Елімізде чех троллейбустары мен электробустары құрастырылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Kazakh Invest ұлттық компаниясының мәліметінше, Škoda Transportation және Elektrotechnika компанияларының өндірістік қуатын Қазақстанда орналастыру мүмкіндігі талқыланды.
Кездесуге Škoda Transportation өңірлік директоры Роман Соркин мен Elektrotechnika бизнесті дамыту жөніндегі директоры Либор Новак қатысты. Қос компания да инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.
Kazakh Invest ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов машина жасау саласындағы инвестициялық жобаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.
«Чех компаниялары стратегиялық және технологиялық инвесторлар ретінде Қазақстанда троллейбустар мен электробустар өндірісін оқшаулау мүмкіндігін зерделеп жатыр», делінген хабарламада.
Чех компанияларының өкілдері Алматы мен Нұр-Cұлтанға барып, әкімдіктерде кездесу өткізген.
Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына да барған.
Айта кетейік, Škoda Transportation – компаниясы метро, трамвайлар, троллейбустар, теміржол вагондары, электр пойыздары және электр автобустары сияқты көлік түрлерінің жетекші еуропалық өндірушілерінің бірі.
Elektrotechnika метро мен темір жол көлігіне, трамвай және троллейбус желілеріне арналған әртүрлі типтегі тартқыш жүйелердің ірі өндірушісі ретінде танымал.