Адамның қанша жасқа келсе де сағынышпен еске алатын сәулелі сәттері болады. Солардың ең тәттісі періште пейілді балалық шағы болса керек. Тал бойы тазалыққа, жүзі нұрға, жүрегі жұмсақтыққа толы балғын кезеңнің бас бермес асаудай жүйтки шығатыны қиын. Ауыл балалары атқа мініп, айран ішіп, асық ойнап, асыр салып жүргенде, қаладағы қатарластарының басым көпшілігі тар аулада таласып, таңнан кешке дейін балабақшада күндері өтіп жатқаны белгілі. Бірақ сол балабақшаның қамқорлығы қанағаттанарлық па?!
Екі күн бұрын әлеуметтік желіде елордадағы «Сати» балабақшасының тәрбиешілерінің бүлдіршіндерді ұрып-соққаны бейнеленген бейнеролик тарады. Ең сорақысы сол, мұндағы тәрбиеленушілер – ерекше қадағалауды қажет ететін балалар. Яғни көбі дұрыс сөйлей алмайды, психикалық ауытқуы бар, кейбірі – аутизммен ауыратындар. Онсыз да жаны жаралы бөбектерді аяусыз төмпештеген тәрбиешілердің әрекеті ата-ана түгілі көрген адамның көзіне жас үйіреді. Бірі бүлдіршінді шапалақпен ұрса, енді бірі тепкілеп жүр. Жылаған қыз баланы жұбатудың орнына, бұрышқа тұрғызып қойып қорлаған, тағы біреуін еденде сүйреген. Дені сау баланың тілі бар, айтып келер. Мұндай балалар айта да алмайды ғой.
Бұған қатысты Білім және ғылым министрлігі түсініктеме берді. Министрлік бұл балабақша жекеменшік ұйым екенін айтты. Сондай-ақ мектепке дейінгі мекеме басшылығы өз жұмысын бастағаны туралы ескертпеген. Ол балабақшада 12 қызметкер 60-тан аса бала тәрбиелеген.
«Мониторинг топ өздерінің жұмыстарын жүргізді. Балабақша қызметкерлерімен сөйлесті. Балалардың ата-аналарымен де тілдесіп, өзара сұхбат құрды. Енді қазір жергілікті полиция департаменті қылмыстық кодекске сәйкес тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар басқарма, прокуратура және жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық департаментке, өздерінің хаттары арқылы тексеріс жүргізу ұсынылып отыр», деді Білім және ғылым министрлігі Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.
Әлеуметтік желіде жарияланған эпизодтарға келсек, уәкілетті органдар тексеруге кірісті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қалалық полиция басқармасы да тергеуді бастады. Тексеру қорытындысы бойынша шаралар қабылданады. Полиция тергеу жүргізіп жатқанын растады.
«Аталған факті бойынша Байқоңыр аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 140-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Жоғарыдағы жағдай бірінші кезекте бауыр еті баласы үшін басын бәйгеге тігетін ата-аналарға ауыр соққы екені айтпаса да түсінікті. Тәлім береді, тәрбиелейді деп тапсырған тәрбиешінің тізгінсіз кеткен тірлігі ана жүрегін алаңдатпай қоймасы анық. Сәбилерді сабаған «Сати» сияқты жекеменшік балабақшаларға жете бақылау жүргізетін уақыт жеткендей. Бөбектерді бөтен көріп, өзгенікі ғой деп өзектен теуіп, өгейлік танытудың соңы өлімге апармасына кім кепіл?!
Techno Women қауымдастығының негізін қалаушы Азиза Шужеева Білім және ғылым министрлігінің 02.04.2021 күнгі №142 бұйрығымен бекітілген Бала құқықтарын қорғау бойынша республикалық мониторингтік тобымен төтенше жағдай орын алған «Сати» балабақшасына барғанын жазды.
«Біз ата-аналармен, балабақша меңгерушісімен әңгімелесіп, балабақша ғимаратын аралап көрдік. Қазір тәрбиешінің үстінен арыз түсіп, қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Бұл жағдайға жол берген балабақша қызметкерлері жұмыстан қуылды. Енді тергеу нәтижесін күтеміз. Балабақша туралы айтар болсақ, бұл – инклюзивті балабақша. Мұнда нормативті балалар да, ерекше балалар да бар. Бірақ мекеме басшылығында ешқандай құжат, ереже, әдістеме жоқ. Балабақшада антисанитарлық жағдай бар, шаруашылыққа қажетті заттар жан-жақта шашылып жатыр, тамақтандыру бөлімшесі стандарттарға сай емес. Жуынатын бөлме де мәз емес, қол орамал саны бала санына сәйкес келмейді. Яғни әр баланың өз орамалы жоқ. Топтарда таза ауыз су ішетін кулерлер де орнатылмаған», деді ол.
