Шынайы ақпаратты медиа кеңістікте пайдалану мен білім беру үрдісінде қолданудың заманауи мүмкіндіктері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен V халықаралық журналистика форумы аясында талқыланды.
«Тексерілген шынайы ақпаратты пайдалану негізінде виртуалды білім беру деңгейін арттыру» тақырыбында өткен жиында сарапшылар дүниежүзілік ақпарат әлеміндегі жаңалықтарды ортаға салып, зерттеулерімен бөлісті. Биыл бесінші рет өткен ғылыми жиынға Нидерланды, Словакия, Түркия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары виртуалды оқыту мен цифрлы білім берудің шекаралары мен форматтарына ден қойды.
Іс-шараның ашылуында БҰҰ жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек БҰҰ «Ғаламшар игілігі үшін жұмылыңыз, теңсіздікпен және жалған ақпаратпен күресіңіз» коммуникация бойынша баяндамасында ғылыми қауым өкілдерінің назарын журналистика саласында ақпараттық ортадағы сенім мен сенімсіздік, фактчекинг және тексеру әдістеріне аударды. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова елдегі мемлекеттік қызмет саласында әлеуметтік желілердің басымдықтарын атап өтті. Әлемдегі, елдегі ақпараттық ахуалдың көңілге алаң тудырған кезеңінде әр азаматқа дұрыс ақпаратты жеткізетін БАҚ арналары мен өкілдері екенін ерекше атап өткен Сенат төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі Бибігүл Жексенбай медиа кеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.
Еуропалық журналистер даярлайтын ассоциацияның кеңесшісі (EJTA), Журналистика саласындағы білім беру бойынша дүниежүзілік кеңес төрағасының орынбасары, Виндесхайм қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Нико Дрок сарапшылар назарын дезинформация кезеңінде журналистік білім беруді бағдарлау мәселесіне аударып, «Оқытушы ретіндегі парызымыз – студенттерді оқыту ғана емес, фактілерді тексерудің техникалық құралдары, сонымен қатар тарихи, саяси, мәдени және әлеуметтік-фактілерді мағыналы және теңгерімді контекстке қою үшін экономикалық білім беру», деп атап өтті. 2020 жылдан бері ҚазҰУ-дің журналистика факультеті EJTA мүшесі ретінде кеңестер, конвенцияларға қатысуға мүмкіндік алған.
Жиында Словакия Ғылым академиясының болжау институты профессоры В.Бачишин, ТРТ «Түркия үні» радиосы қазақ редакциясының редактор-жүргізушісі Уфук Тузман, М.Ұлықбек атындағы Өзбекстан ҰУ профессоры Я.Маматова, Санкт-Петербург МУ профессорлары Д.Гавра, И.Быков, РУДН университеті журналистика теориясы мен тарихы кафедрасының доценті В.Матвиенко, Медиа дамыту корпоративтік қоры Медиа жобалар бөлімінің жетекшісі Б.Құламан, Elorda-Aqparat медиахолдингі директорының орынбасары Қ.Әуесбай, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ҰУ журналистика факультетінің деканы Ш.Костюк, т.б. ғалымдар баяндама жасады. Санкт-Петербург МУ профессоры Дмитрий Гавраның медиакоммуникация саласындағы трендтерді талдаған баяндамасы ғылыми жаңалығы, тезистік тұжырымдары қатысушылар назарын аударды. Осыған орай 2020-2022 жылдары коммуникация саласының үрдістері мен драйверлері, коммуникация мамандарына кәсіби білім беру жүйесіндегі қатерлер баяндамасы қазақ, ағылшын тілдеріне аударылатын болады.
Ғылыми шараның бас серіктесі Comenius Analytica орталығы қолдауымен журналистика форумының материалдар жинағы Словакияның IRIS Publishing and printing баспа үйінде жарияланады.
Қатысушылар түркиялық ғалымдардың ұлттық коммуникация арналарының интеграциясы, еуропалық ғалымдардың шындыққа негізделген ақпаратты оқу процесіне енгізу туралы тұжырымдары алдағы уақытта академиялық ынтымақтастыққа жол ашады деген сенімде.
АЛМАТЫ