• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Президент 14 Сәуір, 2022

Мемлекеттік аппараттың жұмысы бюрократиядан арылады

1712 рет
көрсетілді

Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлық шықты. Egemen.kz жарлықтың толық мәтінін жариялайды.

Мемлекеттік аппаратта шешімдер қабылдаудың тиімділігі мен жеделдігін арттыру, атқарушы биліктің қызметін заңнамалық тұрғыдан артық регламенттеуді болдырмау, құжат айналымы мен есептілікті қысқарту, мемлекеттік органдар басшыларының дербестігі мен дербес жауапкершілігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Бюрократиядан арылтудың мынадай қағидаттары айқындалсын:

1) мәннің нысаннан басымдығы – нәтижеге қол жеткізу бойынша жұмыс нысанынан нақты және өлшенетін нәтиженің басым болуы;

2) бастапқы бойынша цифрландыру – мемлекеттік органдардың азаматтармен, бизнеспен және бір-бірімен цифрлық форматта жан-жақты өзара іс-қимыл жасауының басымдығы;

3) басқарушылық жауапкершілік – нақты басшының құзыреті аясына кіретін шешімдерді қабылдау мен мәселелерді келісуді жоғары тұрған деңгейге және алқалы органдарға беруге жол берілмейтіні;

4) үздіксіз жетілдіру – мемлекеттік аппараттың бюрократияны қысқартуға, жүйелі реинжинирингке және ішкі рәсімдер мен процестерді оңтайландыруға ынталандыратын ұйымдастырушылық мәдениетін қалыптастыру және қолдау;

5) регламенттеудің оңтайлылығы – мемлекеттік органдардың қызметтерін регламенттеудің оңтайлы қажетті деңгейін белгілеу, жеткілікті түрде негізделмеген жаңа бюрократиялық талаптарды, есептілік пен бақылау түрлерін енгізуге жол бермеу.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзекті сын-қатерлерге, форс-мажорлық мән-жайларға және дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою үшін құзыреттерін, функциялары мен өкілеттіктерін заңнамалық деңгейде артық (шамадан тыс) нақтыламай, жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құқығын мемлекеттік органдарға беруді, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде мемлекеттік тіркеусіз қабылдаудың ерекше тәртібін енгізуді қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 1 желтоқсанға дейін Президент жанындағы Қазақстан Республикасындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның қызметі шеңберінде мерзімдер мен кезеңдерді екі есеге жалпы қысқартып, бюджет және норма түзушілік процестерінің кешенді реинжинирингін қамтамасыз етсін.

4. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда цифрлық трансформацияны және бизнес-процестердің реинжинирингін үйлестіруге, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттандыру объектілерінің интеграциясы мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға жауапты болып айқындалсын.

5. Мемлекеттік органдардың ішкі және ведомствоаралық өзара іс-қимылы шеңберінде тиісті мемлекеттік органдардың мемлекеттік ақпараттандыру объектілерінде орналастырылған ақпаратты мәліметтердің анықтығын, теңтүпнұсқалығын және өзектілігін қосымша растаусыз пайдалану қажеттілігі айқындалсын.

6. Мемлекеттік ақпараттандыру объектілерінде орналастырылатын мәліметтердің анықтығы мен өзектілігі үшін және анық емес мәліметтерді пайдалануға байланысты шығасылар үшін толық жауапкершілік тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына жүктелсін.

7. Қазақстан Республикасының Үкіметі 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Smart Data Ukimet» мемлекеттік ақпараттық-талдамалық жүйесінің базасындағы және өзге де мемлекеттік ақпараттандыру объектілеріндегі есептер мен көрсеткіштердің барлық түрлерін (салалық деректер) жүйелесін.

8. Мемлекеттік органдардың «Smart Data Ukimet» мемлекеттік ақпараттық-талдамалық жүйесіндегі және өзге де мемлекеттік ақпараттандыру объектілеріндегі қолжетімді мәліметтерді сұратуына және беруіне, сондай-ақ осындай сұрау салуларға жауап беруіне тыйым салынсын.

9. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі үш ай мерзімде:

1) тиісті құқықтық актілерді қайта қарауды қамтамасыз ете отырып, ішкі бизнес-процестерге кешенді реинжиниринг жүргізсін;

2) Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшылығының қолданыстағы бақылаудағы тапсырмаларына қосарлануы және өзектілігі тұрғысынан жаппай ревизия жүргізсін;

3) құпиялылық грифі және «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар құжаттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын қағаз жеткізгіштерде енгізу, оларға виза қою және әр парағына қол қою жөніндегі талапты алып тастауды қамтамасыз етсін.

10. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) екі ай мерзімде: Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарларының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшылығының қолданыстағы бақылаудағы тапсырмаларына қосарлануы және өзектілігі тұрғысынан жаппай ревизия жүргізсін;

Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың санын екі есе қысқартуды қамтамасыз етсін;

азаматтар мен бизнес неғұрлым талап ететін өмірлік және іскерлік жағдайларды қосып, олардың реинжинирингі мен автоматтандырылуын қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізілімін қалыптастыру тәсілдерін қайта қарасын; азаматтармен коммуникация және ведомствоаралық жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында ашық кеңестер өткізу үшін қолжетімді онлайн-сервистерді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етсін;

Үкімет Регламентін және басқа да нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде: заңнамалық актілерді, Президенттің актілерін, сондай-ақ құпиялылық грифі және «қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар құжаттарды қоспағанда, құжаттарды қағаз түрінде енгізудің, оларға виза қоюдың және әр парағына қол қоюдың күші жойылуын;

егер нормативтік құқықтық актілердің жобалары, Парламент депутаттарының түзетулеріне және олар бастамашылық жасаған заң жобаларына және келісуді талап ететін өзге де құжаттарға Үкіметтің қорытындылары бойынша жауап белгіленген мерзімде ұсынылмаса, оларды «бастапқы бойынша келісу» тәртібінің енгізілуін; ескертулері бар нормативтік құқықтық актілердің жобаларын Премьер-Министр Кеңсесіне енгізуге тыйым салудың күші жойылуын;

нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісу және олар бойынша Премьер-Министр немесе оның орынбасарлары деңгейінде мәселенің мәні бойынша нақты шешімдер қабылдау кезінде мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушіліктерді бес жұмыс күні ішінде қараудың міндеттілігін;

Үкіметтің және басқа да мемлекеттік органдардың айрықша құзыретіне жататын қызметтің ағымдағы мәселелері бойынша құжаттарды, сондай-ақ мемлекеттік органдардың мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала пысықтамай, мәселені мәні бойынша шешуді талап ететін ұсыныстарын Президент Әкімшілігіне енгізуге тыйым салудың енгізілуін;

Президенттің, Премьер-Министрдің, Мемлекеттік хатшының, Президент Әкімшілігі Басшысының және Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының тікелей тапсырмаларын қоспағанда, орындалу мерзімі екі жұмыс күнінен аз сұрау салулар мен тапсырмаларға тыйым салудың енгізілуін;

Премьер-Министр Кеңсесінде құжаттарды қарау мерзімдерінің екі есеге қысқартылуын;

актілердің жобаларын және кеңестердің хаттамаларын, сұрау салулар мен тапсырмаларды қарау құзыретіне тікелей кірмейтін мемлекеттік органдарға оларды жіберуге, осындай құжаттарды қараусыз қайтару мүмкіндігін бере отырып, тыйым салудың енгізілуін;

мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының ұйымдастырушылық-техникалық сипаттағы құжаттарға қол қою, сондай-ақ ведомствоаралық кеңестерге қатысу және онда мемлекеттік органның ұстанымын білдіру құқығын мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің жекелеген басшыларына беру мүмкіндігін;

мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жетекшілік ететін орынбасарларына бірінші басшылардың шешімі бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісу құқығы берілуін;

мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін атқарушының қолымен бұдан бұрын енгізілген хат-хабарға мемлекеттік органның бірінші басшысының қайтадан қол қоюы және Премьер-Министр Кеңсесіне енгізу жөніндегі талаптың алып тасталуын;

орталық мемлекеттік органның жаңа бірінші басшысының тағайындалуына байланысты нормативтік құқықтық актінің жобасын қайта келісуге тыйым салудың енгізілуін;

биліктің заң шығару және сот тармақтары органдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен хат алмасуды, сондай-ақ Ұлттық архив қорына жататын құжаттарды қоспағанда, қызметтік электрондық поштаның орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін коммуникация мен ақпарат алмасудың ресми құралы ретінде пайдаланылуын;

Үкімет отырыстары мен Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдар отырыстарының, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасарлары мен Премьер-Министр Кеңсесі басшылығының басқаруымен өткен кеңестердің хаттамаларын қатысқан мемлекеттік органдармен келісу қажеттілігін жоя отырып, оларға қол қою мерзімінің үш күнге дейін қысқартылуын қамтамасыз ете отырып, қайта қарасын;

2) 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін: мемлекеттік ақпараттандыру объектілерінде қамтылған азаматтар мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді түзетудің оңайлатылған тетігін қамтамасыз етсін; кеңсе қағазына және онымен байланысты тауарларға арналған бюджет шығыстарын үш есеге қысқартуды қамтамасыз етсін;

