Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің шекемтас өндіру цехындағы екі күйдіру машинасы жаңғыртылып, қайта іске қосылды. Жабдықтың жұмысы 6 ай тоқтап тұрған болатын. Қалпына келтіру жұмыстарына 1 жыл кетті. Жобаға жұмсалған инвестиция көлемі шамамен 3 млрд теңгеге тең.
Шекемтас өндіру цехында бұрын 8 күйдіру машинасы бар болса, енді олардың саны 10-ға жетіп отыр. Жаңғырту жұмыстары қос жабдықтың жұмыс қуатын қалпына келтіріп, өнімділігін арттырыпты. Атқарылған жұмыс көлемі ауқымды. Қалпына келтіру бағдарламасы №9 және №10 күйдіру машиналарын ғана емес, сонымен қатар іске қосылған күйдіру, күйдіру-сұрыптау технологиялық учаскелерін де қамтыпты. Жалпы, жөндеу жұмыстары құрылыс, механикалық және электр бағыттарында жүрген.
– Жабдықтың техникалық жай-күйі өнімділікке тікелей әсер етеді. Жөнделген күйдіру машиналары сағатына шамамен 93 тонна күйдірілген шекемтас өндіретін болды. Консервациядан бұрын аталған көрсеткіш 84 тоннадан аспайтын. Жабдықты жөндеу негізгі технологиялық және қосалқы жабдықтарда қатар жүргізілді. Жаңа электр қозғалтқыштары, өрт сөндіргіштер мен тартқыш қондырғылардың жетектерін іске қосу және басқару жүйелері орнатылған. Жоғары вольтты желі толығымен ауыстырылды. Қазір машинаның өніміділігі жоғары, шығыны төмен. Жақсы жұмыс істеп тұр, – дейді Өнеркәсіп кешені техникалық бөлімінің жылу-техника инженері Максим Карев.
Қайта құру өндірістік алаңдардың жарықтандыру жүйесіне де әсер етіпті. Қызметкерлер жүретін жолдарға қуат үнемдейтін шамдар орнатылған. Кеңістік неғұрлым жарық болса, соғұрлым қауіпсіз және қызметкерлердің денсаулығына зиян келтірмейді. Жаңғырту жолындағы тағы бір қадам – күйдіру машинасының жұмысы кезінде адами факторды азайтатын технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу. Барлық процесс параметрлері бар күйдіру машинасының «Жанды моделі» оператор бөлмесінде орнатылған компьютер мониторында ұсынылған. Жүйе бірлестіктің өндірістік жағдайларына бейімделген және күйдіру машинасы жабдықтарының барлық кешенінің жұмысын тұрақтандыруға бағытталған.
– Басқару пультінің операторлары тәулік бойы жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – бақылау-өлшеу аспаптарының көмегімен темір кені шекемтастарын күйдіру. Технологиялық процестегі негізгі параметрлерден ауытқу кезінде оператор оларды жою үшін жедел шаралар қабылдайды. Тұтынушылардың талаптарын қанағаттандыратын сапалы шекемтас шығару – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіндегі шекемтас өндіру цехының негізгі міндеті. Күйдіру машиналарын күрделі жөндеу өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болады. Сондықтан кәсіпорын шығарылатын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, негізгі технологиялық жабдықтың өнімділігін арттыруға және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған жобаларға тұрақты инвестиция құйып келеді, – дейді Максим Карев.