• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Сәуір, 2022

Ұлттың ұлы ұстазы

13198 рет
көрсетілді

«Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінде қандай да бір жетістікке жету үшін әлбетте білім керек екені белгілі. Ал білімді жастары бар елдің экономикасы берік, тәуелсіздігі мәңгі болатыны сөзсіз. Ахмет Байтұрсынұлы – өзінің саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған мемлекет және қоғам қайраткері. Төккен тері мен жазған еңбектерінің барлығынан өз халқының тағдырына жанашырлықтан туған жанкештіліктің, отаншылдықтың, биік парасат пен пайымның болмысы көрінеді. Біз Ахаңның тағылымға толы еңбектерінен ғылым, педагогика және экономикаға арналған пайымдарына ерекше назар аудармақпыз.

Ғылыми пайымдары

Ахмет Байтұрсынұлы ұлтының бол­мысын терең таныған ғалым. Яғни барша мұң-қайғысының, арман-тіле­гі­нің, жарқын болашағының қайдан екенін терең зерделеген және оған же­ту­дің жолдарын да жақсы білген. Біздіңше, Ахаңның ғалымдығын екі түрлі ерекшелік бойынша бағалауымыз керек: біріншіден, ұлт қажеттілігін өтеу­ге арналған көркем шығармаларын жинақтап, жүйелеуде де ғылыми ойлау әлеуетінің кейбір қырлары көрі­ніс береді. Халықтың сол тұстағы эко­но­­микалық, әлеуметтік-тұрмыстық, қо­ғам­дық-психологиялық ахуалын терең зерделеп, соған лайық тақырыптардағы шығармаларды ұсынады. Екіншіден, қазақ ғылымының алтын бастаулары ретінде ғылыми-теориялық еңбектерінің маңызы аса жоғары.

Қазақтың арғы-бергі тарихынан терең сауатты болғандықтан, оның басындағы ахуалдың себеп-салдарын да жақсы тү­сін­ген. Қиындықтан құтқарудың жол­дары ең бірінші халықты ояту мен білімге жетелеуде деп білді. «Халыққа не керек?» деген сұрақтың жауабын іздейді. Бодандықта тұрған жұрттың баршасына ортақ қиындық пен қазақ халқының басындағы ерекше тағдырдың арасында үлкен айырмашылық бар. Отарлаушы ел мен бодандықтағы халқының тұрмысы да, салты да, өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымы да бір-біріне ұқсамайтын. Мұндай жағдайдағы қайшылықтың салдары бодан елге аса ауыр соққы бола­тыны белгілі. Тұрмысы, дәстүрі, тілі, жалпы алғанда, барша мәдениеті мен ұлттық психологиясы дағдарысқа ұшы­­рай­ды. Ғасырлар бойы санасына сіңген дәс­түрлері қолданыстан ығысып, жа­рам­­сыз күйге түскенде халық үлкен ты­­ғы­рыққа тіреледі екен. Тегі бөтен шаруа­шылыққа адамның бірден икемделе кетуі қиын, ақыл мен денеге тосын салмақ түскен соң қиналады, жасиды, оның ақыры бойкүйездікке алып келеді. Осылайша, қазақ халқының үстінен зіл қара күш басты, «қараңғылық» міні та­ғыл­ды. Бүгінде «қазақ неден осындай болды?» деп, біз іздеп жүрген көптеген сұрақтардың жауабын Ахаң сол тұста терең түсінген еді.

Не істеу керек? Халықты ояту керек! Тың серпіліс керек! Қазаққа ең бірін­ші қандай әдіс қолданған жөн? Сөзбен әсер ету! Өйткені ұлы даланың батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін тұтастырып, бір ұлт ретінде сақтап келген сөз құдіреті болатын. Қазақ сөзге тоқтаған халық еді, сол қасиеті ешқандай заманауи техника мен технологиясыз-ақ халықты бір рухани орталыққа топтастырып отырған. Өзге жұрттың дәстүріне негізделген уақыт талаптарының құшағында жұтылып кетпес үшін өз дәстүрін, өз құндылығын жаңа заманға бейімдеу тәсілін қолға алды. Қазақ «қараңғылығы» неде? Қазақ тумысынан сауатсыз, өркениетке бейім­ді­лігі төмен емес, керісінше табиғи мә­де­ниетке негізделген дүниетанымында адамзаттық деңгейдегі құндылықтар ұялаған, терең білімді игерген халық болатын. Батыстың материалдық құнды­лық­тарға негізделген мәдениеті мен оның артындағы өз өктемдігін орнатуға құ­рылған қарулы күштердің алдында дәрменсіз күй кешкен халықтың ен­ді­гі үміті жаңа заманға бейімделуде ғана тұрған еді. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қараңғылық бұлтын сейілту немесе ояну» деп жүргеніміздің өзі жаңа за­ман­ға бейімделу болатын, бізге басқа жол жоқ еді.