Сонымен қатар А.Шужеева аталған мекемеде бүлдіршіндерге тамақ берілмейтінін жеткізді.
«Балабақшада тамақ бермейді, ата-аналар балаларына үйден бокстарға салып жібереді. Сондықтан бұл балабақшаны СЭС тексермейді. Педагогтер мен психологтердің біліктілігі туралы да ақпарат ала алмадық. Біз мониторингтік топ болып Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен ақылдаса келе, ата-аналарға бірлесе отырып жадынама дайындауды жөн көрдік. Балабақшалардың түйткілді мәселелері бойынша онлайн пікірталас өткізгіміз келеді. Ал «Сати» балабақшасындағы нақты жағдайға келсек, тергеу нәтижесін күтеміз. Мониторинг тобы ретінде өз ұсыныстарымызды береміз, егер бір айдың ішінде жағдай жақсармаса, бұл балабақшаны жабуды талап етеміз», деді Techno Women қауымдастығының негізін қалаушы.
PhD, А.Ясауи атындағы ХҚТУ қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков осы салаға қатысты мамандар салғырттық танытпай, жүйелі жұмыс атқару керек деп есептейді.
«Біздің елде балалар өлтіріліп жатыр, зорланып жатыр, балабақшада, мектепте таяқ жеп жатыр. Аружан Саин қашан отставкаға кетер екен? Ол кетсе, бәрі түзеле ме? Жоқ. Бірақ бала құқын қорғай алмайтынын, бұл құқықты қалың көпшілікке насихаттап, дәріптей алмайтынын, жалпы, бұл салада орны жоқ екенін қаншама рет дәлелдеді ғой. UNICEF UNICEF Kazakhstan тым болмаса сіздер бір нәрсе айтсаңыздаршы. Бәрінен бұрын Балалар омбудсмені етіп бұл салада (егер бала құқықтары саласында еңбек еткен адам болмаса, жалпы адам құқықтары саласында еңбек еткендер көп) еңбек еткен тәжірибелі, қазақша мен орысшаны жетік меңгерген адамды қою керек. Аружан Саин қазақша білмейді, білгісі де келмейді. Facebook парақшасы соны дәлелдейді. Елімізде тек қана орысша сөйлейтін балалар тұрмайды. Егер тек қана орысша сөйлейтін адамды омбудсмен қылсақ, қазақша сөйлейтін балалардың құқын әуел бастан-ақ бұзған болмаймыз ба?», деді ол.
Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин атқарылған жұмыстарды алға тартып, балалар мекемелерінің қызметін бақылауда ұстаудың маңыздылығын жеткізді.
«Тағы бір сұрақ: балалар мекемелерінің қызметін бақылау. Сонау 2019 жылы мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде осындай мекемелерге кешенді тексеру жүргізу туралы Бас прокуратураға хат жолдаған болатынмын. Ал біз балалар үйлерінен, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернаттар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйлерінен бастауды жөн көрдік. Дәл осы санаттағы балалар ең осал, қорғансыз, сондықтан мұндай мекемелердің жұмысы ерекше бақылауды қажет етеді. Шынында да, мектептер мен қарапайым балабақшаларда балалардың құқықтарының бұзылуы туралы хабарлап, оларды қорғай алатын ата-аналар бар. Алайда менің ойымша, бұл тиісті тексерулер жан-жақты және объективті болмады, сондықтан мен Президент Қ.Ж.Тоқаевқа хат жолдап, онда балалар құқығының әртүрлі жүйелі түрде бұзылуын, олардың себептерін айттым. Тексеру нәтижелері және оларды талдау нәтижелері бойынша балалар мекемелеріндегі балалардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі қадамдар әзірленді», деді ол.
Орын алған оқиға бала тәрбиесінде күресетін күрделі мәселелердің әлі де болса көп екенін көрсетеді. Елдің болашағы деп есептейтін бүгінгі балдырғандардың қолайлы қоғамда, мейірімді мекенде өмір сүруі үшін қаражат емес қамқорлықтың, материалдық байлық емес махаббаттың қажет екенін түсінетін кез келді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні балаларға бас-көз болатын тәрбиешілердің өзіне де тәрбие керек болып тұр.