Ғылымның маңызды қызметі – қоғамның ілгерілетуші күші болу. Жаңа Қазақстанды құруда ғылым жаңалықтары мен жетістіктерінің жаңғыртушы мәні зор. Сондықтан ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық ғылым жүйесін бәсекеге қабілетті дамыту жұмыстарын өзінің жіті назарында ұстап келеді.
Үкімет қаулыларымен ел экономикасының барлық саласын дамытуды қамтитын бағдарламалық құжаттар қабылданғаны белгілі. Соның бірі – «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы. Аталған құжаттың «Ғылым» блогында отандық ғылымды өркендететін шаралар айқындалған. Осыған байланысты Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы Аймағамбетовтің бастамасымен Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы дайындалды.
Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда 2 есеге өсті. Осы саланы қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізу бағытында атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар отандық ғылымды дамытуға үлкен серпіліс әкелуде.
Егер бұрын гранттық қаржыландыру конкурсы 3 жылда 1 рет өткізілсе, 2020 жылы – 5, 2021 жылы 6 конкурс өткізілді. Бұл өз кезегінде университеттің ғылыми жобаларын қаржыландыру деңгейінің елеулі өсуіне әкелді. Мысалы, БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде 2021 жылы 11 жоба орындалды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелердің бірқатарына тоқталсақ: өңірдің авифаунасы зерттелді; экологиялық таза және энергия үнемдейтін микротолқынды сәулелену жағдайында карбон қышқылы эфирлерінің синтезі алынды; Lilos F1 қызанақ буданын өсірудің инновациялық технологиясын қолдану бойынша Арал өңірінің фермерлік жылыжай шаруашылықтарына енгізуге ұсыным берілді; мектеп оқушыларына арналған HomeCasуе мобильді қосымшасы жасалды. Сонымен қатар шетелдік кітапханалар мен мұрағаттар қорынан М.Шоқайдың қолжазбалары мен мақалалары жинақталды, тікелей түпнұсқасы негізге алынып, осы күнге дейін аударылмаған мақалалары алғаш рет қазақ тіліне аударылды; Египет Араб Республикасындағы Дарул-Кутуб кітапханасының қолжазбалар қорынан ғылымда осы күнге дейін айтылмаған «Китаб муқаддима» қолжазбасының мысырлық нұсқасы табылып, сандық көшірмесі жасалды; «Иршәдул-мулук» ескерткішінің түпнұсқасымен жұмыс жүргізіліп, кодикологиялық, палеографиялық, теолингвистикалық талдау жасау арқылы қолжазбаға қатысты жаңа деректер анықталды. Гранттық зерттеулер нәтижесі бойынша қазірдің өзінде WoS және Scopus деректік базаларындағы журналдарда 5 мақала, еліміздің ең беделді ғылыми басылымдарында 29 мақала, 1 монография, 3 патент жарияланды.
Биыл жас ғалымдар жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсына 17 жоба ұсынылып, іріктеуден өткен біздің 6 жас ғалымның жобасы – бүгінде Ұлттық ғылыми кеңестің қарауында. 2022-2024 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына университет ғалымдары дайындаған 40-тан астам жоба ұсынылмақ. Одан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген қаражат негізінде жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.
Пандемия әкелген келеңсіздіктерге қарамастан, Германияның DFG гуманитарлық зерттеу қоры және Тюбинген университетімен бірлескен «Ұлы Жібек жолының солтүстік аймағындағы көшпенділер мемлекетінің қалыптасуы және урбандалуы: Ерте орта ғасырлардағы Жанкент қаласы (Арал теңізі аймағы, Қазақстан)» атты үш жылдық жобаны қорытындыладық. Нәтижесінде, екі археологіміз жыл аяғында Тюбинген университетінде докторлық диссертацияларын қорғамақ.
Еуроодақтың гранттық «Көкжиек-2020» зерттеулер және инновациялар бағдарламасы бойынша «Инновациялық судаерігіш фитоматериалдар – Альцгеймер және Паркинсон ауруларының алдын алу үшін ингибиторлар» атты алыс және жақын шетелдердің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарының ғалымдарымен бірлескен төртжылдық жоба жалғасуда.
Ғылыми зерттеулер нәтижелері бойынша университет ғалымдарының WoS және Scopus деректік базаларындағы журналдарда 100-ден аса мақала жарияланды. Осы базаларда 110-нан астам оқытушының Хирш индексі айқындалған. Монографиялар, оқулықтар мен оқу құралдары, өнертабыстарға алынған патенттер саны да жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 8 оқытушымыз PһD докторлық диссертацияларын қорғады.
БҒМ ЖОО-ның қызметін отандық ғылыми-зерттеу институттарымен интеграциялауды іске асыруды 2022 жылдың басты бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр. Біз бұл жұмысты дереу қолға алып, бүгіннің өзінде 21 отандық ғылыми-зерттеу институттарымен байланыс орнатуда.
Университеттің бизнес өкілдерімен ынтымақтастығын дамыту күн тәртібінде өткір тұр. Бұл тұрғыда ірі бизнес өкілдерімен ынтымақтастық бойынша жол картасы дайындалып, соған сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде өңірдегі ірі компаниялардың өндірістік проблемаларын шешуге бағытталған ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстары ерекше маңызға ие. Осындай жобаларымызға «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «ҚОР» Мұнай компаниясы» АҚ қаржы бөлсе, «ҚуатАмлонМұнай» БК» ЖШС,«Торғай Петролеум» АҚ компаниялары қызығушылық танытуда. Күні кеше «Торғай Петролеум» АҚ компаниясының геология және даму жөніндегі директоры А.Ермаков бастаған білікті мамандармен кездесуге бір топ университеттің жетекші ғалымдарын бастап бардым. Ғалымдар ұңғыманы игеру кезінде бұрғылау ерітіндісіндегі толтырғыштың гранулометриялық құрамын оңтайландыру, судың тұтқырлығы мен мұнайда еріген заттардың концентрациясы арасындағы байланысты анықтау, Қызылорда облысы кен орны топырағына радионуклидтердің техногендік әсерін төмендету, перспективті тыңайтқыш-биочарды ластанған топырақтың сапасын жақсарту үшін қолдану, т.б. тақырыптағы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін баяндады.
Жаңашыл ғалымдарымыз әзірлеген «Күріш сабанынан целлюлоза алу технологиясын оңтайландыру», «Антисептикалық өнімдер өндіру» және «Бақша дақылдарынан эксперименттік үлгілерді алу» жобалары коммерцияландырылды.
Ел Президентінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында әлемнің ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымды тағылымдамадан өткізу міндеті қойылғаны белгілі. Біздің университеттің 7 ғалымы қаңтар айында үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, АҚШ, Германия, РФ, Беларусь елдерінде бір жылдық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Солардың ішінен 5 ғалымымыз бүгінде шетелдік ғылыми орталықтарда кәсіби құзыреттілігін дамытуда.
Өз ісіне шынайы берілген және ғылымды дамытуға үлкен үлес қосқан ғалымдар – мақтанышымыз. Еліміздің барша ғалымдарына Жаңа Қазақстанды құру жолында тың идеялар мен жасампаз жаңалықтар тілеймін!
Бейбіткүл КӘРІМОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – ректоры