Осының бәрін ой елегінен өткізе келе Ахмет Байтұрсынұлы «Қырық мысал», «Маса» атты еңбектерін жариялады. Мұнда түрлі тақырыптағы мәселелер қамтылды. Мысалы, ынтымақ-бірлік туралы «Аққу, шортан һәм шаян», ойсыз мақтаншақтық туралы «Шымшық пен көгершін», «Емен мен қамыс», күн­шіл­дік туралы «Өгіз бен бақа» секіл­ді аудармалар қазақ қоғамының сол кез­де­гі жағдайына сай таңдалып алын­ған мысалдар болатын. Сол секіл­ді маса болып ызыңдап, халықты ояту мақ­са­тында жазылған «Маса» жи­на­ғын­да да халықты оятып, жаңа заман ұйықтап жатқанды кешірмейтінін және келер ұрпақтың қамы үшін жаңаша түлемесе болмайтынын ескертеді. «Сөз иесінен» атты өлеңінде:

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша,

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?! – деп, тоқтаусыз насихат, үндеу, шақы­ру­лар жүргізе беру керектігін ескертеді.

Ахмет Байтұрсынұлының өткен ға­сыр басында қолға алған басты қар­уы сөз өнері еді. Сөз өнерін ғылыми тұрғыдан саралап, теориялық негіздерін қалады, қолданбалық тұрғыдан халықты жарқын болашаққа шақыру құралына айналдырды. Тіл білімінің негізін қалады, тілді теориялық тұрғыдан жүйелеп, бі­лім мазмұнына енгізді. Қазақ тілінің таза­лы­ғын сақтау үшін орасан зор еңбек етті. Ол өзінің «Өмірбаянында»: «...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жо­лында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақ­тың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртін­шіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген екен. Осы сөздердің бәрі де адал көңілден шыққан, шын ғалымның қалың бұқара алдындағы есебі іспетті.

Ұлт ұстазы қазақ әліпбиінің тамаша үлгісін жасап ұсынды және оны алмағайып заманда барша қазақ баласы өзінің тарихи төл жазуы ретінде қабылдады. Кирилл үлгісіне негізделген қазақ әліпбиі ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап ұсыныла бастаған болатын. Осы қауіптің алдын алу үшін Ахаң араб әліпбиіне негізделген өз үлгісін ұсынды. Өйткені араб әліпбиінде қазақтың тарихы, бір­не­ше жүзжылдықтарға созылған жазу мәдениеті, діні мен ділі тұр еді. Соны қор­ғау үшін бар мүмкіндігін жұм­сап, жан­кештілікпен еңбек етті. Өкі­ніш­ке қарай, бұл жазуды біз сақтап қала алмадық, қазіргі кезде тек Қытай, Иран, Ауғанстан жерін мекендейтін қазақтар арасында қолданылып жүр.

Оның тілдік ұғымдарға берген анық­тамаларының ғылыми тереңдігі, дәл­ді­гі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Сонымен қатар зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз т.б. ол жасаған жүздеген терминдер бүгінгі қазақ тіл білімі және басқа да пәндерге ұлттық сипат беріп тұрған баға жетпес құндылық. Ғалым ретіндегі басқа да ғылыми әлеуетін айтпағанда, осындай ұлы құндылықтарды дүниеге келтіру үшін аса үлкен жүрек және терең па­йым мен парасаттың керек екенін ойша сезі­неміз.

