Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлері кәсібін дөңгелету үшін мемлекеттің жұмыспен қамту бағдарламасын тиімді пайдаланып жүр. Осы бағдарлама арқылы қалада жаңа жұмыс орындары құрылды. Міне, жаңадан құрылған орындарға жұмыссыз елордалықтарды орналастыру жүріп жатыр.
«Биылдан бастап жастар практикасы «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы арқылы көптеген жастарды шақырып, алғашқы тәжірибе алуына жұмыс беруші ретінде көмектесіп жатырмыз. Мемлекет жұмыс берушіні қолдап, жұмыссыздықты азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Ұлттық жобаға өз тарапымнан үлес қосып жүргеніме қуаныштымын», деді жеке кәсіпкер Айбек Нәби.
Өз кезегінде білім беру орталығының қызметкері қанша маман жұмыспен қамтылғанын жеткізді.
«Орталығымыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Көктал шағын ауданында орналасқан. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істеп келеді. 2018 жылдан бастап Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жұмыс істеп келеміз. Нақты айтсам, 2018 жылы 7 маманды, 2019 жылы 17 маманды, 2020 жылы 21 маманды, ал 2021 жылы 27 маманды жұмыспен қамтыдық. Енді 57 маманды жұмыспен қамту бойынша келісімшарт жасастық. Қазір «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Серебрянный возраст» бойынша 17 маманды жұмыспен қамтып отырмыз», деді білім беру орталығының қызметкері Анар Бекаримова.
Жұмыспен қамтамасыз етілген жастар бағдарламалардың артықшылығы жайлы пікір білдірді.
«Қоғамдық жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастым. Бұл жұмыс өзіме қатты ұнайды. Әріптестерім де осы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасты», деді қызмет алушы Айғаным Орманбайқызы.