• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
07 Сәуір, 2014

«Қазцинк» Риддер тұрғындарының шығынын өтеуге уәде берді

430 рет
көрсетілді

«Қазцинк» кәсіпорны Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында болған оқиғаның салдарына байланысты тұрғындар шығынын өтеуге уәде берді. Бұл туралы Egemen.kz тілшісі хабарлады. Риддер қаласында «Қазцинк» компаниясымен еншілес «Altyn Tau-Vostok» ЖШС-іне қарасты жер асты кеніштері бірінің беті опырылып түсіп кетті. Риддер шаһарының орталығынан үш шақырым жерде орын алған оқиға орнында тереңдігі – 30, диаметрі 70 метрді құрайтын үлкен қазаншұңқыр пайда болды. Бурабай көшесіндегі №5 жеке үй аталған қазаншұңқырға түсіп кеткен. Тұрғындар үйден дер уақытында шығып үлгерді. Анастасия Татарникова омыраудағы сәбиімен үйде отырып, табанының асты дірілдегенін сезген соң далаға шыққан екен. Қорыққан жас ана сыртқа шыққанда, үйінің бір шеті қазаншұңқырға ілініп тұрғанын байқаған. Сәлден соң үй опырылып түскен жер қыртысымен бірге апанға аунап түскен. Бұл аралықта Анастасия үйдегі қызы мен қажетті құжаттарын алып үлгеріпті. Риддер-Сокольный кенішінде орын алған төтенше жағдайға байланысты жұмыс тоқтатылып, 480 кенші жер бетіне шығарылды. Абырой болғанда, оқиға орнында қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, 500 метр радиуста орналасқан үйлердің барлығы қоршауға алынып, 173 тұрғын көшірілді. Оның ішінде 60 адам «Қазцинк» ЖШС емханасына жатқызылып, қалғаны «Синегорье» демалыс базасына орналастырылды. Оларға ыстық тамақ, психологиялық көмек беру және медициналық кезекшілік ұйымдастыру жұмыстарымен аталған кәсіпорын шұғылданып жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өкілдерінің мәліметі бойынша, қазаншұңқыр ернеуінің диаметрі тағы 5 метрге дейін кеңейген. Оқиға орнында тауда құтқарушылар әскери жасағы, қалалық ішкі істер басқармасы, қалалық су арнасы, жылу-электр орталығы және тағы басқа қызмет өкілдері жұмыс істеуде. Аталған шахтаның иесі саналатын «Қазцинк» кәсіпорнының басшылығы тұрғындардың барлық шығындарын көтеріп алуға, оларға өтемақы төлеуге уәде беріп отыр. Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі үйдің қирауы мен алып қазаншұңқырдың пайда болуына кен камераларының біріндегі шатырдың құлауы себеп болғанын жеткізді. Оқиға орнында облыстық прокуратура қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Риддер қаласының прокуратурасы тұрғын үйді жұтып қойған апандай қазаншұңқырдың пайда болуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 245-бабының 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ техногендік апатқа байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды. Өнеркәсіптік қалаға жататын Риддердегі жағдайды облыс басшылары бақылауға алып, жергілікті халыққа қажетті көмекпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда. Оқиға орнында облыстың жедел штабы құрылып, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов табиғи апаттың салдарын жою және әрі қарайғы іс-әрекет жоспарын анықтау мақсатында жедел жиын өткізді. Қазіргі кезде жер бетінің тағы да опырылып түсуінен сақтану шаралары жүргізіліп жатыр.Сондай-ақ қалыптасқан жағдайға байланыысты Риддердегі көпқабатты үйлердің тұрғындарын да мазасыздық билеген. Алайда «Қазцинк» ЖШС өкілдерінің айтуынша, көпқабатты секторда жерасты үңгу жұмыстары жүргізілмеген. Кәсіпорынның бас кеншісі Валерий Завьялов жер астындағы үңгу жұмыстары негізінен қаланың ескі ауданына жататын жеке тұрғын үй секторы, Ботаника, «Қазцинк» профилакториясы, ескі базар аумағында жүргізілгенін айтады. Думан Анаш. Риддер. Дереккөз: Egemen.kz. Фото: Автор