• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Сәуір, 2022

«7-20-25»: 42 мыңнан астам қазақстандық үйлі болды

203 рет
көрсетілді

Қазақстанда «7-20-25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасын іске асыру жалғасып келеді. Ипотекалық бағдарлама белгіленген лимит – 1 триллион теңгеге жеткенге дейін жұмыс істемек, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгінгі таңда жоспарланған 1 триллион теңгенің 534 миллиард теңгесі берілді. Демек, «7-20-25» бағдарламасының әлі 466 миллиард теңге резерві бар.

«Қазақстанның тұрақты даму қоры» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, «7-20-25» бағдарламасы бастапқы, пайдалануға берілген тұрғын үйді сатып алуға ғана несие береді. Ең көп ипотекалық қарыз Нұр-Сұлтан қаласында берілді. 212,2 млрд теңге сомасына 14 232 кредит. Алматыда - 127,5 млрд теңге сомасына 8 912 кредит, Шымкентте – 33 млрд теңге сомасына 2 843 кредит берілді.

Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, азаматтардың көпшілігі ақшаны үнемдеу үшін және таңдау көп болғандықтан құрылысы аяқталмаған тұрғын үйді брондауды қалайды.

«Осы тұста өте мұқият болу керек. Кейбір құрылыс компаниялары сатып алушылардың ақшасын жинап алу мақсатында Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының талаптарына сәйкес келмейтін тұрғын үй сатып алудың әртүрлі схемаларын ұсынады. Тұрғын үй сатып алудың бұл жолында ақша жоғалту қаупі бар. Осыған байланысты, азаматтардан әр қадамын таразылап барып қана, шешім қабылдауын сұраймыз», делінген хабарламада.

Ипотекалық бағдарламаның талаптарында баға лимиті белгіленген. Сатып алынатын тұрғын үйдің бағасы Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңы аймақтарын қоса алғанда), Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында 25 миллион теңгеден, Қарағанды қаласында 20 млн теңгеден және қалған өңірлерде 15 млн теңгеден аспауы тиіс.

«7-20-25» бағдарламасы халықтың барлық санаттарына арналған. Атында тұрғын үйі жоқ, басқа ипотекалық несиелері жоқ, еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметтен ресми түрде расталған кірісі бар елдің кез келген азаматы ипотека ала алады.