Әлемдік деңгейдегі баспа туындыларына сай «АМАNАТ» журналы мен 200 томдық кітап шығарудағы игі бастама елімізде жүзеге аса бастағаны мәлім. Өзіндік ерекшелігі мол осынау игілік Алматы облысында да жалғасып, «Жетісу кітапханасы» айдарымен былтырғы жылы жарық көрген алғашқы 8 кітаптың тұсаукесер рәсімі Талдықорғанда өтті.
«Жетісу кітапханасы» – біздің аймақтың ғана емес, қазақ руханиятының дамуына кеңінен ашылған жол деп бағалаймыз. «Жетісу кітапханасы» біз сағына тосқан бабалар үні, бабалар ойы, бабалар аманаты», депті Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов кітапқа жазған алғы сөзінде.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаламгерлер қауымы елдігімізді сақтауға, Тәуелсіздікті ел санасына ұялатуға, азаттық ұғымын ел санасына бекітуге абыройлы еңбек етіп, мәдени өрлеу мен рухани дамуға зор үлес қосып келеді. Бүгінгі кітап мерекесін сол игіліктің бір айғағы дей отырып, Алматы облысы әкімінің қолдауымен Жетісу жерінен шыққан Қазақстан Жазушылар және Композиторлар одағы мүшелерінің, жалпы өңір тарихын зерттеп, өзіндік құндылықтарын бүгінгі ұрпаққа паш етуге үлес қосқан тұлғалардың еңбектері мен естелік кітаптары 2006 жылдан бері жарыққа шығып, 215 автордың кітабы жалпы ұлт болып оқитын кітаптардың тізіміне енгеніне ризашылығымды білдіремін, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Мұқанов.
Негізі Сүйінбай Аронұлының «Бөрі басы ұраным», Шоқан Уәлихановтың «Тәңірі», Жамбыл Жабаевтың «Жапанға біткен бәйтерек», Ілияс Жансүгіровтің «Дала», Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы», Мұқағали Мақатаевтың «Көшеді өлең немесе өшеді өлең», «Біреу», «Жиырма бір ғасыр ДАЛА ЖЫРЫ» атты кітаптары оқырмандарына жол тартты. Өз кезегінде сөз алған осынау құндылықты жинақтаушы жазушы Роллан Сейсенбаев, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Рахмет Есдәулетов және зиялы қауым өкілдері рухани байлығымыз кітап қорының толыққан үстіне толыға түсуін жақсылықтың әрі әлемдік өркениетке ұмтылудың бір жолы деп те бағалап, тұшымды ой, салиқалы пікірлерін ортаға салды.
Түйіндей келе баса айтар бір жайт бұл туындылардың жылжыған жылдармен бірге әр ұрпақ кәдесіне жарауы, яғни ұқыпты сақталуы, тағдыры кітапхана қызметкерлерінің жауапкершілігіне жүктелері хақ. Сонымен қатар, дәл осындай кітап әлеміне қатысты игі шаралардың ұйытқысы болып жүрген Алматы облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы әмбебап кітапхананың басшысы Мақпал Нұрғалиева, қызметкерлері Бақтылы Жұмабекова, Гүлжан Құсайынова, Құралай Алтынбекованың еңбектерін елеген ләзім. Сөйтіп, Жетісу жерінде де кітап мерекесі оқырмандар қуанышына айналды.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.