Психологияда «Стокгольм синдромы» деген термин бар. Ғалымдар бұл терминге тұтқынның басқыншыға симпатия, тіпті аяныш сезімін білдіруді сипаттайтын психологиялық феномен деп сипаттама беріпті. Бір қызығы, осы «Стокгольм синдромы» қоғамнан жиі байқалады.
Бұл ұғым 1973 жылғы Швеция астанасы Стокгольмдегі үлкен банктің бірін тонау оқиғасына қатысты. Ян-Эрик Ольсен есімді қылмыскер түрмеден босап шыққан соң банк тонамаққа бекінеді. Бірақ қарақшының жоспары жүзеге аспай, амал жоқ 4 адамды тұтқынға алып, ғимаратқа бекінуіне тура келіпті. Сөйтіп Ольсен 6 күн бойы банктің камерасында оларды кепілде ұстайды. Тұтқындарды босату полицияға қиынға соғады.
Ақыры қылмыскер қолға түсіп, тұтқындағы адамдар босатылды. Бір қызығы, кепілде болғандар Ольсенге қарсы куәлік етуден бас тартады. Тіпті қалтасынан қаржы шығарып қылмыскерге адвокат жалдаған екен. Осы оқиға кезінде полицияға көмектескен Нильс Бейерут есімді психиатр тұтқындардың психикалық жағдайын «Норрмалмсторг синдромы» деп сипаттайды. Кейінірек бұл ұғым әлемге «Стокгольм синдромы» ретінде танылады.
АҚШ-тан тағы бір мысал келтірсек. 1974 жылы террористер жазушы Уильям Херсттің қызы Патрисияны ұрлап әкетеді. Сөйтіп оны босату үшін өздерінің жақтастарын босатуды және көп көлемде ақша беруді талап етеді. Уильям Херст керек қаражатты жинап бітемін дегенше Патрисия «Стокгольм синдромына» ұшырайды. Патрисия өз еркімен террористер сапына қосылған екен. Ақырында ол Сан-Франциско қаласындағы банктің бірін тонайды. Бұдан бөлек басқа да қылмыстық әрекеттерге атсалысады. Рас, Федералдық тергеу бюросы 1975 жылы террористік топты қолға түсіреді. Патрисияны 7 жылға бас бостандығынан айырады. Херст тек 2001 жылы ғана толықтай ақталып шықты. АҚШ-та Патрисияның басынан өткен жағдайды «Стокгольм синдромының» жарқын мысалдарының бірі деп есептейді.
Осы «Стокгольм синдромына» қатысты бір оқиға сонау 1933 жылы болған екен. Мэри Макэлрой есімді 25 жастағы бойжеткенді 4 ер адам ұрлап әкетеді. Ол бірнеше жыл солармен бірге өмір сүрген. Кейінірек тәртіп сақшылары Мэриді босатып, қылмыскерлерді тұтқынға алады. Сот оларды өлім жазасына кеседі. Бірақ Мэри бірнеше рет түрмеге барып, өзін ұрлағандармен кездескен екен. Кейін тіпті өз-өзіне қол жұмсап, қылмыскерлерге кешірім жасауды сұрап хат қалдырады.
Ғалымдар «Стокгольм синдромына» ұшыраған адамдар психологиялық та, физиологиялық та қысымға тап келетінін айтады. Сондай-ақ бұл терминнің классикалық үлгісіне 4 түрлі сипаттама береді. Біріншісі, кепілге алынған адам кепілге алушыға позитивті сезімі болуға тиіс. Екінші, олар бұған дейін бір-бірін танымауы керек. Үшінші, тұтқындағы адамның полиция және басқа да мемлекеттік мекеме өкілдерімен әрекеттесуден бас тартуы қажет. Соңғысы, жапа шегуші өзін кепілге алғанның адамгершілігіне сенуі, оны қауіп ретінде көрмеуі қажет.
Дегенмен кей ғалым «Стокгольм синдромының» сипаттамасы мұнымен шектелмейді деп есептейді. Олардың пайымдауынша, өзіне зәбір көрсеткеніне қарамастан симпатиясы оянуды осы синдромға жатқызады. «Стокгольм синдромының» күнделікті өмірде кездесетін мысалының бірі ретінде баланы ұруды, оған қысым көрсетуді атайтындар бар. Жаңа Зеландиядағы Массей университеті профессорлары жүргізген зерттеуге сүйенсек, жыныстық қысым көрген балалар ол туралы айтпай, керісінше өзін қорлағанды қорғауға тырысатын оқиғалар кездесіпті. Сондықтан ғалымдар мұндай зәбір көрген балалардың бойындағы «Стокгольм синдромын» емдеу керек деп ой түйеді.
Сондай-ақ қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық көретін әйелдер аз емес. Күйеуі ұрып-соқса да соған төзетіндер, тіпті мұны дұрыс санайтындар да кездеседі. 2020 жылы елімізде 63 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркеліпті. Соның 413-і аса ауыр түрде жасалған екен. Бұл айтылғаны ғана. Көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылық «жабулы қазан» күйінде қалады. Өзін жәбірлегенді заңды жауапқа тартудың орнына, оларды қорғап қалатындар туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан да, құқық қорғаушылардан да естіп жүрміз.
Өкінішке қарай, психиатрлар «Стокгольм синдромын» емдеу ұзаққа созылатын процесс деп есептейді. Өйткені қысым көріп, шарасыз қалған адам тағдыр тәлкегіне көндігеді. Сондықтан оларды қайта қалпына келтіру үшін біршама уақыт керек.
P.S. Кейде ел ішінде ашаршылық жылдары қазақты қынадай қырған, бетке ұстар азаматтарын саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан, Екінші дүниежүзілік соғыста қиян-кескі ұрысқа айдап салған, кешегі Желтоқсан оқиғасында аяушылық танытпаған Кеңес өкіметін аңсайтындарды көргенде біздің қоғам «Стокгольм синдромын» жұқтырған-ау деген ой келеді...