АҚШ-тың бұрынғы президенті, кіші Джордж Буш көпшілікке бірінші рет өзінің әлем елдері лидерлерін салған суреттерін көрсетті. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Джордж Буш бұл кәсіппен көптен бері айналысып келе жатқанға ұқсайды. Ол өзінің галереясына соңғы кездері Ресей президенті Владимир Путин мен Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэрді қосыпты. Осы портреттерінің біразын NBC телеарнасынан көрсете отырып, ол тілшіге сұхбат берген.
Кіші Буш өзінің сөзінде Владимир Путин жөнінде де баға бере кетіпті. «Мен президент болып тұрған кезімде Путинмен талай рет кездестім, мен оны өте жақсы білемін», - деді ол.
«Біздің өзара қарым-қатынасымыз қашаннан жақсы болды. Арасында кикілжіңге келіп қалған кездеріміз де кездесті», - деп атап өтті Буш.
Портретте Ресей президенті анфастан алынған, жұқа пастельмен салынған, бояулары қалың.
Өзінің хоббиі туралы айтқанда, Буш: «Мен өзімнің кейінгі өмірімнің мәнді болғанын қаладым. Сурет салу маған сана-сезімімді кеңейтуге көмектеседі», - деді. «Мен ұлы суретшілердің санатына жатпаймын, - деді ол тағы. – Жұрттың да өзімді олай қабылдамағанын қалаймын».
Ақ үйдің бұрынғы қожайынының осы және басқа да полотнолар Техас штатының Даллас қаласындағы кіші Буш атындағы президент орталығына қойылған. Бұл көрме бүгін, сенбі күні ашылады. Оның экспозициясына ГФР канцлері Ангела Меркель, Ауғанстан президенті Хамид Карзай, Италияның экс-премьері Сильвио Берлускони және басқалар бар.
Кіші Джордж Буш кескіндеме өнерімен 2009 жылы президенттіктен кеткеннен кейін шұғылдана бастапты.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: ИТАР-ТАСС.
Фото: ИТАР-ТАСС.