Алматыда қазақ ән әлемінің падишасы, КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағлановаға ескерткіш орнатылды. Еңбек жолының елеулі кезеңі өткен Жамбыл Жабаев атындағы мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдынан бой көтерген ескерткіш – әйгілі әншінің 100 жылдық мерейтойына лайықты тарту.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына шаһар басшысы Ерболат Досаев, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымов, әншінің туыстары – ұлы Тәжен мен Марал Бағлановтар қатысты.
«Біздің ұлы әншіміз Роза Бағлановаға ескерткіш орнату – оның мұрасын құрметтеу және есте сақтау. Ол музыка өнерінің шырқау биігіндегі жарық жұлдыз болды. Оның ерекше дауысы мен таланты халқымыздың баға жетпес құндылығына айналды. Әншінің сүйікті қаласы – Алматыда 100 жылдық мерейтой аясында Роза Бағланованың есімін мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш орнатқанымызға шексіз қуаныштымыз», деді Ерболат Досаев. Қала әкімі бірнеше буын ұрпаққа өнерімен үлгі болып, аты аңызға айналған әншінің қазақ халық музыкасы мен Қазақстан композиторлары шығармашылығын дамытуға және насихаттауға қосқан баға жетпес үлесін кеңінен атап өтті.
Қазақ өнеріне қайталанбас із қалдырған тарихи тұлғаның ескерткіші композициялық шешімінің шымырлығымен көз тартады. Қола және граниттен жасалған ескерткіштің биіктігі – 4,8 метр. Авторлары – Д.Ағзамов, У.Ақжолтай, А.Жамхан, А.Қабыл. Үлкен шығармашылық өрлеудің ізі байқалатын талантты мүсіншілердің туындысында күлімдеген жүзіне бүрмелі көйлегі мен оюлы бешпенті, үлпілдеген үкілі тақиясы жарасқан күміс көмей әнші дәл осы сәт сахнада «Ах, Самара городок» әнін сызылта салып тұрғандай әсер қалдырады. Тастұғырдың үстінен тұтас бір дәуірдің ұлттық бейнесі төніп тұрғандай. Сахнаны серік еткен саналы ғұмырында қазақтың ұлттық киімі мен сән-салтанатын насихаттап өткен ұлтжанды әншінің образынан күллі халқымыздың болмысы мен өмір салтының аңғарылып тұруы – биік шеберліктің жемісі. Әсем Алматының әрін кіргізген әнші мүсіні жиырмадан астам жобаның ішінен үздік деп танылып, ашық байқау нәтижесінде таңдалып алынған.
Жылдар өткен сайын ерекше дарын иесіне сағынышы үдей түскен ел-жұртының құрметі кешкілік Республика сарайында өткен «Ақмаңдайлым» атты мерекелік концертпен жалғасын тапты. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері мен танымал әншілердің орындауында Роза Бағланованың репертуарындағы белгілі әндер шырқалып, деректі фильм көрсетілді. Әйгілі әжесінің құрметіне Үрбибі деген есімді иеленген немересі ән салып, Бағлановтар әулетіндегі өнер сабақтастығы ешқашан үзілмейтінін балғын үнімен бір байқатты. Сағынышқа толы сазды кеш саф өнер мен сұлулықтың символындай болған халықтың сүйікті қызына көрсетілетін құрмет пен тағзымның мәңгі толастамайтынын сезіндіре түсті.
АЛМАТЫ