Бүгінде Ақтөбе қаласын басқан қызыл судың екпіні қайтқандай болды. Сәуірдің алғашқы күндері қала іргесіндегі Печанка, Елек, Сазды өзендерінің күрт көтерілуінен бау-бақша ұжымына қарасты бірнеше тұрғын үйді су басқан еді.
Әзірге белгілісі, сол күндері 136 үйді су шайып, үш үй құлап қалды. Үйлерін су басқан тұрғындар қаланың үш мектебіне орналастырылды. Қазір №47 мектепте – 96, №26 мектепте – 40, №50 мектепте 20 адам уақытша паналап отыр. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек беру мақсатында комиссия құрылып, Ақтөбе қалалық мәслихаты депутаттары мен қалалық әкімдік қызметкерлерінен құралған топ су басқан әр үйді аралап, шығын көлемін есептеп жатыр. Әзірге су тасқынынан келген зиян көлемі анықталған жоқ.
Су басқан үйлердің көпшілігі тұруға жарамсыз, ортан белден лай балшық басқан, үй іші ылғал, тұрғындардың тұрмыстық техникалары мен жиһаз-мүліктері жарамсыз болып қалған. Соған қарамастан мектепті уақытша паналаған тұрғындар күндіз үйлеріне барып, үйлерін тазартуға кірісті. Оларға волонтерлер көмекке келді.
Осы күндері Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймалары суға толды. Төрт жылдан бері қуаңшылыққа ұшыраған өңір үшін бұл жақсы жаңалық. Қазіргі уақытта арнасынан асқан Сазды қоймасының суы Сазды өзеніне біртіндеп жіберілді. Өткен аптаның соңында бастауын Мұғалжар қыраттарынан алатын Ойыл, Сағыз, Жем, Ор, Ырғыз өзендері таси бастады. Ойыл өзені арнасынан шығып, жағасындағы Екпетал мен Қаратал ауылына қауіп төндірді. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Екпетал ауылының су басу қаупі төнген 74 тұрғынын аудан орталығына көшірді. Қазір Екпетал елді мекенінде қауіп бәсеңдеп, ағыны қатты Ойыл суы Атырау облысының Қызылқоға ауданына жетіп, ол жақта су тасып жатыр. Осылайша төрт жылдан бері арнасы әбден кепкен Ойыл өзенінің арнасы суға толып, табиғат шаруа адамына қолайлы жағдай туғызды. Сол сияқты Ырғыз, Жем, Сағыз, Темір өзендері де тасыды. Ырғыз ауданының тұрғындары былтыр қуаңшылықтан қатты зардап шегіп, жаңбыр болмағандықтан, шөп шықпай, шілде туа шөп күйіп кеткен болатын. Енді Ырғыздың суы Ақши елді мекенінің тұсына келіп бөгетке тірелді. Бірақ тасқын су әрі қарай жайылмаға жіберілмегендіктен, Нұра, Жайсаңбай, Құйылыс жағына су бармай жатыр. Ырғыздың арғы жағындағы Құтикөл, Жайсаңбай ауылдарының тұрғындары суды қаншама жылдан бері күтіп отыр. Ол жақтың тұрғындары суды бөгеуге болмайды, әрі қарай жіберу керек деп шағым айтып жатыр.
Жыл сайын Торғай тасыса, су бері қарай Нұраға құйылатын. Торғай сәл кешірек тасиды. Алайда Ырғыз бен Торғайдың арнасы қосылатын Құйылысқа су келмегелі де бірнеше жыл. Бүгінде ол жақта су келмегендіктен, шағын көлдер тартылып, Ырғыз өзенінің Торғаймен қосылатын салалары әбден кеуіп қалды. Оның үстіне, Торғайдан да су көп бөгеледі. Ауыл тұрғындары ол жаққа қарай су тоқтаусыз жіберілсін деген пікірде. Егер табиғаттың берген сыйы – тасқын суды өзен арналарында ұстап қалсақ, биылғы жазда малдың азығы мен егіске ылғал мол болады. Биылғы су тасқыны далалық өзен арналарындағы ескі бөгеттерді жаңартудың қажеттігін күн тәртібіне қойды.
Ақтөбе облысы