сақтау мерзімін көрсете отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметінде жасалатын үлгілік құжаттардың тізбесін оңтайландырсын;

мемлекеттік ақпараттандыру объектілерін құру және (немесе) дамыту мерзімінің алты айға дейін қысқартылуын қамтамасыз етсін;

кеңестерді белгілеу мен өткізудің негіздерін нақты регламенттеу бойынша, оның ішінде барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдар үшін кеңестерді жоспарлау мен жүйелеу жөнінде бірыңғай цифрлық шешімді енгізуді, сондай-ақ кеңестерді бейнеконференцбайланыс және қолжетімді онлайн-сервистер арқылы өткізудің басымдығын қамтамасыз ете отырып, шаралар қабылдасын;

нормативтік құқықтық актілер жобаларының «Ашық НҚА» интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарламаларды Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне, қоғамдық кеңестерге жіберу рәсімінің автоматтандырылуын қамтамасыз етсін;

орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жұмысы тиімділігінің көрсеткіштері ретінде Қазақстан Республикасы Ұлттық даму жоспарының Стратегиялық көрсеткіштер картасында бекітілген декомпозицияланған индикаторларды пайдалана отырып, олардың Президент Әкімшілігімен және Үкіметпен жасалатын меморандумдарының институтын, сондай-ақ Премьер-Министр мен Президент арасында меморандумдар жасасу практикасын жойсын;

орталық мемлекеттік органдардың саяси қызметшілерін және «А» корпусының әкімшілік қызметшілерін мемлекеттік ақпараттандыру объектілерімен қашықтан жұмыс істеуге арналған құрылғылармен қамтамасыз етсін; 3) 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін:

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «E-қызмет» ақпараттық жүйесінің базасында мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толықтай цифрландыруды, сондай-ақ оны барлық мемлекеттік органдарда енгізуді және кеңінен таратуды қамтамасыз етсін;

мемлекеттік аппараттың бір құжат жобасымен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі беріле отырып, қызметтік хат-хабардың өтуін оңтайландыру, тапсырмалардың қосарлануын болдырмау, құжат айналымы бойынша талдамалық есептерді жедел қалыптастыру бойынша цифрлық шешімдері бар бірыңғай орталықтандырылған бұлтты құжат айналымына көшуін қамтамасыз етсін;

«қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар құжаттардың электрондық форматқа көшірілуін қамтамасыз етсін;

«E-заңнама» ақпараттық жүйесінің заң шығару процесі модулінің өнеркәсіптік пайдалануға енгізілуін қамтамасыз етсін;

орталық мемлекеттік органдардың бірыңғай бухгалтерлік есепке алу ақпараттық жүйесінің енгізілуін қамтамасыз етсін;

4) күнтізбелік жыл ішінде «E-Otinish» жүйесін жеке және заңды тұлғалар жолданымдарының барлық түрлерін қабылдау үшін «бір терезе» ретінде институцияландыруды қамтамасыз етсін.

11. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп:

1) мемлекеттік қызметшілер арасында мемлекеттік аппарат қызметін жетілдіру жөніндегі үздік жобаға арналған конкурсты жыл сайын өткізуді қамтамасыз етсін;

2) мемлекеттік қызметтің жай-күйін мониторингтеу және мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын қоғамдық мониторингтеу рәсімдері шеңберінде жыл сайын бюрократиядан арылту жөніндегі сұрау салу жүргізуді қамтамасыз етсін.

12. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік органдарды бюрократиядан арылту және олардың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарды жинау үшін тұрақты жұмыс істейтін онлайн-ресурсты іске қосуды қамтамасыз етсін. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар және Мемлекеттік қызмет істері агенттіктері Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, онлайн-ресурсқа түсетін ұсыныстарға тұрақты негізде талдау жүргізсін.

13. Қазақстан Республикасының Үкіметі заңнамалық актілерге нормалардың заңнамалық жағынан артық (шамадан тыс) регламенттелуі тұрғысынан ревизия жүргізсін, оларды Үкімет немесе мемлекеттік органдар жеделділік мақсатында заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде айқындауға тиіс.

14. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша мониторинг пен талдауды, оның ішінде мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін зерделеп, сондай-ақ олардың нәтижелерін жартыжылдық негізде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізе отырып, қамтамасыз етсін.

15. Қазақстан Республикасының Үкіметі он жұмыс күні ішінде осы Жарлықты іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітуді қамтамасыз етсін.

16. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

17. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

18. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 13 сәуір

№ 872