Қазақстан криптоиндустрияны дамыту арқылы жыл сайын қыруар табыс таба алады. FinReview.info сарапшылары осындай байламға келіп отыр. Шынымен, елімізде криптоиндустрияның келешегі бар ма? Жауап іздеп көрелік.
Рас, әлемде криптовалюта нарығы қарқынды дамып келеді. Шетелдіктер жинақтар мен аударымдарды әртүрлі тәуекелден, дүдәмал операциядан қорғау үшін цифрлық валютаға қызығушылық танытуда. Бұған биткоин мен стейблкоинге деген сұраныстың өсуі дәлел. 2021 жылдың криптоиндустрия үшін түрлі оқиғаларға толы болуы да сондықтан. Мәселен, Сальвадорда биткоин заңды төлем құралы ретінде қабылданды. Ал Қытайда криптовалютаны пайдалануға іс жүзінде тыйым салынды. АҚШ-та алғашқы Bitcoin-ETF биржалық инвестициялық қоры пайда болды. Ресейліктер соңғы жағдайларға байланысты криптобиржаны өз жинақтарының «құтқарушысы» ретінде қарастырып отыр. Десе де, бұл елдегі сұраныс күшейгенімен, Ресей Қаржы министрлігі криптовалюталардың дамуын қауіп деп санайды. Қазақстан да нарықтағы жаңа трендтерді зерттеп, оны дамыту үшін тиісті қадамдар жасауда.
FinReview.info-ның хабарлауына қарағанда, осы жылдың ақпан айынан бастап криптовалюта нарығы үлкен қысымға ұшырады. Себеп – Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Батыстың Ресейге қарсы санкциялары мемлекет пен халықтың қаржысын шектеді.
«Ресей бұл шектеулерді елдегі криптоиндустрияны дамыту арқылы айналып өте алады. Өйткені криптовалюта орталықтандырылмаған қаржы және олардың айналымы қаржы органдары тарапынан толық реттелмейді. Сондықтан криптовалюта Ресейдің сауда-экономикалық серіктестерімен өзара есеп айырысу үшін пайдаланылуы мүмкін. Сөйтіп, криптовалюта майнингі Ресей үшін тағы бір табыс көзіне айнала алады. Елде арзан энергияның мол қоры барын ескерсек, бұл негізгі криптовалюталарды ұлғайту үшін тамаша мүмкіндік. Мысалы, Иран 2021 жылы криптовалюта өндіруден 1 млрд доллардан астам табыс тапты», делінген FinReview.info зерттеуінде.
Ресейдің криптовалюталардың көмегімен тығырықтан шығуға мүмкіндігі барын ұққан Америка мен Еуроодақ енді алаңдай бастады. Бұған жол бермеу үшін саланы реттеуге кірісті. Айталық Еуропа Markets in Crypto-Assets заңымен жұмыс істеуде. Оның көмегімен реттеуші жаһандық стандарттарды орнатып, транзакцияларды бақылай алады. Ал АҚШ цифрлы активтерді реттейтін құжаттарды дайындап жатыр. Осылайша, ұлттық валюталарға стихиялы және реттеусіз балама ретінде жасалған криптовалюталар әлемдегі реттеушілердің негізгі нысанасына айналды. Бұл ретте мамандар биыл криптонарықты реттеу түбегейлі бір жүйеге түсуі мүмкін екенін алға тартуда. Аталған нарыққа қатысты талаптар біршама елде қабылданғанымен, әлемдегі геосаяси жағдайлар саланы әлі де өзгертуі мүмкін. Сондықтан асығып арбаның алдына түсетін уақыт емес.
Біздің ел де көштен қалмай жаһандық үрдістерді игеріп келеді. Бүгінде Қазақстандағы криптобизнес те қарқын ала бастады. 2021 жылы еліміз биткоиндердің хэш жылдамдығы бойынша екінші орынға шықты. Бірінші орынға Америка жайғасса, үштікті Ресей түйіндеді. Қазақстанда электронды валюта нарығының жоғары қарқынмен дамуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақстанда ТМД және Еуропа елдерімен салыстырғанда электр қуатының құны төмен. 1 кВт-тың орташа құны шамамен 18 теңгеге (0,037 доллар) тең. Екінші фактор – Қытаймен көрші тұрғанымыз. Қытайдың майнингке қатысты саясаты қатаңдатылған соң, майнерлер бұл елден кетуге, жабдықтарды сатуға шешім қабылдады. Қазақстан өз кезегінде техниканы өткізу нарығына ғана емес, қытайлық майнерлер үшін жаңа жұмыс орнына да айналды.