Педагогикалық пайымдары

Халықты ояту мен жаңа заманға бейімдеу ісінің маңызды бөлігі – оқыту ісі. Қазақтың оқусыз көсегесі көгер­мей­тінін өткен ғасыр басындағы барша қазақ зиялылары айтса да, мәселеге кешенді түрде қарап, нақты жүзеге асыру үшін бел шешіп кіріскен Ахмет Байтұрсынұлы екенін ешкім жоққа шы­ғар­майды және де біз бұл еңбегін айрықша бағалауымыз керек. «Ұлт ұстазы» деген атағының өзі атқарған жұмысына сол кезде берілген баға. Ол ұлт болашағын оқудан іздеді. «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін тү­зе­ту­ден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі... Қазақ ішіндегі неше түр­лі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі», деп атап көрсетеді.

Оқу ісі туралы мына ойлары бүгінгі күн үшін де аса маңызды: «Қазақтың оқу жұмысы бұл күнде школада: қазақ балаларының бір парасы орысша оқып жүр, бір парасы ескі молдадан оқып жүр, бір парасы соңғы замандарда ғана жаңа жолмен оқи бастады. Орысша оқығандарды оқыту һәм тәрбиелеу ғылымы оқыған адамдардың қолында. Орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу қажет...» екенін айтады. Қазақ тілінің алдынан шығып жатқан бүгінгі проблемаларды сол кезде, яғни бір ғасыр бұрын болжаған көреген адамды кемеңгер демеске себеп бар ма?! Өйткені ол орыстың тіліне тәуелділікке ұшырауымыз мүмкін екенін, бойына біткен ғайыптан хабар алатын сиқырлы күш арқылы емес, кемел білімімен болжай білді. Басталып келе жатқан замана желінің соңы қайда апарып соғатыны оған айнадағыдай айқын еді. Сондықтан ол қазақша оқуды ұлтты құтқарудың бірінші құралы деп бағалады.

Сондай-ақ ол қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 жылы, синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Сондай-ақ Байтұрсынұлы практикалық құрал ретінде «Тіл жұм­сар», мұғалімдерге арналған «Баян­шы» деген әдістемелік кітаптар жазды. А.Байтұрсынұлы оқулығындағы тілдік санаттарды ұғындыру мақсатында ен­гізген «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдіс­теме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсынұлының ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды.

Түрлі мемлекеттік қызметке араласа жүріп, бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбей қатар алып жүрді. 1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты.

А.Байтұрсынұлының педагогикалық еңбектеріне ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов былай деп баға берген екен: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, сая­сат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Ақаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ақаң мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын... Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды». Қанша атып-шапса да, өртеп, жойса да Ахаңның тұтас ұлттың жүрегіне ұялаған елшілдік ұраны жоғалған жоқ, шыққан күн секілді өзінің нұрлы бояуымен қайта жарқырады. Бүгінгі Қазақстан Республикасындағы оқу орындарында А.Байтұрсынұлының есімін еске алмайтын ұжым жоқ деуге болады.

Экономикалық пайымдары

А.Байтұрсынұлын толғандырған аса маңызды мәселелердің бірі – халықтың әлеуметтік жағдайы, кеңінен алғанда елдің экономикалық ахуалы. Бұл ұлттың бола­шағын айқындайтын негізгі фак­торлардың бірі. Өткен ғасырдың басында қазақ оқығандары білім мен егіншіліктен бөлек, қаржы, экономика мәселелері бойынша да біршама мәселе көтерген. ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында либералды-демократиялық патриоттық бағыттағы көптеген зиялы қауым өкілдері: Әлихан Бөкейхан бастаған А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Шоқай секілді Алаш зиялылары өздерінің ғылыми ең­­бек­терінде қазақ өлкесі дамуының эконо­микалық тарихына да назар аударады. А.Байтұрсынұлының бұл бағыттағы еңбектерінің бірі, сол заманда қазақтың қабырғасына батып тұрған жер мәсе­лелері бойынша жазғандарынан, аудармаларынан көрінеді. «Қазақ жерін алу турасындағы низам» атты еңбегінде (аударма) ол былай деп жазады.

