• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Сәуір, 2022

Cегіз аптаның серпіні

287 рет
көрсетілді

Былтыр отандық 94 IT-компания 886 мың долларға келісімшарт жасады. Нәтижесінде, елге 300 мың доллардан астам инвестиция тартты. Бұл – сегіз аптаның серпіні. Astana Hub технопаркі ұсынған Scalerator акселерация­лық бағдарламасы аз ғана уақыттың ішінде осындай жақсы нәтижеге жол ашты.

Scalerator бағдарламасының алғашқы легіне қатысқан компаниялар нарықтың белді ойыншыларына айналды. Бүгінде олар Канада, АҚШ, Кипр, Үнді­стан, Вьетнам, Син­гапур, Малай­зия, Сауд Ара­биясы, Қытай, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Украина, Беларусь нарықтарындағы серік­тес­термен белсенді түрде келіс­сөздер жүргізіп, келісім­шарттар жасасуда.

Мәселен, бағдарламаның былтырғы қатысушыларының бірі Akhter Studio компаниясы Солтүстік Америка мен Еуропа нарықтарына шығып, бақ сынап көруді жөн көрді. Сөйтіп, акселерация барысында АҚШ компаниясымен 48 мың долларға келісімшарт жасасты.

– Акселерациядан кейін компанияның штаты 30 адамнан 50 адамға дейін көбейді. Компанияның орташа айлық қаржы айналымы төрт есе өсті. Аталған көрсеткіштерді тағы да екі есе арттыруға мүмкіндігіміз бар. Бағдарлама менторлары­ның арқасында customer success процесін дұрыс үйлестіруді және АҚШ нарығымен сапалы коммуникация жасаудың тетіктерін үйрендік, – дейді Akhter Studio компаниясының басшысы Адмет Ахтер.

Бағдарламаның тағы бір қатысушысы – Zapis.kz компаниясы өзбекстандық және қырғызстандық серіктестері­мен келісімшартқа отырды. Zapis.kz – сұлулық салондарына онлайн жазылуға арналған маркетплейс. Бүгінде компания Вьетнам мен БАӘ нары­ғына шығуға дайындалып жа­тыр. 2021 жылы платформа қол­данушылары бьюти-қыз­мет алу үшін 4,5 млн рет жазылған.

Дегенмен экожүйеге қа­тысу­шылармен жүргізілген кері байланыстың нәтижесінде біршама кемшілік анықталды. Әлеуетті стартаптардың көбі сараптамалық сүйемелдеудің жоқтығынан шетел нарығына шығу мүмкіндігінен айырылған. Яғни алдағы қадамдарға да­йын болмай шыққан. Бағы жанып бағдарламаға өткендердің де белгілі бір қиындықтар­мен бетпе-бет келетіні мәлім. Мә­селен, қатысушылар өнімді нарықтың ерекшеліктеріне бейімдеуге үлгермеген, яғни уақыт­ты жеткізе алмаған. Кей­бір командалардың жұмыс ауқы­мын ұлғайтуға дайын болмай шыққаны анық­талды. Сон­дықтан Astana Hub тех­нопаркі PreScalerator бағдар­ламасын әзірлеп шықты.

Scalerator-дың PreScalerator бағдарламасынан қандай айыр­машылығы бар? Бірінші­д­ен, қатысушылар теория­лық мол білім алады. Ал Accelerator оқытуға емес, көбінесе тәжі­рибеге басымдық береді. Екін­шіден, PreScalerator-да сарапшылар жобаның мақсатын, өнімнің ерекшелігін анықтау­ға және нарықты талдау­ға көмек­­теседі. Өнімді белгілі бір аймақ­тың ерекшеліктері­не қалай бейім­деуге үйрете­ді. Үшіншіден, IT-саланың көрнекті өкілдерімен жақсы байланыстарды орнату мүм­кіндігі туындайды.

Ең бастысы, PreScalerator-дың көмегімен қажетті тео­рия­лық базаны толық мең­герген әр қатысушы тәжі­рибе ауылы­на ойысады. Сондай-ақ өз өні­мін шетелге шығаруға мүмкін­дік бере­тін негізгі бағдарлама – Scalerator арқылы компанияны масштабтауға әзір тұрады.