Коста-Рика мемлекетінде өткен президент сайлауының алғашқы қорытындысы бойынша «Азаматтық қозғалыс» партиясынан ұсынылған Луис Гильермо Солистің жеңіске жеткені белгілі болды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Жоғарғы сайлау трибуналының ақпарына жүгінсек, Л.Солисті сайлаушылардың 77,69 пайызы қолдап, дауыс берген. Оның қарсыласы, басқарушы «Ұлттық азаттық» партиясының кандидаты Джонни Арайя 22,31 пайыз дауыс жинады.
Сайлаудың бірінші туры 2 ақпанда өткен еді. Ол кезде Л.Солиске сайлаушылардың 30,9, ал Д.Арайяға 29,6 пайызы жақтап, дауыс берді.
Жалпы, бұл сайлауда жеңіске жету үшін дауыс саны 40 пайыздан асуы тиіс. Наурыздың басында Д.Арайя сайлау алдындағы науқанын мерзімнен бұрын тоқтатуға шешім қабылдады. Мұндай оқиға ел тарихында тұңғыш рет орын алды. Бұл шешімін саясаткер қарсыласының едәуір басымдылығымен түсіндірген болатын. Осылайша, Д.Арайя сайлаудың екінші турында жеңілісін мойындап, Жоғарғы сайлау трибуналы шығарған қорытындымен толық келісетінін жеткізді. Енді сайлау комиссиясы қорытындыны мақұлдағаннан кейін Л.Солис Коста-Рика мемлекетінің басшысы атанады. Ол бұл қызметті 8 мамырдан бастап 2018 жылға дейін атқаратын болады.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com.
Фото: Ap.org.