Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен жапониялық Рёта Мурата арасында өтетін жекпе-жектің нақты уақыты белгілі болды. Бұл туралы бокс кешін тікелей эфирде көрсететін Qazsport телеарнасы хабарлады.
«Жапонияның Сайтама қаласында ұйымдастырылатын Головкин-Мурата арасындағы кәсіпқой бокс кешінің трансляциясы 9 сәуірде Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-де басталады. Кездесуді теледидардан бөлек, qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайты мен qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы тікелей эфирде көруге мүмкіндік бар», делінген ресми хабарламада.
Ал негізгі жекпе-жектің нақты уақыты әзірге белгісіз. Өйткені барлығы андеркардта шаршы алаңға шығатын боксшылардың кездесулеріне байланысты. Дегенмен, бейресми ақпарат бойынша, Головкин-Мурата айқасы елорда уақытымен кешкі 19:00 – 20:00 аралығында басталады деп күтілуде.
Айта кетейік, бұл жекпе-жекте Головкиннің орта салмақтағы IBF, IBO және Муратаның WBA Super чемпиондық белбеулері сарапқа салынады.