы Абылайдан мезгілсіз айырылған тұстағы зар-қайғысын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес... Өмірдің ұсақ-түйек, отбасы-ошақ қасылық арбаулары мен тұсауларына шығармашылық күрескерлігін бағындыра бермейтін Қадырды өз ортасы – театр дейтін сыры мен жұмбағы мол әлемнің үлкен-кішісі айрықша жақсы көретін. Әріптестері мен режиссердің талантын бағалаушы қалың жұрты өнер тарланын сирек таланты мен суреткерлік болмыс-бітімі үшін, азаматтық ұстанымы мен өмірдегі есепсіз адалдығы үшін сыйлайтын...
Иә... Уақыт өтті...
Біз Алматыда қалдық. Ол әріптес досы марқұм Жақып Омаров ине-жібіне дейін түгендеп жүріп, жүрегін, жанын салып ашқан Қаллеки атындағы драма театрына ие болып, Астанаға көшті...
Арқаның ақ бораны ақырап, сары аязы сақылдап тұрған кезеңнің бірінде мен Қадекеңді іздеп, Астанаға, театрға бардым. Қадыр өзінде екен. Мені көргендегі қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес еді. Шашының ағы молайғанымен, рухы, мінезі беріспей, салған жерден шығармашылық жоспарларын айтты. Жаңа-жаңа Арқаға келіп, көш-көлігін түгендеп, үзеңгі-бауын бүтіндеп үлгермей жатқан азаматтың бойынан қайғыны жеңген өнер иесінің қайсарлығын көргенде, мен де іштей қуандым. «Жақып марқұм өзі құрған театрына түренін тереңдетіп-ақ салған екен... Отырсам да, тұрсам да, репетиция жасасам да саңқылдаған үні құлағымнан, ақжарылған күлкісі көз алдымнан кетпейді. Мына кішкентай ғимараттың әр бұрышынан Жақыбым шыға келетіндей көрініп тұрады...» дегені есімде. «Сенің «Қилы заманыңды» ала келіп ем... Түбі сахнаға шығарам ба деген үміт. Есіңде ме, 1987 жылы спектакль шыққалы тұрған жерінен тоқтатылып еді ғой! Әттең! Сол жолғы екі кезең үндестігін 1916 жыл мен 1986 жыл арасындағы ғажайып байланысты Жәмекеңнің түсі етіп беретін формам қалай еді, Нұрлан? Есіңде ме? Сенің қарсылығыңа көнбей, Қарқара қырғынын Желтоқсан көтерілісімен жалғауым сахнадағы жаңалық еді ғой?! Солай ғой, ә?! Сола-а-й! Бірақ ЦК-дағыларға біреулер жеткізген... Бірден тоқтатты! Ұлы Мұхаңнан да, сенің Қарақолда атылған ұлы бабаларыңнан да шімірікпей... Бірден тоқтатты! Желтоқсан үшін сен горкомның бюросына, Сағат марқұм ЦК-ның Бюросына түсіп жатқан екенсіңдер ғой... Қайдан білейік? Өзің айтпайсың... Кейін, елден естідім... Енді сол шешіммен қояйын десем... мына театрда мүмкіндік жоқ! Жоқ! Круг жоқ! Колосник жоқ! Авансцена... Жо-оқ! Қос порталға шынтағың сыймайды. Жоқ жерден, түгі жоқ горкомның кішкентай мәжіліс залынан театр жасаған Жақып нағыз ер!» деді жадырай жымиып. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ... Авансценасынан сыбырлаған дауысың артқы қатарға естілетін қайран әкемнің театры-ай! Қадірін жаңа біліп жатырмыз?!.» деп еді күрсініп...
Сол жолы Қадекең екеуміз іш босатып, ұзақ әңгімелестік. Өткен-кеткенді айттық...
– Сен де... Театрдан алыстап кеттің. Пьеса жазуды қойдың? Дұрыс емес. Сахнаның жайын білетін, театрдың жанын ұғатын жігіттер жазғаны дұрыс! – деп еді қоштасып тұрып тарланбоз тағдыр иесі. Сол жолы Қадырдың көзінен бір тарқамас мұң мен сейілмес сағынышты көргендей болып ем. «Алматыға сәлем айт. Сағынып жүрмін. Ондағылар шақырса... Барып, Әуезов театрының сахнасына бір ғажап спектакль қойғым келеді. Боздап тұрып, елді, жұртты боздатып тұрып... Мәңгілік өмір туралы! Жазшы! Жазыңдаршы! Мен сахнаны, залды, театрдың төрт керегесін қозғап тұрып, бір сұмдық спектакль қояйын! – деп еді.
Иә. Қадырдың сахнадағы өмірі ыстығы мен жалынын ешқашан бәсеңсіткен емес.
Араға уақыт салып талай сахналық дүниені боздатып өмірге алып келген өрісті өнердің мэтрі ойда-жоқта ел-жұртын боздатып өзі өмірден өтті.
Бүгін, міне...
Өмірден өзі озғанымен өнері, ойы, ұлт театрымен қатар өмір сүріп, жүрегі ұлт өнерімен қатар соғатын Қадыр туралы, өкінішке қарай, өткен шақпен сөйлеп, естелік жазып отырмын. Жиырмасыншы ғасыр туралы, аламаны қалың ұлы дәуір жайлы сөз айтқан сайын, театр дейтін киелі өнерге қалай ат басын бұрсақ, сол театрдың ұлт топырағында тамырын терең жаюы үшін бар саналы өмірі мен саңлақ болмысын арнағандар санатында өрісті тұлға, өркенді өнер иесі, Қазақстанның халық әртісі, талантты режиссер, тарланбоз тағдыр иесі Қадыр Рақымбайұлы Жетпісбаевтың да тұрары даусыз...
Уақыт алыстаған сайын талдау, тану, саралау, зерттеу, бағалау мәдениеті тереңдей түсер театр дейтін сиқырлы, сырлы жұмбақ әлемнің аспанынан Қадыр Жетпісбаевтың Мәңгілік Өмірі де жиі-жиі тіл қатары хақ.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын-драматург,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты