• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 12 Сәуір, 2022

Ахметтанудағы ізденіс ілгерілей береді

498 рет
көрсетілді

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізіліп отырғандықтан, тағылымды шаралар тізбегі Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен Мәдениеттерді жақындастыру орталығы Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірлесе отырып ұйымдастырған «Ұлт ұстазы һәм Алаштың Ахметі» атты халықаралық конференциямен жалғасын тапты.

Конференцияның мақсаты – ағар­тушы, лингвист-ғалым, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси көзқарастары мен ғылыми идеяларын зерттеп, зерделеу. Халықаралық конференцияның модераторы, ЮНЕСКО қамқор­лығындағы Мәдениеттерді жақын­дастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нағашыбек Қапабекұлы бұл ауқымды іс-ша­раны ұйымдастыру барысында алдын ала бірнеше сатыдан тұратын дайындық жұмысы жүр­гізілгенін атап өтті. Атап айт­қанда, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері Қостанайдағы А.Бай­тұрсынұлы атындағы мемлекеттік университетімен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, Алаш қайраткерінің Алматыдағы музейімен және өзге де мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істеп, конференция материалдарын арнайы жинақ ретінде бастырып шығаруға мұрындық болған.

Ғылыми конференцияның бет­­ашар сөзін алған ЮНЕСКО қам­­қорлығындағы халықаралық Мә­дениеттерді жақындастыру орта­­лығының директоры, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Олжас Сүлей­менов өзінің сонау 1980 жылдары алғаш Ахмет Байтұрсынұлы есі­мімен та­нысқан сәтін еске алып, содан беріде ғалымды зерттеп, тануда ат­қарылған іргелі істерге тоқталды.

Алматы қаласы әкімінің орын­­­басары Арман Қырықбаев жаңа қызметке тағайындалғалы А.Байтұрсынұлына байланысты үшінші кешенді шараға қатысып отырғанын, алдағы жыл бойы аталып өтетін ауқымды басқосулар­дың негізгі тармағы Алматы қала­сында жоспарланғанын жеткізді. «Мерейтойды атап өтудің мәні сон­да, біртуар ұлт перзентінің өл­шеусіз еңбегін халыққа үздіксіз на­сихаттау, есімін ұлықтау, әсіресе жас ұрпақтың санасына сіңіру. ХХ ғасырдың басында өз өмірін ұлт азаттығының жолына сарп еткен, саналы ғұмырын ел мүддесіне арнаған рухани көштің басында ғұлама ғалым, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған болатын. Ақыл-парасатқа, ғылым-білімге, өркениет өріне бастайтын Ахмет жолы – ізгілік пен адал­­дықтың жолы. Білімді елдің еш­қашан ешкімге кіріптар болмайтынын насихаттаумен өткен ұлт қайраткері қазақ балаларының ғана емес, күллі ұлттың ұстазы дейміз. Батыс пен Шығысты, дәстүр мен жаңашылдықты, дін мен ғылым­ды, өнер мен білімді бір бойына тоғыстыра алған А.Байтұрсын­ұлы – тарихи сын сағатында жауап­кершілікті мойнына алған данышпан тұлға, жасампаз жан. Ағартушының Алматыдағы музей-үйінде жөндеу, экспозициясын жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда ағартушы қайраткердің өмірі мен шығармашылығына байланысты 500-ге жуық құнды деректер жинақталған. Сондай-ақ биыл Алматы қаласының көрікті ауданынан Ахмет Байтұрсынұлының еңселі ескерткіші де бой көтермек», деп Арман Оразбайұлы конференция қатысушыларына жағымды жаңалықтың бір шетін сүйіншілеп, қуантып қойды.

Соңына сан ғасырға жете­тін құнды мұра қалдырған қа­зақ ағартушысының рухани мүд­десінің әлемдік өркениет пен мәде­ниеттердің даму үрдісімен үйлесім табатынын ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Габриэлла Рамос Парижден жолдаған өз бейнеүндеуінде орынды атап өтті. Г.Рамостың айтуын­ша, 1946 жылы БҰҰ-ның хартиясы қабылданғалы бері жер ша­рында 102 саяси қақтығыстың оты тұтанған. Ал пандемия әлем бо­йын­ша 6 миллион адамның өмі­рін қиды. Осы мысалдың өзінен-ақ бірнеше миллиард адамға мекен болып отырған әлемнің ағзасы мен қаңқасы кез келген шие­леніске үгітіліп түсердей аса нәзік екенін аңғартып отыр. «Ксе­но­фобия мен дискриминациядан, расизм мен агрессиядан өз елі мен жерінің бостандығы жолында басын қатерге тіккен Ахмет Байтұрсынұлы сияқты шынайы ұлы қайраткерлердің халықшыл мұраты мен отаншыл сезімі ғана құтқара алады» деді Г.Рамос.

ҰҒА академигі Мәмбет Қой­гелдиев пен А.Байтұрсынұлы атын­­дағы Тіл білімі институты­ның директоры Анар Фазылжа­но­­ва халықаралық конференция­ның негізгі баяндамасын жа­сап, А.Бай­тұрсынұлының ұлт-азат­тық қозғалысындағы саяси-қай­рат­керлік тұлғасы және А.Бай­тұр­сын­ұлының пассионарлық тұл­ғасы туралы толғамды ой тарқатты.

Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Турусбек Мара­зықов А.Байтұрсынұлы мен Қ.Тыныстановтың шығар­ма­ларындағы үндестікті талдаса, Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясы­ның оқы­тушысы, доцент Шамсия Исмаилова А.Байтұрсынұлы мен Исхокхон Ибраттың педагогикалық идеяларына салыстырмалы талдау жасады. Конференцияда сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, А.Байтұрсынұлы му­зей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет, филология ғылым­дарының докторы, профессор Орынай Жұбай, Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып, профессор Темірхан Тебегенов, алаштанушы-ғалым Ғарифолла Әнес біртуар ұлт перзентінің тағылымды өміріне тағзым жасай отырып, Алаш идеясын ту еткен қайталанбас тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайлы жан-жақты ой толғады.

Ахмет мұрасы, ағартушы ға­лым атқарып кеткен ұшан-теңіз ғы­лыми еңбектер толықтай зерт­теліп болды деп ешкім де айта ал­майды. Тұмшаланып келген та­рих сыры енді ашылып жатыр. Ахмет­танудағы іргелі ізденістер мен ұлттың кәдесіне жарайтын келелі кеңес жыл бойы жалғасын табады.

 

АЛМАТЫ