• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2022

Оқушылардың ораза ұстағаны олқылық па?

603 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, мектеп мұғалімдерінің whatsapp тобында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселе жиі талқыланып жатыр. Құрсағыңды аш қойып, құран оқып, құлшына құлшылық қылатын қасиетті айдың қадір-қасиетін, Пайғамбар үйреткен парасатты жолдың парызы мен сүннетін партадағы оқушы қаншалықты түсіне алады?! Алланың айрықша әспеттеген, елшісінің ерекше ескерткен он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазанның рақым нұрынан әркім де дәмелі, үлесінен үмітті. Сауабынан құр қалып, сан соғуды қаламайтыны анық. Дейтұрғанмен оның шариғат бекіткен шарты барын естен шығармаған абзал.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­­қар­масы оқушылардың ораза ұс­тауына қатысты түсіндірмесін жария­­лап, оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүк­тел­ген жауапкершілігіне нем­­құ­рай­ды қарауына болмайтынын мә­­лім­д­еді.

«Әлеуметтік желілер мен мектеп мұғалімдерінің whatsapp топтарында ораза ұстаған оқушылардың оқу үлге­рі­мі мен денсаулығына қатысты мәселе талқылануда. Осыған орай әлеуметтік желі қолданушылары мен ата-аналар тарапынан Қазақстан мұ­сыл­­мандары діни басқармасына жас балалардың ораза ұстауына қатысты сауалдар келіп түсуде. Осыған байланысты ҚМДБ төмендегі ақпараттық түсіндірмені қа­перлеріңізге салады: Біріншіден, шари­ға­тымыз бойынша балиғат жасына жет­пеген жас ба­ла­ға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­­сын) былай деген: «Үш адамнан қа­­лам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз. Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-ана­ларға осы мәселеге аса кө­ңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құл­­шылық, оның ішінде ораза то­­лыққанды білім алуға, тия­нақты жұ­мыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзі­не жүктелген жауапкершілігіне нем­­­­құ­райды қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұс­тау­ға мәжбүрлемеуді сұраймыз», де­лін­ген ҚМДБ таратқан ақпаратта.

Ал нейропедиатр Гүлдана Шой­бе­ко­ва баланың бір ай ас-су­дан тыйыл­уы ден­саулыққа пайдалы екенін айтады. Бірақ ораза ұстар ал­дында әр бала меди­ци­налық тексеруден өтуі керек дегенді алға тартады.

«Дәрігер ретінде айтарым, егер бала­ның денсаулығы жақсы болса, ора­за ұстауда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, пайдалы. Қазір біз сигр, сибр деген диаг­нозды екінің біріне қойып жатырмыз. Бұл – ішек ауру­лары. 5-12 жас аралығында көп кездеседі. Бүгінгі таңда та­мақтану үрдісі қатты өзгеріп кетті. Бұл содан пайда болатын ауру. Айран, сүт, йогурт барлығына қант қосылады. Бұдан бөлек балалар тәттіні көп жей­ді. Соның кесірінен аурушаң ба­ла­лар көп. Ал ораза ұстаса, тым бол­мағанда бір ай болсын асқазаны, ағза­сы тәттіден тазарып қалатын еді», деді маман.

Еліміздегі Балалар құқықтары жө­­нін­­дегі уәкіл Аружан Саин бала­ның қалыпты түрде өсуіне дұрыс тамақ­тану маңызды орын алатынын жеткізді.

«Балаларға келсек, олар жет­кі­лікті дәрежеде, жоғары сапада та­­мақтануы керек. Сол арқылы бү­кіл қажетті дә­ру­­мен­ді – ақуыз, май, көміртегі, дәру­мен, энергия­ны сіңіруі қажет. Ол бо­йы­ның, ақы­лының, жалпы, ағзасының сау болып дамуына аса маңызды рөл атқарады. Сол үшін де Қа­зақ­стандағы Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде «Барлық оқу­шыға тегін тамақ!» ре­формасын ұсы­нып жүрмін», деді А.Саин.

Оның сөзіне қарағанда, әлемдегі жүзден аса елде бұл мәселе әлдеқашан шешілген. Қазақстан да сол тізімде болуға тиіс.

«Мектеп жасы 6-17 жас аралығын қамтиды. Нақ сол кезде балалардың бойы өсіп, сүйек қаңқасы, бұлшық еті ұлғайып, сондай-ақ зат алмасуы, эндокриндік жүйе қызметі, миы күр­делі түрде қайта қалыптасады. Бұл олардың түпкілікті есейіп, адам ретін­де қалыптасқанын білдіреді. Ақпа­рат ағынының көбеюі, мектеп бағ­дар­ла­ма­сының қиындауы, сосын қосымша білімнен санасына көп күш түседі», деді уәкіл.

Ес біліп, етек жинамаған баланың еліктегіш келетінін ескерсек, ер аза­мат­­тың елге елеулі, ерке қыздардың ибалы болып өсуіне ең бірінші әке-ше­шенің жауапты екені белгілі. Осы ретте Рая Бисембаева есім­­­ді ата-ана ба­ла­ның қоршаған қо­ғам­­дық ортада қалып­та­суына отбасы мү­­шелері тікелей әсер ететінін алға тар­тады.

«Балаларында ораза ұстау арқылы кешірілетін күнәсі болса, ата-ана­сы­­ның тәрбиесінен үлкен қате­лік кеткені. Мектеп жасындағы оқу­шы­ны періште деп қабылдаймыз. Олар білім­­дерін алуы, ата анасы соған ық­пал ету керек. Егер ораза ұста­са, са­­бақ­тарын толық оқып, мейі­рімді, еш­кімді ренжітпей, өздері де сергек отыр­ғаны абзал. Себе­бі мек­тептің қандай орын екенін адал­дық­пен түсіне білгені дұрыс. Егер бала мектепті ораза кезінде демалып, уа­қы­тын өткізіп кететін орын деп есептесе, онда босқа денсаулықтарын құр­тып, уақыттарын жоғалтып жүр», дейді ол.

Мақаламыздың мәні біреуді кем­сі­ту емес, керісінше, кемшілікті кеңі­нен талқылау. Жан-жақты саралау. Оқу­шылардың олқылықтарын тү­зе­ту. Сауапты ойлайтын, сабақты қой­май­тын, сауатты оқушылардың саны артса дейміз.