«Қазақ пайдасындағы жерлерді алады, қыстауларынан көшіріледі, қай жөн­мен алып, қай орынға көшіреді – оны қазақ білмейді. Жоғарғы хакімдердің қазақ жері турасында шығарған низам, бұйрықтары болса да, ол бұйрықтарды мұндағылардың қайсылары орнына келтіріп, қайсылары орнына келтірмейді. «Қазақ жол ретін білмейді», дейді де, біреулері жолменен істемей, жосып, бетімен кетеді», деп қазақтың жер туралы мұңын баяндай келе, былайша түйеді: «Жалпақ жұрттың бəрі болмаса да, жалғыз-жарым азы да болса, пайдаланар деген ниетпен қазақтың жерін алу турасындағы шыққан низам, бұйрықтарды қазақшаға аударып, бірте-бірте жұрттың құлағына тигізбек ойым бар».

Қазаққа жер – тұрақ, мекен, күнкөріс, тіршілік көзі. Бар байлығы жермен байланысты халықтың басына туған қиыншылық біріншіден, отаршылдық пиғылдан келсе, екіншісі – қазақтың өз құқығын жоқтай алатын сауатының болмауынан. А.Байтұрсынұлы қолға алған үлкен бастаманың бірі – сол кезде қалыптасқан жағдайға орай халықты экономикалық сауаттандыру болды. Осы мақсатта жазылған «Земство», «Жер жалдау жайынан», «Көшпелі һəм отырықшы норма» секілді еңбектері қазақтардың жер иелену жағдайына байланысты жазылған. Жаңа талаптарды түсінбей, жер турасында кетіп жатқан кемшіліктер мен жерге ие болудың жолдары көрсетіледі.

А.Байтұрсынұлының жан алып, жан беріскен осындай шақтағы еңбегін С.Сейфуллин былайша бағалайды: «...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уезд, губерния соттарына күш салып, тілмаш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қыл­ды. Халықтың арын іздеп, өзінің ойға ал­ған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті».

Жер иеленудің өзіндік дәстүрлі үл­гі­­сімен жүздеген, мыңдаған жылдар бойы өмір кешіп келе жатқан қазақ үшін жаңа талаптарды қабылдап, байыбына барып болғанша біршама уақыт керек еді, алайда отаршыл билік жүйесінде күтіп тұратын ондай «уақыт» болған жоқ, салдарынан қарапайым жұрт аса үлкен зардап шекті. Осы тұста қарлығаш қанатымен су сеуіп шырылдаған Ахаң­ның еңбегі аса сауатты жанның әре­ке­тін көрсетеді. Қазақ үшін қолайсыз заңның қолайлы жақтарын жан-жақты түсіндіреді, жерге ие болудың жолдарын анықтап береді. Сонымен қатар ел ішіндегі жеке бастың қамы үшін мұ­жықтарға жер сатып, салдарынан қа­ра­па­йым халықты сорлатып жүрген кей адамдардың қылығын күйіне жазады.

А.Байтұрсынұлы экономикалық, құқықтық жағдайларға байланысты бір­шама мәселе көтерді. Ол көтерген мәсе­лелердің біразы орындалды, біра­зы керісінше, өзіне қырсық болып жа­бы­сып, таяқ болып тиді. Ақыр со­ңын­да 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсынұлын қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Орынборда тұрғанда ұлт мүддесіне сәйкес келетін біршама қоғамдық-саяси жұмыстарды жүзеге асырды. Осында ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ барша қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, 1913-1918 жылдары тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білім мен экономика, оның ішінде сауда-саттыққа және кәсіпті меңгеру үшін де білімді болуға шақырды. Осылайша, айдауда жүрсе де, өз өмірін арнаған ұлт мүддесіне деген көзқарасынан жа­ңыл­май, мақсатына жетуге әрекеттене берді.

Кемел адам өзгелер сөксе де, айып­та­са да, өсек-өтірікті қарша боратса да, тіпті жалаға тап болса да, аузын ашып ешкімге артық сөз, жағымсыз жауап қатпады. Кемел адам өзгенің кемшілігін көретін емес, керісінше жасыратын адам. Ахаңа қанша жала жабылса да, өмірден қазағым, Алашым, елім деп өтті. «Өзің мәңгі емес, атың мәңгілік. Атың мәңгі болса, затың – мәңгілік», деп Жүсіп Баласағұн айт­пақ­шы, Ахаң қазақ халқына, жас­тар­ға пайдасы тисін деп басын қауіп-қатерге тікті. Осындай ерлігі үшін ол халық жадында мәңгі сақталады.

 

Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

педагогика ғылымдарының докторы,

математика профессоры