FinReview.info сарапшыларының есебінше, криптовалюта майнингі Қазақстанға жыл сайын шамамен 230 млн доллар әкеледі. Бұл көрсеткіш – ресми түрде жұмыс істейтін компаниялардың әсері. «Көлеңкелі айналымда» жүрген майнерлерді есепке алсақ, онда көрсеткіш сөзсіз 2-3 есе артады.
Дегенмен, криптовалюта өндірісінің ұлғаюымен бірге электр қуатын тұтыну да күрт өсті. 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш әдеттегі 2 пайыздан асып түсіп, рекордтық деңгейге – 8 пайызға жетті. Сөйтсек, астыртын жұмыс істейтін майнерлер ресми тіркелгендерге қарағанда электр энергиясын екі есе көп тұтынады екен. Энергияны көп көлемде бақылаусыз тұтыну салдарынан желідегі іркілістер мен электр қуатының үзілуі жиілеп кетті. Осыдан соң елде энергия тапшылығы орын алуы мүмкін екені, көлеңкелі майнинг тарапынан энергия тұтынуды азайту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы айтыла бастады.
2021 жылы халықтың электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 20 пайызға артқан. Тіпті, кейбір өңірлерде тұрмыстық энергияны тұтынудың ұлғаюы нормадан 2-3 есе асып түскен. Бұған көлеңкелі айналымда жүрген майнерлердің қосқан «үлесі» көп. Яғни кейбір майнерлер бизнесін тіркемей, тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларға орналасып криптовалюта өндіруге кіріскен. Энергияны көп қажет ететін жабдықтарды халық тұтынатын жүйеге қосқан. Мұндай жабдықтар 500-700 МВт энергияны тұтынады. Ал бұл көлем 40-100 мың адамды қамтуға жетеді.
FinReview.info-ның жазуынша, елімізде көлеңкелі майнингті азайтуға бағытталған нақты ережелер жоқ. Мұндай нормалар жуырда пайда болуы мүмкін. Өйткені Үкімет саланы реттеу мен дамытудың толыққанды пакетін әзірлеуге кірісті. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке майнингке салынатын салықты қысқа мерзімде еселеп арттыруды пысықтауды тапсырды. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көлеңкелі майнингті азайтудың бірнеше жолы бар.
Біріншіден, нарықтың заңды қатысушылары үшін криптобиржа және майнинг пулдарын құру қажет. Ал «сұр майнерлерді» әшкерелеп, олардың жабдықтарын тәркілеу керек. Мұндай шаралар қазірдің өзінде қолданылуда. Мәселен, Алматы, Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстарында заңсыз майнингпен айналысқан фермалар анықталды. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жандандыру керек.
Екіншіден, жеке тұлғалар үшін электр қуатын тұтыну нормаларын енгізу қажет. Мөлшерден артық тұтынылған электр қуаты үшін бизнеске арналған тариф бойынша төлем алу арқылы бақылау орнатуға болады.
Үшіншіден, электр қуатын артық тұтынуға қатысты салық енгізу қажет. Себебі барлық майнерлер үшін салықты жай ғана арттыру арқылы астыртын тұлғалардың әрекетіне тыйым салу мүмкін емес.
Төртіншіден, мемлекет майнингтік фермалардың Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нақты шарттарын анықтауы керек. Мысалы, нарыққа өз капиталымен шығуға, жаңа электр стансаларын салуға, электр қуатының бір бөлігін майнингке бағыттап, қалғанын желіге шығаруға дайын ірі халықаралық корпорациялар бар. Шын мәнінде, бұл энергетикалық секторға салынған инвестицияның бір түрі. Мұндай корпорациялар майнингтік фермалардың дұрыс жұмыс істеуіне мүдделі болады.
Қазақстанда криптовалюта көп өндірілгенімен, жалпы криптоиндустрия нашар дамыған. Нарыққа қатысты басқа қызметтер (биржалар, төлем криптожүйесі, сақтау қызметтері) ұсынылмайды. Үкімет криптоиндустрияны дамыту мәселесін пысықтады. Демек, оның елге қосымша табыс әкелетініне көз жеткізді. Алайда майнинг Қазақстанда жеке компаниялардың әрекетімен дербес дамыған болса, онда идустрияны тұтасымен реттемей қалыптастыру мүмкін емес. Реттеу тетігі болса ғана елдің қазынасы қампаяды. Белгілі болғандай, нормативтік-құқықтық негіз әлі де әзірлену үстінде және мемлекеттің қандай нормативтік құжат қабылдайтыны белгісіз. Десе де, биыл «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізінде криптобиржалардың жұмыс істеу ережелері іске қосылмақ.